Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шарманов шапағаты. Қалың қазақ Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды

17:45, 26 мамыр 2024 3263

Қазақ халқы ұлттық медицина майталманы, ел салауатына дем беріп, саулығына шипа дарытар төл тағамдарға қатысты төрелік айтқан академик, ақылман ақсақал, құрметті қария Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды.

Мамырдың жиырма алтысы күні Алматы қаласы, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Конкордия театрында ұлт абызымен қоштасу жиыны өтті. Қаралы жиынға мемлекет қайраткерлері, саясаткерлер, депутаттар мен дәрігерлер, ғалымның шәкірттері қатысты.

Жиынды Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өзі тізгіндеді. Министрдің қазақы сөзге жетік қалпы, әрбір пікірдің түйінін тізбектеп отыратын байыпты байламдары, салмақты ой сипаты көпшілікті сүйсінтіп, қалың көрерменнің қайғы кернеген көңілін дегдітті. Қаралы жиында сөз алған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың ел абызына деген қимастық сезімі жарқын жылдар елесін көктей өтіп, жалпы жұртшылық зердесіндегі "Төрегелді тағлымымен" табысты. Саясаткер де ұлттық салт-санаға cүйеніп ғұмыр кешкен академиктің қайраткерлік қырына тоқталып, сәулелі ғұмыры хақында сөз қозғады.

"Шарманов Қазақ елінің беделін көтерді, медицинаны дамытты", - деді мегаполис әкімі сөзінің соңында.

Ал, залға жиналған әрбір тілектес Төрегелді Шармановқа қатысты айтылған кенен көзқарас, шымыр пікірлерді қолдап, іштей қанағаттанып отырды. Әрбірінің табиғатына телінген "Төрегелді тағылымы" сөз алғандардың суреттеуімен көркем қисын тауып, жарқын келбетімен жылы жанасты. 

Бұл жолғы Алматының аспаны ұсақ тамшы, жарқыншақ жаңбыр емес, жас бүркіп тұрғандай әсер қалдырады. Қалың елдің кескінінде ұлттық медицинаның күретамырына қан жүгірткен ғалымға деген бір қимастық бар. Азаматтар университеттің орталық алаңында ақсақал жатқан ағаш атты иықтай көтеріп келеді, оны жаназа намазына жиналған жұрт төңіректейді. Ақырғы тілек-қылынтысын (намазын) иық тірестіре оқуға ниеттенген жұртта есеп жоқ. Бірді-екілі әз-ақсақал, қатары сиреген ежеттес пен замандас, ізетті іні, тұтас қазаққа танылған қадірменді шәкірт. Шарманов шапағатын бар ғұмырына бағдар еткен тілекшілердің бәрі жиында жүр. Жаназаны Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шығарды.

Жаназа намазын оқығаннан кейін Кеңсайға жол тарттық. Кеңсайда қазақтың қарқара ғалымын жер бесігіне жантайтып, бір уыс топырақ салуға қадам басқандар жол бойы "Төрегелді тағылымы" жайлы тілдеседі, академиктің айтқан кеңестері мен қағытпа қалжыңдарын еске ала күбірлейді.

Кеңсайға келген кезімізде жауын үдей түсті. Ақ шаңқан шатыр астында ақ жауыннан тұла бойын ғана емес, Төрегелді ақсақалдың рухына айтылар тілегін де қымтап, бір шөкім топырағымен біре төгіп салуға даяр тұрған көпшілік ілгері басады.

Топырақ тастап болғаннан кейін азаматтар қолшатырын қолтығына қыса отырып, академик рухына құран бағыштады.  

Жолшыбай жолыққан азаматтармен бірге қалаға жетіп алу мақсатымен көлікке отырдық. Көлікті тізгіндеген азамат Төрегелді Шармановтың құрметті шәкірті, білікті дәрігер, жұқпалы аурулар бойынша білгір маман болып шықты. Жол бойы ақсақалдың өзіне деген тұнық ықыласын, қамқорлығы мен келісті кісілік келбетін әңгімелеп отырды. Қалаға жеттік. 

Алты алаштың әр атырабынан көңіл айтып, тілек білдіре келген жұртқа жайылған дастархан басында жас та, жасамыс та отыр. Сөз сөйлегендер Төрегелді Шарманұлының тұлғалық ерекшелігін, дарыны мен дегдарлығын, ұлттық медицинаның көсегесін көгертуге келгендегі табандылық танытқан тұстарын, жарқын ғұмырын тебірене еске алды.

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның мемлекет қайраткері Әлихан Байменов, Бұрынғы Сенаттың депутаты Қуаныш Сұлтанов сынды саясаткерлер елге көңіл айтты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері академиктің ғылымдағы ізін бедерлеп, мақсат-мұратын жіті тану жайына тоқталды. Адамзат денсаулығын дәріптеудегі Шармановтың зиятты қадамдарын құнттады. 

"Қабылдау үйінің" қағаберісінде қазақтың құрметті ғалымы, ғаламның "ғасыр адамы", заманында Оксфорд университетінде оқыған дәрісін Франция, Гер­мания, Англия, Жапония сынды дүниенің іргелі елдерінің жетпістен астам аузына әлем қарап отырған ғұла­малары сүйсініп тыңдаған Темірғали Көкетаевпен аз-кем тілдестік: 

- Бұл кісі Қарағандыға жиі келіп тұратын. Сол кездегі Құлқыбаев, Мұсмамбеков, Мәдікенов деген профессорлармен әріптестік байланыста болды. Ақылын айтып, кеңес беріп, лекция оқитын. Қарағанды медицина университетінің дамуына зор үлес қосты. Елде, түзде абыройлы қызмет атқарып жүрсе де, өзінің төл университетін ұмытпайтын. Екеуіміз дос, әріптес ретінде тіршіліктің талай толқынын бірге кештік. Қабырғам қайысып тұр. Адал, адамгершілігі мол, шындыққа құштар жан еді, - деді ғалым. 

Кейіннен нейрохирург, дәрігер-рентгенхирург, ҚР Президенті іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Сайлауұлымен сөйлесудің сәті түсті. Мыңжылқы Бердіқожаев бізге өзінің ұстазы, терең танымды академик Төрегелді Шармановтың тілекшіл, бауырмал тұлғасы жайлы тың дерек айтты:

- 2016 жылы мен Алмас Төрегелдіұлына өтініш айтым. Төрегелді Шарманұлына өзімнің екінші ұлымның тұсауын кестіргім келді. Сол кезде Төрегелді ағамызбен жақынырақ таныстым. Өте қарапайым жан екеніне көзім жетті. Көп тамақ жемейді. Жылқының етінің қандай пайдасы бар екені жайлы айтты. Қымыз іштік. Академик болса да, қарапайымдылығын жоғалтпаған жан еді. 

Алматының аспаны бүгін түнеріп тұр.
Алты алаштың көкірегі бүгін күңіреніп тұр.
Өмірден қазақтың Төрегелдісі өтті.
"Таулар алыстаған сайын биіктейді" дейді қазақ. Төрегелді Шармановтың тау тұлғасы ұлт зердесінің заңғарына ұмсынып, салт-санасымен бірге жасай бермек.


Дастан Қастай
Журналист

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар