Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақ» газетіндегі киіз үй логотипінің астарында қандай мән-мағына жатыр?

21:07, 13 сәуір 2024 621

Алаш Ордасының һәм Орда комитеттерінің мөр, штампел бланкаларын жасату туралы сөз болғанда, Алаш Ордасының мемлекеттік гербі (таңбасы) қандай болу мәселесі қозғалды, бірақ шешілмей қалды. Әр мемлекеттің, әр гүберне һәм облыстың өзіне арнаулы гербі бар. Таңбасына қарап қай елдің аты екенін тануға болады, гербіне қарап қай мемлекеттің нәрсесі екендігін білуге болады. Елдің ру таңбасында қандай мағына болса, гербте де сондай мағына бар. Алаш аутономиясына Алаш ұлы болып кіріп отырғанда Алаш Ордасының гербі болуға ру таңбалары да, облыс гербтері де жарамайды. Алаш Ордасының гербі ру таңбаларынан да, облыс гербтерінен де басқа боларға тиіс.

Алаш мемлекетіне Орда деп ат қойылған соң, гербінде Орда суреті болуы лайықтығында дау болмаса керек. Орда мемлекетіне Орда суретін қою ұнамсыз болады деп ешкім айта алмас. Солай болған соң герб мәселесінің негіщі шешілгенге есеп. Шешусіз тұрған мәселенің негізі емес, бұтағы, яғни Алаш Ордасының гербіне құр Орданың ғана суретін салу ма, болмаса басқа мағына да кіргізу ме? Басқа мағына кіргізу ме деген сөзді мысалмен түсіндіріп өтейік.

«Қазақ» газетінің басына үй суретін орнатуда мынадай мағыналар бар еді: Киіз үй - киіз туырлықты халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына - түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет - есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет қылсын делінген еді. Сөйтіп «Қазақ» газетінің тұтқан жолын басындағы емблемасымен (ишарат) көрсету үшін газет басына үй суреті қойылған еді.

Алаш гербіне де осы сияқты Ордадан бөтен де мағына кіргізуге болмас па? Құр Орданың суреті салынғанынан, қисыны келсе басқа мағына да қатыстырған абзал болар еді. Ойы, қолы шебер азаматтар Алаш гербінің қалай еткенде ұнамды болу жағын ойланып, герб жобасын жасап, көптің, яки айрықша комиссияның сынына салса екен. Әрі әдемілік, әрі мағыналы жағынан ең ұнамдысы таңдалып алынар еді. Бұл туралы жоба жасаушылар болса, жасаған жобасын я «Қазақ» басқармасына, я Алаш Ордасына жіберсін.

Орда гербі (таңбасы) мақаласынан

«Қазақ» газеті, 05.01.1918 жыл, №258

Alash.kz ұлттық порталы 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар