«Осы қаулының қосымшасына сәйкес, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің балансынан «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының меншігіне аяқталмаған құрылысқа арналған шығындар түріндегі республикалық мүлік берілсін», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында.
Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, мүлікті оқу орнына беру бастамасы былтыр анықталған министрліктің есеп аудитіндегі олқылықтарды жою үшін ұсынылып отыр.
«Қаулы қабылдау Денсаулық сақтау министрлігінің теңгеріміндегі мүлікті «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының меншігіне беруді жүзеге асыруға және министрліктің 2022 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігі аудитінің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықты жоюға мүмкіндік береді», - деп түсіндірме берілген қаулыға.
Белгілі болғандай, енді «Назарбаев Университетінің» меншігіне жалпы сомасы 516 млн 911 мың 331 теңге болатын құрылысы аяқталмаған мына нысандар өтеді:
- 10 Кв электрмен жабдықтау желілері - 26 434 теңге;
- ТП-10/0Кв және КЛ 6-10 Кв құрылысы - 24 267 667 теңге;
- Электрлік монтаждау жұмыстары - 13 217 230 теңге;
- «Астана қаласында 180 төсектік Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» КеАҚ жобалау-сметалық құжаттамасы - 345 200 000 теңге;
- «Астана қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын Республикалық диагностикалық орталық» АҚ-ның жобалау-сметалық құжаттамасы - 134 200 000 теңге.
Үкімет қаулысы 9 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.