Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Сәләфи-уәһһабилер, талибандар сияқты сақалды басқаларға тықпалау – топастық" - профессоры Жоламан Бұланұлы

15:28, 14 тамыз 2024 500

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Жоламан Бұланұлы сақал қою әдебіне қатысты ой айтып, сақалды діннің талабына айналдыруды "мисыздық, топастық" деп сынады. Бұл жайды Alash.KZ ұлттық порталы жазды.

"Сәләфи-уәһһабилер, талибандар сияқты сақалды діннің талабы ретінде қою және оны басқаларға тықпалау – мисыздық, топастық", - деді профессор. 

Сонымен қатар Жоламан Бұланұлы сақал қою әдебіне қатысты ой айтты:

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың сақалы мен уағызынан кейін сақал мен мұрт туралы талас-тартыс әлеуметтік желіде біраз жерге дейін барды. Мен де бір-екі ауыз айта кетейін.
1. Сақал-мұрт ер адамға тән шығатын табиғи нәрсе. Сондықтан өседі. Қалаған сақал қойсын, қаламаған қоймасын. Бірақ, сақал қойғандар сұрқын кетірмей, жасап, жарастырып әдемі қойсын.
2. Қазақ негізі сақал-мұртқа қарсы емес, сақалды діни талап деп қоятын санаға, әр нәрсені дінге байлап, өз идеологиясын тықпалайтындарға қарсы.
3. Сақалды сүннет, уәжіп деп діни талап ретінде қоятын және оны басқалардан талап ететіндер бар. Тіпті кейбір жастар да солай. Оларға айтарым, қойғың келсе өзің қой, басқаларға тықпалама. Сүннет, уәжіп деп албұр-жұлбыр, селдір-селеу сиықсыз сақал қою сүннет те, уәжіп те емес. Жағымсыз көрінгеннен, сүйкімді көріну әлдеқайда жақсы.
4. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сақал қойған, бірақ бір тұтамнан асырмай, әдемілеп жарастырып қойған. Сақал қойғандарға да әдемілеп, жасап жарастырып қоюды насихат еткен. Сондықтан Пайғамбарды үлгі тұтып, сақал қою сүннет. Әйтпесе албұр-жұлыр, желбір-желеу сақал өсір демеген.
5. Алайда сақалды тек Пайғамбарымыз ғана қоймаған, дін дұшпандары, Пайғамбардың дұшпаны Әбу Ләһаб, Әбу Жаһилдер де, басқа дін өкілдері де сақал қойған. Жалпы сақал ер адамға тән табиғи нәрсе. Бұл айтпаса да белгілі ғой.
6. Ал сақал ұнамаған, жараспаған, қойғысы келмеген, әсіресе алдында әкесі, атасы бар жас азаматтар сақал қоймаса күнә болмайды.
7. Сақал діннің, еркектіктің, адалдықтың талабы да, шарты да емес. Сәләфи-уәһһабилер, талибандар сияқты сақалды діннің талабы ретінде қою және оны басқаларға тықпалау – мисыздық, білімсіздік. Исламның шарты, талабы, критерийі сақал, балақ, тәспі, сәлде емес.
8. Сақалың бар, намаз оқисың, Алла, Алла дейсің, бірақ өтірік айтсаң, жағымпаз болсаң, сенімді болмасаң, сөзіңде тұрмасаң, білімді болмасаң, моральдық қағидаларды сақтамасаң, еңбекқор болмасаң, таза болмасаң, адал болмасаң, айналаңа қамқор, мейірімді болмасаң, ел қорықса т.б. Ол қандай мұсылмандық? - деді профессор.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар