Жалпы, Рәміздер мерекесі БҚО-ның елді мекендерінде бір апта бұрын айрықша іс-шаралармен басталған болатын. Мәселен, дән егетін Бәйтерек ауданында көк Туымыз егіс алқаптарын аралап шықса, бөкейордалықтар батыр боп киініп, байрақ ұстады. Мұнайгазға бай Қарашығанақ орналасқан Бөрлі ауданында кеншілер көк Туды киіміне басты. Шалғайда жатқан Жәнібек жұрты Ту көтеріп, кең даламен жүйткіп өтсе, казталовтық ағайын автокөлік арқылы шерулетті. Ән төгіліп, күй күмбірлеген Жаңақала мен Қаратөбе ауданының өнерпаздары флешмоб арқылы байраққа құрмет көрсетті.
Осы үлкен шаралар 4 маусым күні Оралда түйінделді. Облыс тұрғындарын өңір басшысы Нариман Төреғалиев құттықтап, еңбектері елеулі азаматтардың үлкен тобын марапаттады.
«Құрметті жерлестер! Сіздерді елдің ел, мемлекеттің мемлекет екендігін айқындайтын ерекше қастерлі күн – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен баршаңызды құттықтаймын!
1992 жылы 4 маусымда алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн рухымызды асқақтатып, Отанға деген сүйіспеншілігімізді паш ететін ерекше күн ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Гимніміз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді» деген болатын.
Жер бетінде мыңдаған ұлттар бар. Олардың арасында саны жағынан біздің халықты сан орап кететіні де кездеседі. Алайда, өзінің тәуелсіз мемлекетін құру олардың бәріне бірдей бұйырмаған. Алып планетадан туын тігер алақандай төбе таба алмай жүрген ұлттар қаншама. «Бақ – бағалағанның басында тұрады», сондықтан, басымызға қонған бақты бағалай білейік.
Мемлекеттік рәміздер — ең алдымен елдігіміздің, мызғымас бірлігіміздің белгісі, ұлттық сана-сезім мен отансүйгіштіктің символы. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба мен Гимннен бастау алады. Оларды жүрекке басып, маңдайға тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесін биіктетеміз.
Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі – тарих. Нақ осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі.
Біз барлығымыз – тарихы терең, бүгіні айқын, болашағы зор елдің ғасырлар тоғысындағы тағылымды ұрпағымыз. Сондықтан да, баршаңызды тәуелсіз еліміздің қасиетті рәміздерін қастерлеп, ұлы мақсаттарға жету жолында қажымай еңбектене беруге шақырамын! Мереке құтты болсын! Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын!», - деді Н.Төреғалиев өзінің құттықтау сөзінде.
Осы шарада кәмелетке толған бірқатар жастарға өмірлеріндегі басты құжат - жеке куәліктер тапсырылды. Солардың бірі колледж шәкірті Әділ Оңғар: «Міне, мен бүгін теңіздей толқыған көк Туымыздың астында ересек өмірге жол ашатын алғашқы құжатымды алып отырмын. Енді мен Қазақстан Республикасының толыққанды азаматымын. Елімді, ата-анамды жерге қаратпауға, дұрыс жүруге, жақсы оқуға тырысатын боламын», - деп мақтанышпен айтты.
Мерекелік шара сазгер жерлесіміз Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды.