Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Тіпті олар көңіл айтуға да келмеді”: Марқұм Шерзаттың ата-анасы мәлімдеме жасады

12:12, 29 қараша 2024 129

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ата-анасы мен қос қорғаушысы көпшілікке мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.KZ.

Олар істің мән-жайын Airan YouTube арнасына баяндады.

“Қазіргі кезде ата-анамызбен тұрып жатырмыз. Өртеніп кеткен үйімізге өтемақы төленбеді. Әкімдіктен ешқандай көмек болмады.  Адамдар арасында отбасымыз жылу жинап жатыр деген сыбыс тарады. Біздің бұған еш қатысымыз жоқ. Мен бұған байланысты түсініктеме бердім. Сондай-ақ бұған дейін көрсетілген қысым тоқтады. Қазіргі кезде қорқытып-үркіту жоқ. Барлығы тыныш ”, - дейді марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов. 

Қазіргі кезде Нұрымовтардың шағын дүкендері жұмысын тоқтатқан. Айтуларынша, жақында ет дүкенін ашып, іс бастауды қайта қолға алған.

“Қазіргі таңда мен ақша төленбейтін уақытша еңбек демалысындамын. Дүкеніміз жұмыс істеп тұрған жоқ. Алайда бізде шағын кәсібіміз бар. Кешелі бері ет дүкенін ашып, соны жүргізіп жатырмыз”, - дейді марқұмның әкесі.

Марқұмның ата-анасы Шерзаттың қазасы орны толмас қайғы екенін атап өтті.

“Біз күн сайын Шерзатты еске аламыз. Оның орны ерекше еді. Сол үшін де қазасы ауыр соққы болып тиді. Шерзат еркіндікке жаны құштар, ержүрек, қолы ашық жан еді”, - дейді марқұмның анасы Гүлбара Бейшімбаева.

Марқұмның әкесі де баласының көпшіл болғанын айтады.

“Шерзат туралы көп айтуға болады. Мектепте жақсы оқыды. Қырсық болса да, мінезі сабырлы еді. Достары да көп болды. Менен бір айырмашылығы, оны көбі танитын, бәріне көмектесіп жүретін. Ол өмірді қатты жақсы көрді. 16 жыл ғұмыр кешсе де, осы жылдар аралығында бізге көптеген қуаныш сыйлай білді. Жақындары үшін жанын беруге дайын тұратын”, - дейді ол.

Марқұмның ата-анасы қайғылы оқиға болған түнді де естеріне алды.

“Шерзат қаза тапқан түні біз сол орынға әжесі екеуіміз бардық. Мен ана ретінде олардан өлтірмеуін сұрадым. Олар менің сөзіме құлақ аспады. Шерзат пен жолдасымның інісін аяусыз соққыға жықты”, - дейді анасы Гүлбара Бейшімбаева.

Әкесі күдіктінің алауыздық тудырғанын айтады.

“Сол түні дүкенге Дархан деген жігіт келіп, сыра алды. Мен ол жігітке баламның кішкентай екенін айтып, тиіспеуін сұрадым. Дархан боқауыз сөз айтып, өзі алауыздық тудырды. Шерзат оның жағын сындырмады. Себебі оларды бірден ажыратып алдым. Ұлыма да ескерту жасап, ана жігітті де тыныштандырғым келді. Ол мені тыңдамады. Достарын шақыра бастады. Мен де еркекпін, менің де достарым бар. Дәл сол секілді Нұрқанат пен Шерзаттың да достары көп. Алайда біз оларды шақырмадық”, — дейді ол.

Ал күдіктілердің ата-аналары марқұмның отбасына кінә тағып жатқан көрінеді.

“Олар барлығын әдейі істеді. Тіпті Шерзаттың жасөспірім екенін де елемеді. Қазір күдіктілердің ата-аналары сол орында болғандай кейіп танытып жатыр. Олар балаларының қандай екенін білмейді және бізге кінә артып жатыр. Күдіктілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етеміз”, — дейді марқұмның анасы.

Қаржаубай Нұрымов тіпті олардың көңіл айтып келмгендерін де алға тартты.

“Мен оларға ауыр сөз айтқым келмейді. Бірақ олардың әкелеріне айтқым келеді, олардың да балалары бар. Әке баласы үшін жауап береді. Тіпті олар көңіл айтуға да келмеді”, - дейді ол.

Қаржаубай Нұрымов отбасының болашағына алаңдайды. Қазіргі таңда олар Талғардан көшуді жоспарлап жүр.

“Бізді тек талғарлықтар қана емес, басқа өңірдің тұрғындары мен басқа елдің азаматтары да қолдап жатыр. Мен бәріне алғыс айтамын. Негізі Талғардан кеткім келеді. Себебі Шерзаттан басқа балаларым бар. Бірақ қай қалаға, қай аймаққа көшетінімді айтқым келмейді”, — деді ол.

Ал күдіктілерге қатысты тергеу жалғасуда. Марқұмның қорғаушылары Саида Тәуекелова мен Карина Кошербаеваның айтуынша, қылмыстық іс бірнеше бап бойынша қаралып жатыр. Жақында тергеу аяқталып, іс сотқа жіберіледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар