Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Respublica: Астанада Ұлт рухын асқақтатқан «Бүркіт пен қазақ болмысы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті

20:00, 23 қазан 2024 1066

Астанада Республика күні мерекесіне орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың бастамасымен «Бүркіт пен қазақ болмысы» тақырыбында мәдени-танымдық іс-шара өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы. 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәжіліс депутаттары, партия мүшелері, аппарат қызметкерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері мен ұлт болмысын тереңірек тануға құштар қала жастары бас қосқан тағылымды іс-шараның басты мақсаты - Мемлекеттік рәмізіміз - ҚР Мемлекеттік Туымызда бейнеленген қыран құстың символикалық мән-мағынасын ашып, қазақ халқының өмірінде айрықша орын алатын бүркіттің биікке самғаған рухын ұрпақ санасына сіңіре отырып, елдік мұрат пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. 


Жастардың ұлттық рухын асқақтатқан мағыналы іс-шарада еркіндік пен тектіліктің символы саналатын қыран құс пен қазақ халқының рухани жақындығы тереңірек қозғалды. Қалың көпшіліктің қызығушылығын тудырған тың тақырыптың мәнін ашып, бір сағаттық танымдық дәрісті ақын әрі сценарист Ұларбек Нұрғалымұлы жүргізіп, қыран құс пен мен қазақ халқының еркіндік сүйгіш болмысын байланыстыра әңгімеледі.

Бүркіт баптауды жанына серік етіп, ұрпақтан-ұрпаққа құсбегілік өнерді жалғастырған әулеттен шыққан Ұларбек Нұрғалымұлы қыранның қайсар мінезі мен қазақтың ұлттық ерекшелігі арасындағы ұқсастықты тереңнен толғап, тыңдаушыларға бүркіттің қайсарлығы, қырағылығы және биікке ұмтылған асқақ бейнесі қазақ халқының өр рухымен, даланың еркіндігін аңсаған болмысымен табиғи үйлесім тауып, үндесіп жатқанын жан-жақты суреттеп, тебірене баяндады. 

Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының төрағасы:

- Республика күні дегеніміз не? 1990 жылы 25 қазан күні біздің мемлекеттік егемендігіміз туралы Декларациямыз бекітіліп, қол қойылды. Сол тарихи сәттен бастап біз бүкіл әлемге өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық. Бұл күн - ата-бабаларымыз аңсап кеткен ұлы күн, біз үшін ерекше маңызды ең басты ұлттық мереке. Өкінішке қарай, біз тәуелсіздігіміздің құндылығын 30 жыл бойы дұрыс бағаламадық. Екіншіден, тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда, біз ең әуелі еліміздің Мемлекеттік рәміздерін ұлықтап, қастерлеуіміз қажет. Көк туымыз - біздің елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты символы. Бекзат Саттарханов, Димаш Құдайберген және тағы басқа біздің талай мақтанышымыз әлем аренасында көк туымызды желбіретіп, рухымызды асқақтатты. Көк туымызда бейнеленген қыран құс - жеті қазынамыздың бірі екені белгілі. 

Өзім осы бүркіт тақырыбына қызығушылық танытып, бірде әңгіме барысында Ұларбекке: «Мен бүркіт ұстап, аңға шыққым келеді, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін сезінгім келеді» деп айтып қалғанымда, ол: «Мен бүркітшінің ұлымын ғой» - деп жауап беріп, екеуміз қыран құс жайлы екі сағаттай әңгімелесіп, ерекше қызықты сұхбат құрған едік. Сол терең әңгімеден алған әсерім соншалық, қыран бүркіттің қазақ халқының өмірінде қаншалықты маңызды орын алғанын неге көпшілікке айтпасқа деген ой келді. Неліктен біздің көк байрағымызда қыран құс бейнеленген? Ата-бабаларымыздың танымында қыран құстың рөлі қандай болды? Осы тақырыпты тереңірек ашу - ұрпақ алдындағы борышымыз екенін терең ұғындым. Егер бұл әңгіме тек екеуміздің арамызда ғана қалса, біз елімізге, жастарымызға қиянат жасаған болар едік. «Біз бұл тақырыпты халыққа жеткізу керекпіз. Келеміз де кетеміз. Алла тағала бізге қанша ғұмыр беретінін білмейміз. Егер осыны өзімізбен бірге алып кетсек, бұл болашақ ұрпақтарымыздың алдындағы қылмыс болады», деп Ұларбекке осы тақырыпта арнайы іс-шара ұйымдастырайық деп ұсыныс білдірдім.

Иә, жылқы мен тазы туралы қаншама сыр шертуге болады, бірақ бүркіт тақырыбы бізде әлі де болса шетте қалып келеді. Шын мәнінде, біз осы күнге дейін қыран құстың қыр-сырына толық үңіле алдық па? Біз бұл тақырыпқа әлі де терең бойламай, оны кеңінен талқыламадық. Неге біздің көк туымызда басқа емес, дәл осы қыран құс бейнеленген? Жайдан-жай емес. Бүркіт – тектіліктің, асқақтықтың, еркіндік пен өр намыстың айқын белгісі. Оның мінезі де айрықша: қыранға біреу қиянат жасаса, ол оны ешқашан ұмытпайды, еркіндікке деген құштарлығы шексіз. Қазақтың рухы мен мінез-құлқы дәл осы қыранның болмысымен үндес. Кітапхана басшылығымен осы іс-шараға ұйымдастыру барысында: «Неге біз осындай іс-шараларды тек бір рет өткіземіз де, сонымен шектелеміз? Неге осы іс-шараларды бір жүйеге келтіріп, тұрақты түрде өткізіп тұрмасқа?» деген сұрақ туындады. Осы іс-шараға белсене қатысқан жастарымыз да өз ризашылығын білдіріп, «Неге бізде осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер жиі ұйымдастырылмайды? Бізге осындай рухани іс-шаралар өте қажет» деп өз ой-пікірлерін білдірді.

Міне, ұлттық тәлім-тәрбие осындай маңызды қадамдардан басталады. Ертең дос таңдағанда, жар таңдағанда, жұмыс істегенде, балаңды тәрбиелегенде осындай танымдық кездесулерде айтылған рухани әңгімелер есінде қалып, санаңда жаңғырып тұрса, сонда нағыз тектілік қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің терең мәні бар. Тектілік тек сыртқы бейнемен өлшенбейді, ол адамның іс-әрекеті арқылы көрінеді. Сыртта жүргенде бір дөрекі қылық жасасаң, «ұяда көргенін істеп жүр» деп, бүкіл әулетіңнің абыройына нұқсан келтіруің мүмкін. Қазақта тектілікті неге жоғары бағалаған? Текті ұл мен қыз қайда жүрсе де, әрдайым өз тегінің, ата-анасының абыройын ойлайды. «Ата-анамның атына кір келтірмеймін» деген ой оларды орынсыз әрекеттерден сақтайды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде біз осының бәрін ұмыта бастағандаймыз. Сол себепті, осындай танымдық мәні терең тақырыптарды Ұларбек сынды азаматтар жиі көтеріп отырса, жастардың санасына жетіп, ұлттық тәрбиенің тамыр жаюына сеп болар еді.




Кештің басты қонағы - дзюдодан Қазақстанның тұңғыш Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек болды. Respublica партиясының төрағасы әлемдік аренада ұлт намысын қорғап, ел абыройын асқақтатқан қазақ қызын жарқын жеңісімен құттықтап, бір миллион теңге көлемінде сый-сияпат жасады.

Іс-шара соңында Айдарбек Қожаназаров жастардың ерекше қызығушылығын оятқан танымдық кездесуді жоғары деңгейде өткізіп, қыран құстың қазақ болмысымен үндестігін терең ашып көрсеткені үшін Ұларбек Нұрғалымұлына алғысын білдіріп, ұлттық идеология бағытындағы іс-шаралар ары қарай да жалғасын тауып, үлкен бастамаларға жол ашатынын атап өтті. Мәжіліс депутаты әрі кәсіпкер Ұларбек Нұрғалымұлына Қыран құс жайлы авторлық кітап жазуды ұсынып, өз тарапынан бұл жобаға қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ана тіліміздің қолданыс өрісін кеңейтіп, жас ұрпақтың тіл байлығын байыту мақсатында сөз тіркестерінің шығу тарихы мен олардың символикалық мән-мағынасы мен қолданысын жан-жақты ашып көрсететін бірнеше томдық жинақ шығаруды мақсат етіп отырғанын жеткізді. Ұлт рухы биіктей берсін! 



Зарина ӘШІРБЕК

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?