Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шариғи некеге тыйым салуға елде петиция жарияланды

18:29, 17 мамыр 2024 404

Белгілі дінтанушы Тұрарбек Құсайынов «Шариғи неке қию» ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне қайшы екенін айтты.

...Біріншіден, «шариғи неке қию» ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне қайшы. Кодексте «тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) заңды болып танылатыны, яғни діни рәсімдік неке қию заңсыз екені жазылған.

Екіншіден, ҚМДБ Жарғысында (Жарғы Әділет министрлігінде тіркелген, 17.02.2021ж., ұйым төрағасы – Бас мүфти Наурызбай Таганович Утпинов), «шариғи неке қию» деген сөз жоқ. Демек, имамдардың неке қиюына да қақы жоқ. Жарғыда «ҚМДБ Қазақстан Республикасындағы отбасылық қатынастарды реттейтін заңнамаларға бағынады және еліміздегі отбасылық құндылықтарды мойындайды» деп көрсетілген. Соған қарамай ҚМДБ имамдары азаматтардың шариғи некесін қиюмен заңсыз шұғылдануда. Соның кесірінен, «шариғи неке» әйел үстіне әйел алуды (тоқализация – полигиния) үдетіп, отбасылық құндылықтарды аяқасты етті, әйелдер мен балалардың құқығы әркез тапталуда. «Шариғи некедегілердің» ажырасуы да тез. ҚМДБ төралқасы насихаттай беретін «шариғат заңы» бойынша, еркектің бір мәрте «талақ» деп айтуы әйелді жас баласымен тағдыр тәлкегіне тастап кетуіне рұқсат беріп тұр. Мысалы, Қ.Бишімбаев пен марқұм С.Нүкенованың «шариғи некесін» екі мәрте қиған имам Қанат Қыдырмин басқаратын Астанадағы Республикалық бас мешітте 2023 жылдың соңғы 4 айында 5 мың «діни неке» қиылған.  Бұл бір мешіттегі қиылған «шариғи некенің» саны ғана. Ал республика бойынша қаншама заңсыз «діни неке» рәсімі жасалғаны бір Құдайға аян. Имам Қыдырмин қиған «шариғи некенің» салдары ауыр қайғы-қасіретке ұшыратса да, бас мүфти Наурызбай Утпинов Қ.Қыдырминге қатаң жаза қолданбады. Осы мәселенің өзінен-ақ ҚМДБ басшылығы «шариғи неке қиып», оны табыс көзіне айналдыру пиғылынан қайтпайтынын көрсетіп отыр, - деді ол.

«Шариғи некеде» еркектердің ешбір жауапкершілігі жоқ»

Тұрарбек Құсайыновтың айтуынша, ҚМДБ-ның «шариғи неке» жөнінде пәтуа (діни шешім) шығаруына, оны насихаттауына тыйым салатын заң қабылдау күн тәртібінде тұр.

Үшіншіден, «шариғи некеде» еркектердің ешбір жауапкершілігі жоқ. «Шариғи некедегі» әйеліне «талақ» айтқан еркек кей кезде туған баласына фамилиясын бермей бұлталаңға салады. Мұндай жағдайда баланың әкесі кім екенін дәлелдеу үшін «талақ» болған әйел ДНК сараптамасын жасап, көп әуреге түседі. Нақтырақ айтсақ, «шариғи некемен» үйленіп, кейін ажырасқан әйелдің баласы үшін алимент алуы да қиын, ортақ жиналған дүние-мүліктен үлес ала алмай аңырап қалған қаншама әйел жүр, қаншама бала «тірі жетім» атанып, күнкөріссіз қалды. Сондықтан «шариғи неке қиюға» және ҚМДБ-ның «шариғи неке» жөнінде пәтуа (діни шешім) шығаруына, оны насихаттауына тиым салатын заң қабылдау күн тәртібінде тұр.

Мысалы,  Өзбекстан үкіметі АХАЖ-да ресми неке қимай «никях» діни рәсімін жасаған, екі және одан да көп әйел алуды насихаттаған, үндеу таратқан, сондай-ақ осындай насихатты қолдаған имамдарға 15-30 базалық есептік шама (4,95- 9,9 млн сум)  аралығында айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамайтын жаза тағайындап заң шығарды. Сол заңда гендерлік кемсітуді насихаттау, әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде жоққа шығару, осы бағыттағы идеялар мен үндеулерді тарату 10-20 базалық есептік (3,3-6,6 млн сум) шамаға дейін, жеке басын анықтауға мүмкіндік бермей бүркеніп (хиджаб) киінген адамдардың қоғамдық орындарда жүргені үшін 3,3 – 4,95 млн сум аралығында айыппұл салынатыны жазылған, - дейді дінтанушы.

«Әйелдер мен балалар құқығын қорғауды тағы да күшейту қажет»

Қазақстан Республикасының үкіметі азаматтық қоғам көтерген әйелдер мен балалар құқығын қорғау жөніндегі мәселені ескеріп, отбасыдағы зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң қабылдады. Ол заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Дегенмен, әйелдер мен балалар құқығын қорғауды тағы да күшейту қажет.  Президент Қ.Тоқаев та  өзінің мәлімдемесінде «Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс» деген болатын. Бұл мәселе діндарлар тарапынан «шариғи некені» насихаттауға тосқауыл қоюдың, «шариғи некеге» тыйым салатын тағы бір заңнамалық өзгерістер жасаудың  маңызды екенін көрсетеді, - дейді дінтанушы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар