16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қамауға алынған күдіктінің анасы видеожолдау түсірді. Видео әлеуметтік желілерде тарады, - деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйел ұлы мен оның досына қылмысты хабарламау және жасыру деген айып тағылғанын айтты. Оның айтуынша, олар қылмыс орнында болмаған. Оқиға орнына тек қылмыс болғаннан кейін барған.
Жігіттерден алдымен жауап алынып, кейін босатылған. Бірақ 13 қазанда олар қайта ұсталып, екі айға қамауға алыныпты.
"Олардың не үшін қамауға алынғанын түсінбеймін. Адам санын 13-ке толтыру керек болғандықтан ба? Егер олар оқиға орнында болмаса, олар не болғанын білмейді де ғой. Ал қылмыс кезінде сол жерде болған екі қыз неге тек куәгер ретінде аталып жүр?", - деді күдікті ретінде қамауға алынған баланың анасы.