Фото: https://www.facebook.com
Бүгін қасиетті Рамазан айының соңғы оразасы. Ораза біз үшін жеңіл өткенімен, еліміз үшін жеңіл болмады. Себебі самарқанның көк тасы алқынып, табиғаттың тосын мінезі күйбең тіршілік кешіп жатқан азаматтардың сол күнгі күнін тас-талқан етті. Еріген қар суы еліміздің он елді-мекенінде төтенше жағдай жариялауға алып келді.
Бұл қасірет әрбірімізге ауыр тиетіні сөзсіз. Бұл қазақ не көрмеді. Бейбіт күннің өзінде осындай табиғи апаттарды бастан кешіріп жатырмыз. Жаратқанның ісіне шара бар ма?! Бірақ қандай қиындық болса да мойымайтын біздің халық бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратыны айдан анық.
Қазірдің өзінде төтенше жағдайлар қызметі мен күштік құрылымдардан бөлек еліміздің әр өңірінен жиналған волонтерлер су тасқына қарсы шараларға ат салысуда. Үйсіз-күйсіз қалған ағайынға жылу жинап, бір жағына шығысуда. Бірақ олай айтуға да келмейді, себебі мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау мен көмектер барынша көрсетілуде. Тіпті зардап шеккен отбасылардың өздері алғашқы өтемақыларын ала бастады.
Мықты кәсіпорындар мен банктердің өздері арнайы ашылған шотқа қомақты қаржыларын аударып, елдің біржағына шығысуда.
Оқу-ағарту министрлігіде сабақ процесін ұйымдастыру, зардап шеккен отбасылардың балаларын сауықтыру лагерлеріне жіберу бойынша нақты шаралар қабылдауда.
Су басқан өңірлерде нанның бағасы мен қарапайым тұтынатын заттың бағасын аспандатып жүргенді де көрдік. Қазір оны сауда министрлігі өзінің қатаң бақылауына алды. Азық-түлік бағасына тұрақты бақылау жүргізілуде.
Сондай-ақ, ақпараттық штаб 24/7 жедел түрде жұмыс атқаруда. Соңғы ақпараттар уақтылы тез берілуде. Егерде осылай уақтылы берілсе ғана ел арасында қаңқу сөз бен жалған ақпарат болмайды. Әйтпесе осындай жағдайларды өз мақсатына пайдаланып кететіндерді де көрдік.
Бастысы адам шығыны жоқ. Елдің амандығы керек. Қалғанының бәрін қайтадан жасауға, қалпына келтіруге болады. Бұл да бір елімізге берілген сынақ шығар. Амандықта болайық. Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледім. Ұстаған оразаларыңыз бен ниеттеріңіз қабыл болсын!
журналист