— Қандай жағдай, оқиға болмасын, жұмысымда ашықтық пен жариялылық принциптеріне басымдық беремін. Бағзыларыңыз хабардар болуларыңыз керек, бұдан бұрын жемқорлыққа қарсы ведомство тарапынан облысымыздың білім басқармасының басшылығына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Тексеру қорытындысымен бөлісу қажет деген оймен, менің жұмысымда қандай да бір жемқорлық заңбұзушылықтардың болмауы себепті, істің жабылғанын хабарлаймын, – деп жазды басқарма басшысы фейсбуктегі парақшасында.
Бірақ өкінішке қарай, ашықтық пен жариялықты жақсы көретін басшы үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты мән-жайлармен бөлісуді ұмыт қалдырыпты. «Судан таза, сүттен ақпын» дегеннен басқа ештеңе жоқ. Бас мұғалімнің біраз құпияны жасырып отырғаны айдан анық.
Осы жерде еске түсіре кетейік, биыл қаңтарда Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының, оның екі орынбасарының және бөлім басшысының пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы бейресми ақпарат тараған болатын. Жұртшылық осы жәйтті әлеуметтік желіде қызу талқылап, түрлі қауесеттер өрттей қаулап жатқан кезде біз мәселенің анық-қанығын білу үшін алдымен білім басқармасына хабарластық. Басқарманың баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек барлық қызметкердің жұмыс орнында екендігін, ал қылмыстық іске қатысты мәліметті облыстық антикордан алу қажеттігін алға тарты. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық департаментіндегілер ресми мәліметтерді тек агенттік тарататынын айтумен шектелді. Осылайша облыстың бас мұғаліміне қатысты алыпқашты әңгімелердің ақиқаты белгісіз күйінде қалған.
Алайда басқарма басшысы, құзырлы органдар айтпаған кейбір мән-жайларды біз өткен аптада Түркістан облыстық мамандандырылған әкімшілік сотының шығарған ұйғарымынан таптық. Ұйғарымға қарағанда, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасары Бауыржан Ахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары Қылмыстық кодекстің 366-бабы, яғни пара алу бабы бойынша жүргізілген. Бірақ күдіктілердің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылған. Осыдан кейін 22 мамырда антикор Түркістан облысының әкіміне хат жолдаған. Хатта лауазымды тұлғалар – Д.Болатханұлы, Б.Ахметов пен Н.Нұрлыбаевтың (Болатханұлының тағы бір орынбасары Б.Ә.) өзіне бағынышты ұжымда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастырудың орнына, қарамағындағы қызметкерлерге заңсыз тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бергені көрсетілген. Антикор осыған қатысты тиісті шара көруді ұсынған. Заң бойынша хатқа енді облыс әкімі бір ай ішінде жауап беруге тиіс.
Шамасы, Дінислам Болатханұлы қылмыстық істен құтылғанымен, антикордың жолдаған хаты қызметтік карьерасына кері әсер ететінін жақсы білген. Ол дереу Түркістан облысының мамандандырылған әкімшілік сотына талап-арыз беріп, жоғарыдағы хаттың күшін жоюды сұранған. Алайда судья мұндай мәселені қарау соттың құзырына кірмейтінін алға тартып, талап-арызды кері қайтару жөнінде ұйғарым шығарған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістанның бас мұғалімінің әрекеті, «суға кеткен тал қармайдының» кері болған сияқты.
Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жемқорлыққа тым кеңпейіл болғаны рас. Оның түбіне осы кеңпейілділік жетті десек, қателеспеуіміз мүмкін. Ал оның орнын басқан Дархан Сатыбалды өзін сыбайластықпен ымырасыз күресетін басшы ретінде көрсетіп келеді. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде қарамағындағы қызметкерінің жемқорлық қылмысы үшін үш аудан әкімі отставкіге кетті. Қазір тағы бір аудан әкімінің мәселесі майшаммен қаралып жатқан көрінеді.
Биыл ақпанда Дархан Сатыбалды халықпен өткен кездесуде:
– Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші адам – менмін. Жемқорлыққа жол берген басшылар мен мемлекеттік қызметшілер міндетті түрде жұмыстан босатылады, – деген еді. Енді Дархан Сатыбалды қарамағындағы қызметкерлеріне заңсыз тапсырмалар жүктеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берген басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның екі орынбасарына қатысты қандай шешім қабылдайды?
P.S. Дәл қазір Түркістанның білім саласы онсыз да сыбайлас жемқорлықпен бүкіл елді шулатып жатыр. Соңғы бір жылдың көлемінде басқармаға тікелей бағынатын төрт аудандық білім бөлімінің басшысы сотталды. Оның екеуі – пара алу, біреуі қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасау баптарымен кінәлі деп танылса, біреуі журналистің өміріне қастандық жасауға тапсырыс берді деген айыппен бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.