Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шағын шолу: Атырауда мұнай ұңғымалары суға кетті. Оралда зообақ көшірілді. Ақтөбеде жағдай тұрақты

11:33, 13 сәуір 2024 1663

Атырау облысының екі мұнай-газ кен орнындағы төрт ұңғыма су астында қалды. Ал Ақтөбеде жағдайдың тұрақталғаны хабарланды. Біз Alash.KZ ұлттық порталының тарапынан өңірлердегі жағдайға көз жүгіртіп көрдік. 

Атырау облысының екі мұнай-газ кен орнындағы төрт ұңғыма су астында қалды.

"Қазіргі уақытта Атырау облысында 4 ұңғыманы су басқан. "Восточный Уаз" кен орнында 3 ұңғыма: №101, №106, №116 ("Ембімұнайгаз "АҚ" Қайнармұнайгаз " мұнай-газ өндіру басқармасы). Қазір бөгетті нығйту, сондай-ақ суды сору, Сағыз өзеніне қарай ағызу жұмыстары жүріп жатыр. "Жаңа Мақат" кен орнында 1 ұңғыманы (№ Е7 ("5А Ойл" ЖШС) қалпына келтіружұмыстары аяқталды", - деп хабарлады жұма күні Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментінде.

Департаменттің мәліметінше, аталмыш ұңғымалар дер кезінде қуаттан ағытылып, герметикаланған.

"Облыстың қалған кен орындарындағы жағдай тұрақты және ұдайы бақылауда", - делінген хабарламада.

11 сәуірде "Глобус" орталығының директоры Галина Чернова вице-премьер Қанат Бозымбаевқа хабарласып, Атыраудың мұнай-газ және басқа да қауіпті нысандарын су басу қаупі бар екендігін мәлімдеді. Кейін экология және табиғи ресурстар министрлігі Атыраудың мұнай-газ және басқа да нысандарын су баса қоймайтынын, мұндай қауіп_қатердің жоғын айтты.

Атырау облысы

Естеріңізде болса, вице-премьер, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Сарайшық қаласын сақтауды жергілікті әкімдікке тапсырған. Қазір атыраулықтар Сарайшық қаласының жайын ойлап, су тасқынынан сескенеді. 

Ақтөбе облысы

Ақтөбеліктердің су тасқынымен күресте жеңіске жеткені де баяндалып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде Ақтөбеде жағдай тұрақты. Ырғыз ауданы, Нұра мен Мамыр ауылдарында алдын ала эвакуация жүргізу жұмыстары аяқталды.

Батыс Қазақстан облысы, Орал 

Жайық өзенінің жағалауында қоныс тепкен оралдықтарға арнайы көмек көрсетудің жалғасып жатқанын айта кету керек.Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының 13 мыңнан астам тұрғыны қалыпты өмір салтынан алыстап, су тасқынынан ардап шекті. Батыс өңірдің тұрғындарына жүздеген еріктілер мен ондаған үкіметтік емес ұйымдар көмектесіп жатыр. 

Қостанай облысынан құтқарушылар тобы Батыс Қазақстан облысына аттанды. Өңірлік ТЖД қызметкерлері авариялық-құтқару жұмыстарына араласады.

Оралдағы су тасқыны салдарынан облыстық экологиялық-биологиялық орталықтағы жануарлар мен құстар да қауіпсіз жерге көшірілді. 

«Тышқандар, дикобраз, маймылдар, сондай-ақ жылқы, пони, есектерімізді облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың гаражы мен қоймасына орналастырдық. Сонда барып, қарап тұрамыз» деді орталық директорының орынбасары Гүлжайна Нұралиева.
Ақмола облысы 
 
12 сәуірде сағат 18:00-ден бастап Төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік комиссияның шешімі бойынша Ақмола облысы, Бұланды ауданында ТЖ режимі жарияланды.

Аудан әкімі Ардақ Смайылов өз мәлімдемесінде жергілікті халықты қалыптасқан су тасқыны жағдайынан хабардар етті. Аудан әкімі су тасқынынан болатын залалды жою және оны азайтумен айналысатын комиссия құрылғанын атап өтті.

"Бүгінде зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсету үшін барлық үйлерге тексеру жүргізу мақсатында комиссия құрылды", – деді аудан әкімі Ардақ Смайылов.

Солтүстік Қазақстан облысы

Қарғын су солтүстіктегі ағайынды да қыспаққа алды. ТЖМ құтқарушылары мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері СҚО, Қызылжар ауданы, Тепличное ауылында халықты алдын ала эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы жағдай

13 cәуірдегі ақпаратқа сәйкес, Азаматтық қорғау қызметтері 102 328 адамды, оның ішінде 37 537 баланы эвакуациялаған. 


Уақытша орналастыру пункттерінде 6 757 адам, оның ішінде 3 148 бала бар.
9,1 млн. м3 еріген қар суы сорылды, 1,7 млн. астам қапшық және 1,2 млн. тонна инертті материал төселді. 3 129 тұрғын үй мен 2 033 аула аумағынан су бұрылды. 

Техника тапшылығы да су тасқыны күшейген өңірлердің негізгі мәселесіне айналғанын білеміз. Техникадан тарықпауы үшін түркістандықтар батысқа қарай арнайы ат басын бұрды. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысынан Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы күрес үшін 70-тен астам арнайы техника жөнелтілді. 

Бір ерекшелігі, әлеуметтік медиа алаңында су тасқыны кезінде біріккен халықтың берекесі мен ауызбіршілігі жайлы жағымды пікір пен жақсы көзқарас айтылып жатқаны да байқалады.  

Дастан Қастай

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар