"Біздің жігіттер Африка елдеріне кіріп, екі күн ішінде тірі ешкімді қалдырмайды. Қазір Украинада да жаудың тас-талқанын шығарып жатыр деді" деді Пригожин сөзінен үзінді келтірген Ярославль облысы Рыбинскідегі қатаң режимдегі ИК-2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан тұтқындардың бірі.
"Егер бұл жерден менімен бірге шықсаңыз, еркін адам болып ораласыз не өлесіз. Сіз басшылық бұйрығын орындап, жауды өлтіруге тиіссіз. Кім кері қайтса, сол жерде атылады" деп тұтқын есінде қалған "Пригожиннің сөзінен" мысал келтірді.
Келіскендерге ол ай сайын 100 мың рубль және дәл сол мөлшерде сыйақы беруге уәде берген. Ал "ерлікпен қаза тапса" отбасына 5 млн рубль ақша төленеді. Ол соғыста қаза табу ықтималдығы – 15 пайыз, жаралану 25 пайыз деп бағалаған.
Тула облысы Плавскідегі №4 түрме тұтқындарының алдында да соған ұқсас адам сөйлеп, тұтқындарды соғысқа үгіттеген.
– Бізге оққа жем болатындар емес, жаяу әскер керек деді. Бір зэк Шешенстанда соғысқанын, арнайы әскери дайындықтан өткенін айтты. Ал Пригожин арнайы жасақ өздерінде бар екенін, тек жаяу әскер керегін айтты, – дейді тұтқын.
Тұтқынның айтуынша, Пригожин "президенттің өзіне ерекше өкілет бергенін" алға тартып, "мына қарғыс атқыр соғыста қалай болғанда да жеңуім керек" деген. Ол соғысқа қатысуға келіскендерге ақша, амнистия, тіпті Ресей азаматтығы жоқтарға паспорт беруге уәде берген.
Ресей түрмелерінде тұтқындарды Украинадағы соғысқа тартып жатқаны жайлы ақпаратты 2 шілдеде Gulagu.net құқық қорғау жобасы хабарлаған. Кейін бұл ақпаратты "Важные истории" басылымы да растады. Тұтқындардың айтуынша, шілде айының соңында түрмелерде Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнер" жеке әскери тобын қолдаушы Евгений Пригожиннің жүргені байқалған. Gulagu.net жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкиннің айтуынша, Пригожин "үгіттеу науқанын" күштік құрылымның бұрынғы қызметкерлеріне арналған колониядан бастап, кейін қатаң режимдегі мекемелерге көшкен.