Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаевтың атасы ашаршылық кезінде қырғыздарды паналады. Әуезов пен "Манас": Қазақ кісілігін көрсетіп, қырғыз көкпаршыларын өкпелетпеу керек еді - МӘДЕНИЕТТАНУШЫ

16:38, 21 қыркүйек 2024 82

«Қазақ-қырғыз» бір туған. Иә, бұл сөз көпке танымал. Бірақ тамырына үңіліп, тарихына терең бойласақ, әр қазақ қырғыз халқын ренжітпек түгілі, шаң жуытпас еді. Қазақ-қырғызды байланыстыратын тек ұлттық рух қана емес, мәдениет, әдебиет, көпке рух сыйлайтын тағдыр тоғыстырған тарих...

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары кезіндегі көкпаршылармен болған болмашы дүние екі елдің арасына сыза түсіруге шақ қалды. Осы орайда Alash.kz ұлттық порталы «қазақ-қырғыз бір туған» мәтелінің тарихына үңіліп, танымал мәдениеттанушы, «Салттар әлеміне саяхат», «Есімдер. Сақтардан қазақтарға дейін» кітаптарының авторы Бердалы Оспанмен тағылымды сұхбат жүргізді.

Сұхбат барысында кейіпкеріміз Бердал Оспан қазақ-қырғыз халқының бір толқында ұштасқан тарихын баяндап берді.

«Қырғыз-қазақ бір туған» деген сөзді көп жерде қолданамыз. Екі елдің көпір сөзі десек артық емес. Жалпы, бұл мәтелдің шығу тарихы қандай? Неге қазақ басқамен емес қырғызбен бір туған?

-Түркі тектес халықтар барлығы бауыр, бір шаңырақтың баласы. Кейін бөлек еншілерін алып үй болып кетті. Қазақ пен қырғыз да жеке енші алып кеткен елдердің бірі. Екі елдің жақындығына келсек, қазақ қырғыз ұлтын бәрінен де жақын тұтқан. Бұл әлемдегі ең жақын, қандас-туысымыз, әрине, қырғыздар болған. Манасты ең бірінші қағазға түсірген де қазақтың Шоқаны. Қазақтар «Манас» жырын бұрыннан білген, ақындары да «Манасты» жырлады. «Жүз жасаған Жамбыл» «Манасты» он күн бойы жырлай алған. Осы жырдың тағдыры 20-шы ғасырда қатты қиын болды, совет билігі келіп, коммунистер қазақ-қырғыздың жырлары мен әдеби мұраларын «халықтық емес, феодолизмнің сарқыншағы» деп жоқ қылуға тырысты. 1952 жылы 8-ші шілде күні Қырғызстанда конференция болды. Бұл жерде «Манас» жырының тағдыры шешілетін болды. Түрлі ғалымдар келді, олар жырды жамандап, керек емес тұтты. Бұл жырды жоқ боп кетуден сақтаған, Шоқаннан бөлек тағы да бір қазақтың ұлы тұлғасы бар. Ол – Мұхтар Әуезов. Өзінің жағдайы қиын болса да, жырдың жағдайын естіп, конференцияға барып, «Бұл қырғыздардың байырғы әдеби жыры, қырғыз халқының батырлар жыры» деп араша түскен ұлы тұлға еді. Әуезовтың сөзінен кейін, конференцияның алдыңғы қатарында отырған бір кісі терезенің алдына барып сыртта асыға күтіп жүрген қырғыз халқына «Құтқарылды» деп айхай салған ғой. Бұны айтып берген Шыңғыс Айтматов. Қазақта Бейсембей Кенжебайұлы деген үлкен ғалым болған. Ол кісі мәскеуде қырғыздың үлкен азаматы, қоғам қайраткері, Төреқұл Айтматовпен дос болған. Оқуды бітіріп, қоштасар сәтте, «бірімізден ұл, бірімізден қыз туса құда болайық, екеумізден де ұл туса елімізге ерлік еткен Шыңғыс хан атына ескерткіш етіп, «Шыңғыс» қоялық деп уәделескен. Есімі солай берілген Шыңғыс Айтматұлы Мұхтар Әуезовтың «Манасқа» араша түскеніндей, жыл өткен кездері Қазақстанның тағдырына ара түсті. «Байқоңыр – экологиялық қауіп, Арал, Семей полигоны» сынды қауіп тудыратын аймақтар туралы 1980 жылы «Боранды бекет» атты еңбек жазып, әлемде кең таралған болатын. Байқоңырдың жабылуына әсер етті. Нәзір Төреқұлұлы мен Бейсембей Кенжебайұлының достығының осындай да жақсылығы барын естен шығармау керек. Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін үш тілде де оқыдым. Әкесі Нәзірдің біз туралы көп жақсы дүниелер айтқан болу керек. Айтматов еңбектерінде қазақтар туралы көп жырлады. Шыңғыс Айтматовтың жазушы болуына қазақ елі әсер еткен. Бұны да біз айтпай кетуімізге болмайды. Қырғыз елінің Алы Тоқанбай есімді ақыны болған. Сол кісінің кітабы ең бірінші қазақ тілінде шыққан. Кенен Әзірбайұлы деген ақынымыз ашаршылық жылдары қырғыздарды барып паналаған. Сол жақта туған баласына «Қырғыз бала» деп есім қойған. Кенен Әзірбайұлының қырғыз елінен көптеген достары болған. Қазақстанның президентінің «Әке туралы сөз» атты кітабында өзінің атасы ашаршылық жылдары қырғыздарды барып паналаған екен.

Қазақстан мен Қырғызстанның салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары, мәдениеті бір-біріне қатты ұқсай ма? Қандай өзгешелік бар?

-Мұхтар Әуезұлы «Қырғыздың батырлық жыры – Манас» деген зерттеу жазды. Әлкей Марғұлан болса «Шоқан және Манас» атты еңбек жазды. Рахманқұл Бердібай академик «Манас және қазақ эпикалық дәстүрі» деген зерттеу жазған. Әбсаттар Дәбісабин «Шоқан Манас туралы» зерттеуін жазған. Нариман Мұхамедханұлы деген ғалым «Мұхтар Әуезов және Манас эпосы» туралы еңбек жазды. Қаныш Сәтбайұлы да «Манасты» жоғары деңгейде бағалаған. Жалпы қазақ халқы «Манасты» ұлық етеді. Бүкіл әлемге түркі халқын паш еткен жыр ғой. Әлемге танылған Үндістанның жырынан екі есе көп жазылған жыр. Қазақта Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» көлемі жағынан көп, бірақ қазақтар сонда да «Манас» жырын басына көтереді. Қырғыздарды қазақтар өздерінің ең туған бауыры деп қатты жақсы көреді. Мұхтар Әуезовтың «Қилы Заман» романындағы «Албан» көтерілісінде қазақтарға өзбек, қырғыз бауырларымыздың көмектескені жазылады. Мұрат Әуезұлы 1916 жылғы көтеріліс түркі халықтарының патшалық Ресейге бірге шыққан ең соңғы көтерілісі деп баға береді.

Мысалы, «Қараш-қараш» оқиғасына киноны қырғыз бауырларымыз түсірді. Басты рөлдегі Бақтығұлды сомдаған Сейменқұлды қазақтар қырғыз әртісі деп бөлмейді ғой. Басқа да біздің әртістер қырғыз фильмінде ойнады. Асанәлі Әшімұлы, Досхан Жолжақсынов, Кененбай Қожабеков сынды әртістер ойнады. «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» деген кино бар. Бұл фильмде де Сейменқұл ойнайды. Итжеккеннен қайтып келгенде қазақтың даласымен өттім. Біржан Салдың «Теміртас» деген әнін үйреніп едім» дейді. Осы «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» киносында «Теміртас» әні түгелімен беріледі. Киноның кейіпкері домбырада ойнайды.

Менің «Салттар әлеміне саяхат» атты кітабым бар. 15 жыл жазған «Есімдер – Сақтардан қазақтарға дейін» кітабым бар.

Осы кітапты жазу барысында мен, Шыңғыс Айтматовтың барлық еңбегін қырғыз тілінде оқыдым. Соның ішіндегі есімдердің барлығы бізде бар аттар. Қай әңгімесін алып қарасақ та, бәрі де қазақтың есімдері. Айта кетейін, «Жәмилә» деген шығармасында Даниярға ғашық болып, Жәмилә ауылынан кетеді. Қайда? Қазақстанға кетеді. Осындай қимастық сезім қазақтың жүрегінде бар. Мен өзім Қырғызстанда конференцияда болдым. Шыны керек, олар қазақ десе өліп тұрады. Қазақтар да қырғыз десе жаны шүберекке түйіледі. Қалай түйілмесін? 1986 жылы болған «Желтоқсан» төңкерісі кезінде қырғыз ағайындар бізге келіп көмектесті. Алаңды қоршап тұрғандардың арасында қырғыз жігіттер де болған. Оған алғысхат берілген. Ол жігіт алғысхатты кері үкіметке қайтарып жіберген ғой. Мен бұндай алғысхатты алмаймын дегені ғой. Қазақ-қырғыз бір-бірін бөлмейді. Қырғыздың ғылым және ағартушылық министрі «Манас» жөнінде христоматия кітабын шығарды. Бірінші бетінде Шоқан Уәлихановтың аты жазылады. Бірінші орында Уәлиханов пен Әуезовтың аты тұр. Бұл кітап 50 ғана дана болып шықты. Барлық әлемге – 50 дана боп шыққан кітаптың біреуін қырғыз елі маған сыйлады.

Айтпақшы, қырғыз бауырлар Мұхтар Әуезұлының "Көксерегін" де кино етіп түсірген. Режиссер қырғыз Толомұш Өкей, басты рөлдерде қырғыз Сүйменқұл Чоқмор, қазақ Нұржұман Ықтымбай, музыкасын жазған Нұрғиса Тілендіұлы.

Мәжит Бегалиннің "Ел басына күн туса" шетелше аты (За Нами Москва) филмінде басты рөл Бауыржан Момышұлыны қырғыз артисі ойнаған. "Қыз Жібек" филмін ең алдымен қырғыздар түсірмек болған.

- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар тартысынан кейін қырғыз халқы бізге қатты ренжіп қалды. Әділетсіздік орын алды деп өкпелерін білдірді. Бұл екі бауырлас елдің ынтымағына сыза түсіре ме?

-Біз неге қырғыздарды жек көруіміз керек? Болмашы нәрсеге өкпелеуге болмайды. Қырғыздың бір ақыны бар, ол Бішкекке Кенесары ханның ескерткішін қою керек деп ұсыныс жасап жатыр.

Қазақ пен қырғыз ешқашан бөлінбеген. Қырғыздың «Жаңбыр төкті» әнін қазақтар сүйіп айтады. «Қызыл өрігінсіз» қазақтың тойы өтпейді. Жалпы қазақ пен қырғыз бір ұлт. Оны бөліп жаруға болмайды, ал егер бөліп жарайын десеңіз, өйткені, бөлетін нәрсе таппайсыз. Мәдениеттанушы ретінде 1000 пайыз айта аламын, «қазақ пен қырғызды» бөліп алу мүмкін емес.

Сезімге беріліп кеткен көкпаршылардың әрекеті қазір талқыланып жатыр. Ойында ондай-ондай болады. Соған бола, қырғыз бен қазақ айырылысып кетпеу керек. Қазақ әдебиетінде «қазақ-ноғай айырылған» деген бір кезең бар. Енді соған барудың қажеті жоқ қой. КСРО тараған кезде Ыстықкөлдегі Мқхтар Әуезовтың мұражайын қырғыздар сақтап қалды. Ақшалары жоқ болса да, сақтады. Біз оларға неге осы үшін алғыс айтпаймыз? Мұхтар Әуезұлы «Манасты» тек қағаз бетінде ғана зерттеген жоқ, манасшы зерттеушілердің үйіне барған. Кіші ұлы Мұрат Әуезұлын да қасына ертіп жүрген. Мұрат аға өзі бір естелік әңгімесін айтып берген еді. Манасшының үйіне барып жырды тыңдап отырған кезінде, қырғызша тілді түсінген едім. Әкеме мен «түсініп отырмын» дегенімде, ол зерттеушіге қуанып айтқан еді.

Пендешілік болады, өкпе деген болады. Қырғыз бауырлар мойнына таққан алқаны алмай қойды деп жатырмыз. Видеодан көрдім, біреуі ғана сүйткен. Кетісетін болса, кетісер еді. Қырғыздар кімге еркелейді? Туысқандарына еркелейді ғой. Ағылшын, орыс, француздарға емес, бізге қимастығын білдіріп жатыр ғой. Барлығымен шапсақ та, қырғыздармен көкпар шаппая қояайықшы. Не керегі бар оның? Біз енді оларға аға да, іні де емеспіз. Біз оларға ағайынбыз. Биік болайықшы. Үйтті, бүйтті дегенді айтпайық. Біздің көкпаршылар алқаны бере салу керек еді. Ең бастысы қазақ пен қырғыздың рухы көтерілер еді. Қамшы тиіп кетті екен деп, айырылсып кетуге болмайды. Жүгіріп барып құшақтасу керек еді.

Алтын бірде бұйырады, бірде жоқ. Достық алтыннан да қымбат дүние. Келесі дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бұл жағдай ескеріле ме екен?

-Алқа мен орынды беріп, өкпелемеңдер деу керек еді. Жалғыздықтан қорқу керек. Қырғыздардан басқа кіміміз бар? Бауырымызды кішірейтпеу керек. Біздің шенділер, көкпаршылар барып татулассын. Болмашы нәрсе үшін, бүкіл әлемге ұятты болмау керек. Алдымызда әлі мыңжылдықтар бар. Түрлі-түсті қиындықтар бар. Қырғыз, өзбек, әзірбайжан халқына көмектесуіміз керек. Түркітілдестердің барлығы бауырларымыз. «Менің екі асылым бар. Бірі - туған елім, бірі – Мұхтар Әуезов» деп айтқан Шыңғыс Айтматовтың аруағы риза болсыншы. Жүз жасаған Жамбылдың, «Қырғыз бала» деп баласына есімін қойған Кенен Әзірбайұлының аруағы риза болсын. Біздің елімізге келін болып келген қырғыздың қыздары, қырғызға барған қазақтың қыздары риза болсыншы. Бұндай дүние енді қайталанбасын.

Қазақта «қырғыз» деген ру бар. Бұл да жақындықты білдіреді. Қазақта «кісілік» деген ұғым бар. Қырғыздар өкпелеп кетіп бара жатқан кезде қазақтар «кісілік» көрсету керек еді. Шенеуніктер осыны қолға алу керек еді. Бұл енді менің пікірім.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Інжу Өмірзақ, «Alash.kz» ұлттық порталының тілшісі

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?