Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ресми құжатты талап етпеген: Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имам жазаланды

16:06, 18 сәуір 2024 476

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына сәйкес ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатыны белгіленген.

Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді.

2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Екеуінен және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген.

Бишімбаев пен Нүкеновадан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмеген, дініміз бен дәстүрімізге қайшы келетін «азаматтық некемен» үйленудің шариғаттағы үкімі харам екенін тағы да хабарлайды. ҚМДБ Қазақстан азаматтарын арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәлі істерден аулақ болуға шақырады", - делінген хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар