Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Суицид  жасағандар бөлек жерленеді" - имам

06:11, 20 мамыр 2023 246
Қоғамда өршіп тұрған суицидтік көңіл-күйді  қалай бодырмауға болады? Жаратушының берген ең үлкен нығметі, байлығы  өмірді адам қалай қияды? Бұл ауру ма, әлде індет пе? Әсіресе  өтпелі кезеңге аяқ бастқан жасөспірімдер жиі құрығына ілінетін кеселдің кесапатынан қаншама шаңырақ  қара жамылып жатыр. Бірақ тоқтам болар  шегі көрінбейді.  Қайбір жылы Ақмола облысына қарасты Красный Яр деп аталатын ауылда суицид жасап өзіне-өзі қол салғандарды бөлек  жерлеу жөнінде шешім шықты. Рас, алғашында ауылдың байырғы тұрғындары әсіресе  жасы егде тартқан қариялар үдере көтеріліп  қарсы тұрды. Бірден болмайдыға басты. Ал бұл ұсынысты үлкен тәуекелмен енгізген сол кезде ауылға имамдық қызметті атқаруға келген молда Науан Мүтәлұлы болатын.  Науан имам келгенге дейін де Красный Ярда суицид болды, өз өмірін қиғандарды ауылдың қорымына өзге марқұмдармен қатар жерлеп те жатты. Бірақ ата дініміз, ұстанған бағытымызда суицид жасаудың ең ауыр күнә екенін, Алланың ашуына себеп болатынын ұғындыруға тырысқан имам бұған білек сыбана кірісті. «Мыңмен жалғыз алысқан» Науан  молданың  бұл әрекеті де қисынсыз болған жоқ. Ауыл қорымының шетіне жырақтау жерден   тиген орынға  суицид жасап өмірін қиғандар жерленді. Енді осы әрекеттің қандай берекеті  болды дерсіз. Нәтижесі таудай!   Ауыл тұрғындары арасында өмірдің сәл сынағына шыдай алмай, өмірін қимаққа бекінген бірнеше адам райынан қайтқан,  тәубесіне келген. Қоғамда суицидті болдырмауға себебімен күресіп жүрген Науан имаммен сұхбатымыздың негізі ауаны да осы мәселе  төңірегінде  өрбіді.

–Науан Мүтәлұлы, сіздің Красный Яр ауылына әкелген тосын жаңалығыңызды алғашында жергілікті халық тосырқай қабылдағаны  бұған дейін де айтылды. Әрине бұрын-соңды мұндай  батыл қадам жасауға ешкім ықыласты болған жоқ, өз өмірін қиғандардың ана дүниеде қандай азапқа түсетінін,  жалған өмірде алданып жүргендер де сезінсін дегеннен туған мақсат па?

–Дұрыс айтасың, хәкім Абайдың «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дегеніндей алғашында үрке қарап, әрекетімізді сан-саққа жүгіртушілер де  табылды.  Біздің Ислам дініміздегі ұстанатын бағытымыз Әбу Ханифа мәсхабы.  Бұл мәсхабта да суицид жасау, өміріңді  қасақана қию ауыр күнә саналады.  Сондықтан да Красный Яр ауылына имамдық қызметті атқаруға келгенде ауыл халқын жинап үлкен жиын өтткіздік, көпшіліктің талқысына салдық. Өкініштісі сол кезеңдерде суицид жасаушылардың қатары артып өмір мен өлім арпалысы теңселіп тұрған еді. Тіпті  асылып қайтыс болушылардың қатары артып бара жатқаны қатты алаңдатты. Қайтпек керек, осылай қол қусырып,  қамсыз отыра береміз бе?  Суицид жасаған  жасөспірім мейлі ол қыз болсын, ұл болсын ата-анасының үміт артқан  ұрпағы ғой. Қаншама отбасы осындай қайғылы оқиғадан кейін қан жұтып азынап  қалып отыр.  Осындай қысылтаяң шақта өзімнің туған ауылымдағы әрекетті  жалғастыру қажеттігін түсіндік.  Сөз басында айтқанымдай, бәрі бірден қолдай кеткен жоқ.  2006 жылы өзімінң туған ауылым «Жаңа тілекте» осы әрекетке барып жүзеге асырғалы суицид жасау дерегі азайды.  Өмірін қиып ана дүниеге барғанда Алланың орасан зауалына ұшырап, қаһарына  ілінетінін ескертіп, жетесіне жеткізе түсіндірдік, тозақ отына күйгісі келмесе  суицидке бармау керегін  түсіндірдік.  Әрине адам аласы ішінде, бәріне бірдей пікірің жаға қоюы, айтқаныңды қабылдауы қиынға соғады. Біз осы қадамды жасап суицид жасап қайтыс болған жандарды бөлек жерлеуді  бастадық. Бір жігіт өз өмірін қиды.  Көрін қазушылар бір тылсымға тап болды сонда. Кейбір өңірде ақымы дейді, біздің жақта лақаты деп айтады, сүйекті жатқызатын орынды қазып болып сүйекті жерлейін деп  жатқанда   топырақ  морылып құлап кетті. Сонда ауыл үлкендері «марқұмның өз өмірін өзі қиып суицидке барғаны үшін қара жердің өзі қабылдамай жатыр ма» деп   таңырқады. Осы ауылда суицидке бір емес бірнеше мәрте барып, бауырлары көріп  қалып асылып тұрған жерінен шешіп алған бір жігіт кейін райынан қайтты. Біздің уағызымызды тыңдап, осында күрес жүргізгенімізді көріп, өмірін қиғандардың жаназасын имам не болмаса мәзім емес  қатардағы адам оқитынын естіп білгеннен кейін мұндай  әрекетінен қайтты. Қазіргі таңда балалы-шағалы бақуатты ғұмыр кешіп жатыр.

–Суицидті болдырмаудың, алдын алудың алғышарты қандай?

–Ең алдымен иманды күшейту керек. дін мен дәстүрді қатар өрбіте отырып тәрбие беруді нығайту. Бүгінгі күнде балаларды кім тәрбиелеп отыр? Әрине көбіне қолынан түспейтін телефонда  қаншама зиянды да, зиянсыз да дүниелер еш шектеусіз көрсетіледі, айтылады,  ақпараты жазылады. Бала өзі нені көргісі келеді соны еркін тауып алады. Еуропаға еліктеу, басқа мемлекеттің   қаңсығына таңсық болудың да   жат қылыққа  бастайтыны  ақиқат. Имандылықты күшейтіп, имани сабақты  көбейтіп, іс-шараларды ұйымдастырып  ұлттық тәрбиеміздің тұғырын  мықтауымыз қажет. Ұлттық құндылығымыз, салт-дәстүрімізді ұштастыратын шараларды жиі ұйымдастырып, баламен етене араласып, тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор.   Баланың арғы әлеміне үңіліп, жүрегіне жол тауып сөйлесе алуымыз қажет. Ата-ана  мен бала арасындағы байланыстың жібі жіңішкерген сайын сенімге де селкеу түсе бастайды. Бұйығы,  өзімен-өзі томаға жүретін балаларды жиі әңгімеге тартып,  ішкі әлемін зерттеудің маңызы жоғары.  Біз де өз тарапымыздан суицидтің алдын алуға ұмтылып, кейін опық жеп бармақ шайнамас үшін  түрлі жиын,к ездесулерде осы мәселе турасында айтып, жастарыдң жаңылыс баспауына әрекет етіп жүрміз. Теңізге тамған тамшыдай болса да суицидтің сандарын азайтуға септігіміз тисе ол біздің азаматтық борышымыз. Бұл кеселмен күресуге қоғам жұдырықтай жұмыла кірісуі керек деп санаймын.

Сұхбаттасқан  Есім Көшімбай

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?