Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Су қоймасы жарылуы мүмкін. Үйлеріңізден шығуларыңызды сұраймын!". Ақтөбе әкімі тұрғындарға ескерту жасады

11:26, 05 сәуір 2024 892

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет су тасқынына байланысты тұрғындарға ескерту жасап, үн қатты, - деп хабарлайды alash.kz. 

Азамат Бекеттің сөзінше, Хромтау аумағында орналасқан Мағажан су қоймасының жарылып кету қаупі бар. Осыған байланысты Ақтөбе су қоймасына үлкен көлемде су құйылады деген болжам бар.

"Ақтөбе су қоймасының толуына байланысты шлюзді ашуға мәжбүрміз. Бұл судың жағасынан асып кетуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеміз. Кірпішті көпірі ауданындағы Елек өзені мен Қарғалы өзенінің маңында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарын эвакуациялауға келісім беріп, үйлеріңізден шығуды сұраймын.

Біз үшін сіздердің өмірлеріңіз өте маңызды. Өздеріңіз білесіздер наурыздың 26-сы күні қала аумағында күннің күрт жылынуына байланысты дала сулары көтерілді. Бірнеше тұрғын алаптар мен бау-бақша ұжымдарына қауіп төнді. Бүгінгі күні 73 үйге су кірді. 155 адам эвакуацияланды. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беріледі", – деді әкім.

Артынша қала әкімі эвакуациялық пункттерге барып, түнде су басу қаупіне байланысты үйлерін тастап шыққан тұрғындармен кездесіп қайтқан.

"Өздеріңіз білетіндей, Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. Біз кеше түнде су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда тұратын азаматтарды эвакуацияладық. Үйлерін су басқан тұрғындар көмексіз қалмайды, жарияланған төтенше жағдай аясында көмек беріледі. Осы су тасқынына қарсы шаралар аяқталып, бірыңғайланғаннан кейін комиссия әр үйдің жағдайын қараумен айналысатын болады. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды.

Эвакуациялық және су тасқынына қарсы іс-шараларға 835 адам, 340 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытқа 2125 адам, оның ішінде 870 бала қаланың 53 мектебінде орналасты. Ыстық тамақ ұйымдастырылған", - дейді әкім. 

Азамат Бекеттің сөзінше, комиссия барлық үйге келтірілген шығынды түгендегеннен кейін зардап шеккендер толық көлемде көмек алады. Қалада төтенше жағдай режимі көмек төленіп болғанға дейін шешілмейді.

"Келтірілген шығындарды бағалау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия ертең, дүйсенбіден бастап су шайған елді мекендер мен бау-бақша үйлерін түгендеу, тексеру жүргізуді бастайды. Бірде бір үй назардан тыс қалмайды.

Комиссия үйлерге тәуелсіз бағалаушы компания өкілдерімен бірге барады, қанша үйдің ішіне су кіргені, мүліктердің бүлінгені анықталады. Үйлері суға кеткен аумақта қалған тұрғындарға комиссия баратыны туралы Астана және Алматы аудандары арқылы хабарланып отырады", - дейді қала басшысы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар