Заңгер Данияр Байғабатов Шерзат Болаттың ісіне қатысты сот процесінің ашық және онлайн режимде өтуіне қатысты сұраққа жауап берді, –деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Заңгердің сөзінше, процестің ашық өтуі бірнеше факторға байланысты. Ең алдымен процесті онлайн өткізу үшін техникалық мүмкіндіктер бар-жоғы қарастырылады. Мұндай істерде қоғамдық резонанс та әсер етуі мүмкін.
Данияр Байғабатов егер жәбірленуші тарап – Шерзаттың ата-анасы процесті онлайн, ашық өткізуге өтініш берсе және трансляция жүргізуге техникалық мүмкіндік болса, Жоғарғы сот тарапынан рұқсат берілуі мүмкін екенін айтады.
"Заң бойынша БАҚ өкілдері қатыса алатын және қарапайым азаматтар онлайн көре алатын ашық сот процестерін өткізуге болады. Алайда егер айыпталушылар түрлерінің трансляцияда таралып кетуіне қарсы шықса, ол процестің онлайн өтуі немесе өтпеуі туралы шешім қабылдауда әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда айыпталушылардың түрі трансляциядан көрсетілмеуі мүмкін", – дейді Байғабатов.
Одан бөлек, заңгердің сөзінше, кейбір жағдайда егер айыпталушылар немесе олардың адвокаттары сотты жабық өткізуге өтініш берсе, сот трансляцияны өткізбей қоюы мүмкін.
"Процесс кезінде судья трансляция жүргізуге қатысты нақты шешім шығарады. Себебі айыпталушылардың да конституциялық құқығы бар", – дейді заңгер.
Қазіргі таңда іс әлі сотқа жеткен жоқ. Себебі тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр. Заңгердің айтуынша, тергеу амалдары ұзаққа созылуы мүмкін, себебі бұл іске қатысты күдікті адам саны көп және сараптама көп жүргізіп, күдіктілерден жауап алынуы керек.