Бүгін Қ.Сатыбалдының соты болды. Мемлекеттік айыптаушы Ж.Есебаев соттан Қ.Сатыбалдыны 6 жылға соттауды, дүние-мүлкін тәркілеуді, генерал-майор шенінен, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айырып, қауіпсіздігі орташа колонияға жіберуді сұрады.
Сот қанша жыл жаза кесетінін білмейміз, 6 жыл, бәлкім, 5 жыл берер...
Бұл аз жаза ма? Мүмкін. Қытайда мұндай айыппен, сөз жоқ, ату жазасына кесер еді. Заңның тіліне емес, қарапайым халықтың тіліне салсаң, "ату керек" дер. Алайда бізде заң басқа, оның үстіне шығынның өтелуі, айыпталушының кінәсін толық мойындауы және процесуалдық, медиативтік келісім жасалғаны жазаны біршама жеңілдетуі мүмкін.
Бірақ алда және бір сот процесі бар екенін ұмытпайық. Ол – Қаңтар бүлігіне қатысты. Егер Қ.Сатыбалдының бүлікке қатысы бар екені дәлелденсе, жазасы жеңіл болмайтыны анық. Бұл сот жабық өтетін сияқты, өйткені "мемлекеттік құпия" деген бар. Солай болса, онда тек сот үкімін ғана естиміз...
Бұл оның соңғы соты емес. Әлі талай былығы әшкере болады. Жазаның үстіне жаза жамалады. Назарбаев әулетінің жаңа қылмыстары жария болған сайын Сатыбалды да қипақтай бастайды. Тамырын тереңге жіберген жүйені бырт-бырт үзу үшін де біраз уақыт керек.
Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалап жатқандар ескі жүйенің ең қауіпті өкіліне кеңшілік таныта қоймас. Сатыбалды бастаған сабаздардың сазайын беру саяси реформаның бір тармағы іспетті дүние. Әліптің артын бағайық. Ана кісінің төңірегіне топтасқандарды әлсірету саяси реформаны сәтті жүргізуге кепіл болады.