Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан мен Ресей қарым-қатынысы: Зеленский не дейді?

18:20, 02 маусым 2024 971

Ақорда "Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі талқыланды" деген ақпар таратты. Ал Кремль "Путин мен Тоқаев шетел көшбасшыларымен соңғы байланыстарының қорытындысы бойынша пікір алмасты" деп қысқа қайырды деп жазады Alash.kz.

Осы апта Зеленский "Путин ешкіммен дос емес, оның келесі көздегені Қазақстан" дегенге келтірді. Кереғар пікірлер белең алғанда Мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуі диполоматиялық тактика ма? Пропоганда күшейген тұста саяси ойын арасынан шындық іздеу қаншалықты дұрыс?

"Біз Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанмен доспыз, бауырласпыз деп олардың айтатының бәрі өтірік. Маған сеніңіздер бұл бір-ақ секундта болады. Оларға тек себеп керек. ОДКБ және тағы басқа одақтар шын мәнінде Ресейдің сіздердің елдеріңізге ықпал ету мүмкіндігі ғана. Ресейдің болашақта шабуыл жасайтын нысандары – Балтық елдері, Молдова Республикасы және Қазақстан. Ешқандай ел Ресеймен соғыста аяқта тұра алмайды. Қытаймен жақсы қарым-қатынастағы Қазақстан да", – деді Украина Президенті Владимир Зеленский.

"Украинадан кейін Ресейдің нысанасы Қазақстан болады" дегенді біз 2022 жылдан бері естіп жүрміз. Бұл біреуді қорқытатын жаңалық емес. Украина басшысының көздегені 15-16 маусымда Швейцарияда өтетін Бейбітшілік Саммитіне Федерациямен көрші елдерді тарту.

Сол арқылы Кремльмен келіссөздерде делдал болатын мемлекетті тағайындау. Өйткені бұл жиынға Путин шақырылмаған. Владимир Зеленский "Мәскеу процестің шырқын бұзғанын қаламаймыз" деді.

"Сіздердің басшыларыңыз тепе-теңдік сақтап отырған жоқ. Олар Кремльден қорқып, "орыстардың тарабын" көбірек қолдап отыр. Біз Бейбітшілік Саммитіне Орталық Азия елдерін де шақырдық Президенттер бейбітшілік саммитіне қатысатындарын растамай неден қорқып отыр? Путин осыған бола Орталық Азия елдеріне танктермен кіріп бара ма?  Жоқ. Бұл жеткіліксіз. Олар тіпті бүгінгі Кремльмен қарым-қатынасты үзуден қорқады. Менің ойымша, бұл әлсіздік", – деді ол.

Мақсаты Орталық Азия үштігін шошыту емес, біріктіру болған Зеленский дипломатиялық қабілеттерінің жұтаңдығына байланысты жағдайды ушықтырып алғандай деп жазды inbusiness.kz.

Өйткені Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан көшбасшыларының Бейбітшілік саммитіне қатысатыны туралы ресми ақпарат  әлі жоқ. Ал Сенат Төрағасы Әшімбаев "бұл соғысқа қатысты Қазақстанның позициясы әуелден анық" деді.

"Біз қазір Украинадағы қантөгісті тоқтату аса маңызды деп санаймыз. Мұны біз әрдайым айтып келеміз. Біздің ұстанымымыздағы екіұштылық қайда? Келіссөз бастап, мәселені шешудің механизмдерін іздеу керек. Осы орайда, Қазақстан тараптар қажет десе, біздің елде келіссөз өткізуді де ұсынды. Мемлекет басшысы құрылған квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамайтынымызды айтқан. Сондықтан Қазақстанның Украинаға қатысты ұстанымы анық", – деді Мәулен Әшімбаев.

Украина басшысының "балансқа" қатысты ойы сарапшылардың пікірін сан-саққа жіберді. Бірі "Зеленский әділдікті қаласа АҚШ-тың қаржыландыруынан айырылмау үшін Израильді жақтамай, барлық соғысқа бірдей қарсы шықсын" дейді. Тағы бірі халықаралық саясатта тепе-теңдік болмаса, әлемде аласапыран болады деген ұстанымда.

Мәселен, жылдар бойы Назарбаевтың кеңесшісі болған Ертісбаев "Зеленскиймен біздің жолымыз бөлек" деп мәлімдеді.

"Сендердің көшбасшыларыңда тепе-теңдік жоқ деген не сөз ол? Егер Зеленский соңғы украиналыққа дейін соғысамын деп шешсе, біздің жолымыз басқа. Донольд Трамп "5 айдан кейін 3-ші дүниежүзілік соғыс басталады" дейді. Тоқаевтың сыртқы саясаттаға теп-теңдікке бағытталған саясаты біздің Ұлттық қауіпсіздігімізді күшейтеді. Қазақстан Ресейге қарсы Батыстың санкциялық талаптарын орындап жүрген ел ретінде, бізді тек Ресей тарапын қолдайды деп айту дұрыс емес. Мен Ресейдің Орталық Азияға басып кіретін ойы жоқ екеніне сенімдімін. Біздің арамызда оған еш себеп жоқ", – дейді саясаткер.

Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болып Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп, соғысты "соғыс" деп атады. Әрі  Ресейге қарсы санкцияларды бұзбауға уәде берген.

Бейтарап позиция соғыстың аяқталар күнін алыстата береді деген пікір бар. Алайда әскери операцияны бастаған мемлекетпен шекаралас Қазақстан сыртқы саясатта ең мұқият ойыншы болуы тиіс.

Маржан Жұмабайдың саяси сараптамасы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар