–Ғалымжан мырза, бүгінгі жұма намазының алдындағы уағыз айту бөлімінде суицид тақырыбын көтердіңіз. Себебімен емес, қатердің алдын алып, салдарымен күресуге қоғам болып жұмылғанда ғана күш аламыз, қауіптің бетін тойтара аламыз ғой.
–Әрине, бүгін өзіңіз де қатыссаңыз тыңдадыңыз, біз суицид тақырыбын, ондай ауыр қадамға бармаудың, ақіреттегі азабы өте қиын болатынын жамағатқа түсіндіріп, үнемі қозғап отырамыз. Мына бір мысалдан бастайын, екі-үш жыл бұрын бір танысымызыдң 11-сыныпты бітірген ұлы тесттен аз балл жинап, білім грантына іліге алмай қалды. Бала өз өмірін қиып қайтыс болды. Өрімдай ұлынан айырылған ата-ананың көкірегі қарс айырылып жылағанын көзім көргенде тұла бойым шымырлады. Бұл қайдан келген кесел, мұндай кесапат біздің ата-бабаларымыздың өмір сүрген кезеңде орын алды ма? Қиындық кімнің басын келіп кетпейді, тек сабырмен, шүкірмен төзе білу керек. Алла Тағала құлын қиналғанын емес, сабырмен, шүкірмен көтеріп қиындықтан шыққанын қалайды.
–Жаңа өзіңіз айтқан мысалдағы дерек, яғни суицидке бару әрекеті бұдан кейін де қабылданбасын десек, бала тәрбиесіне ата-аналар да жауапкершілікпен қарауды күшейтуі тиіс. Қазір мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, білім грантына бақтарын сынайтын кез. Осындай үміт пен күдік арпалысқан сәтте балаға психологиялық тұрғыдан ата-ананың да көмегі ауадай қажет.
–Дұрыс айтасыз, биыл оқу түсе алмай қалдың ба, алдағы мүмкіндіктер өте көп. Жаңа да айттым, Аллла Тағала саған бір мүмкіндік ұсынды өте алмады ма, сағың сынбасын, еңсеңді түсірме, келесі есік міндетті түрде ашылады, ол болмаса үшіншісі. Биыл оқуға түсе алмадым деп қапаланып, тіпті суицидке барып өз тағдырыңа өзің қарсы шығуға әсте болмайды. Балалардың, жастардың суицидке баруы, осындайц қадам жасауына тәрбиенің ақсап жатқаны, қоғамдағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудегі олқылықтардың да себебі бар. Имандылық пен ұлттық тәрбиені ұштастыра отырып балаларды баулуды мықтап қолға алуымыз керек. Қазір 11-сыныпты бітірген оқушылар яғни мектеп түлектері тест тапсырады. Білім грантының да бәсекесі жоғары. 1-2 балла жетпей қалды деп грантқа іліге алмағаны үшін жан тапсырдың азабы қандай ауыр. Ең алдымен бұ дүниеде жақындарың ата-анаң зардап шегеді, құсадан бас көтере алмайды. Ал бақилық болған марқұм ана дүниеде тозаққа түсетінін ұғындыруымыз керек. Жастардың санасына сіңіру қажет. Сонда ғана біз қоғамда суицидтік көңіл-күйді болдырмауға бекінеміз. Өмірде ақ пен қара, ауыр мен жеңіл, қайғы мен қуаныш алма-кезек жүретінін балаларға жастайынан ұғындыруымыз керек. Психологиялық қысымға жібермеуіміз керек. Тағы да қайталап айтам, биыл оқу түсе алмай қалды ма, келесі жылы, арғы жылы тапсырып бағын сынап, мүмкіндігін пайдалануына болатынын ұғындыруымыз керек. Бұл жол жабық па, басқа жолда үлкен нығмет нәсіп болып тұрғанын түсіндірген абзал.
–Шариғатта суицид жасап өз өмірін өз қиғандарға жаназа шығарылып жүр, бұл қисынды ма?
–Гумманистік көзқарас, обал мен сауаптың себебінен туындаған қисын дер едім мұны. Біздің ата-бабаларымызыдң байырғыдан ұстаып келе жатқан Ислам дінінлегі бағытымыз – Әбу Ханифа мәзһабы. Орталық Азия елдері де осы мәзхабты ұстанады. Әбу Ханифа мәзхабының үкімі бойынша ақыл-есі сау, жынды емес төрт мүшесі түгел адам өзіне-өзі қол жұмсап, қасақана суицид жасайтын болса, жаназасы оқылмайды. Осы арқылы суицид жасаушылардан тірілерді жирендіру, мұның екі дүниеде де тауқыметі орасан, кесапат, кесірі көп екенін осылай ұғындырған. Өкініштісі қазіргі күнде жаназа намазын оқуға шақырғанда «неден қайтыс болды?» деп сұрасаң туыстары күмілжіп, көп алдында айта алмай құлағыңа сыбырлайды «суицид жасаған екен» деп. Туыстары өтініп, марқұмның алдындағы ақырғы борыштарын аманатпен орындауға бекінгендерін айтып, жаназасын шығартады. Бірақ ол жаназа намазы қабыл болуы болмауы бір Алланың құзіретінде. Себебі марқұм Алланың үкіміне қайшы әрекет жасап ажал құшып отыр.
Біз қоғамда суицидтік көңіл-күйлді азайтамыз десек біздерге де зор міндет жүктеледі. Сондықтан да ажстарымызбен білікті дін өкілдері, имамдар, дін саласын зерттеп жүрген теологтар жастармен жиі кездесу өткізіп, осы мәселені кеңінен талқылаудың маңызы зор.
Сұхбаттасқан Көшім Есімбай