Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тоқал ала беріңіз». "Өнер Қырандары" театрының актрисасы күйеуі туралы не айтты?

06:31, 19 желтоқсан 2023 290
"Өнер қырандары" сатира театрының актрисасы, көпбалалы ана Дана Тұрарбек журналистерге «мәһр» мен «харам» туралы өз ойын айтыпты. 

– «Жанболат Найзабеков театрдан кетеді» деген әңгіме шығып еді. Бұл пранк болды ма?

– Иә, «Жанболат Ресейде өтетін бір жобаға шақырту алдым» деді ғой. Мұның қалжың екенін ұжымдағы Мадияр екеумізден басқаның бәрі білсе керек. Афишаларға шығып қойған соң халыққа қалай жеткіземіз деп алаңдадық. Бірақ Мәкең жолын кеспейін деген жомарт жүрекпен «барсаң, барып кел» деп рұқсатын берді. Кейін пранк екенін білдік. Бірақ мендегі үрей әлі сейілер емес, арасында «Шынымен кетпейсің бе?» деп сұрап қоямын.

– Театрда өзіңізден өзге қыз-келіншектің жоқтығын сіздің қызғаншақтығыңызбен байланыстыратындар бар. Бұған не айтасыз?

– Әрине, театрда менен басқа әйел адам жоқ. Осы ретте өзім де қасымда көмекші қыздың болмағанына қапаланамын. Сондықтан жүрген жерде топырлаған жігіттерден жырақ, шетте жалғыз отыруыма тура келеді. Бірақ үнемі қасымда жолдасым болатыны анық қой. Бір жағынан біз  отбасы болғандықтан жеке көлікте жүріп, қонақүйден жеке тұрақ алуымызға тура келеді. Сол себепті қалың жігіттердің арасына бөтен қыз алу ыңғайсыздық тудыратын секілді. Өздері де осы мәселені алға тартады. Оның үстіне ұжымдағылардың дерлік намазға жығылғаны белгілі. Сондықтан сырттан актриса алу қажет болса, күйеуімен бірге  қабылдаған жөн көрінеді. Анығын айтқанда, шариғатқа қайшы келмейтін шешім қабылдасақ дейміз.

– Білуімше, сіз тойда өнер көрсетпейсіз. Ал мұның сыры күйеуіңіздің қызғаншақтығымен байланысты емес пе?

– Мен театрдан бөлек, бес баланың анасымын. Түзде актриса болғанмен, үйде аналық, келіндік міндетім бар дегендей. Білген адамға сахнамен қоса осы айтылғандардың жүгін арқалап жүрудің өзі оңайға түспесі анық. Сондықтан той қуып кетсем, отбасында береке болуы екіталай. Жылына екі рет шығармашылық сапарға шықан кезде де үйге оралғанша ұл-қыздарымды ойлап, уайымдап бітемін. Тіпті, мені қойып Мадиярдың өзі тойға көп шыға бермейді. Ал маған о баста тыйым салды. Себебі жолдасым әйел адамның тойда өнер көрсетіп жүргенін қаламайды. Ал әйел адамның ерінің айтқанына мойынсұнғаннан кеміп қалмасы анық. Бір жағынан өзімнің де ырду-дырду ортада жүруге зауқым жоқ. Қолым қалт етсе, бала-шағамның жағдайын жасап, жандарында болғанды қалаймын. Бала тәрбиесіне келгенде арнайы күтушінің көмегіне жүгінгенді де жөн көрмеймін. Алыс сапарға шыққанда әжелері мен нағашы апаларына немесе сіңлілеріме табыстап кетемін.

– Дизайнерлік киімдер топтамасын шығара бастағаныңызды естіп едік. Діни үлгідегі киімдерге басымдық бересіз бе?

– Карантин кезінде етек-жеңі жабық, заманауи әрі ыңғайлы киім үлгілерін неге шығармасқа деген ой келді. Өз басым салт- дәстүрімізді,тарихымызды дәріптеуді жөн санаймын. Осы ретте батылдау қыздарға арнап  «Әлия», «Мәншүк» және «Томирис», ал нәзік қыздарға арнап «Қыз Жібек» коллекциясын шығардым. Одан бөлек этно-стильде ою, құрақ құрау әдісін заманауи үлгідегі киімдерге қолданып көрдік. Мәкеңнің қолдауымен шоу-бағдарлама жасап, сол топтамамның барлығын халыққа таныстырдым. Көпшілік өте жылы қабылдады. Қазір тапсырыстар қабылдап тұрамыз. Алдағы жылы осы бастаманы толыққанды қолға алсам деген ойым бар.

–  Айтпақшы, ел алдында жүрген танымал блогерлерге хиджаб кидіру үшін ақша ұсынылатыны туралы әңгіме шығып, біраз талқыға түсті. Бұған сенуге бола ма?

– Егер төленетін болса айлап суықта гастрольдетпей, баяғыда байып кетер едім ғой. Хиджаб киіп жүріп-ақ қара базарда еңбек жасап жүрген қыз-келіншектер қаншама. Оларға қомақты қаражат берілсе, солай бүрсеңдеп жүрер ме еді. Миға қонғысыз әңгіме.

– Өнердің өкілі ретінде домбыраны харам санайтындарға айтар уәжіңіз бар ма?

– Мен ондайларды түсінбеймін. Өзім қанша жылдан бері өнерде жүрсем де домбыраны үйренбегеніме өкінемін. Әлі де кеш емес болар деген үмітпен арнайы үйірмеге барсам деген ойым бар. Сол сияқты балаларымның да домбыра шерткенін қалаймын. Күмбірлеген күй қазағымызбен қоса жасап келе жатқан өнер ғой.

– «Мәһр» бүгінгі таңда құдды трендке айналғандай. Бұл тіпті үйленіп, үй болғысы келетін кей жігіттерді тосылтатын көрінеді.

–  «Мәһр» деген дүниенің шариғатта бары анық. Бірақ сұрағанның жөні осы екенге салмай, жігіттің жағдайына қараған жөн. Анығын айтқанда, екіжақты келісіммен болғаны дұрыс деп білем. Мәселен, қыздар күйеуінің қалтасы көтермейтін қымбат дүниені сұрап, оны харам жолмен ақша табуға итермелеуі абзал.

–  Ал өзіңіз мәһрге не сұраған едіңіз?

Мен Мәһр сұрамаппын. Имам да айтпапты. Ол кезде жаспын ғой, ондайды білмеген де екенмін.

– Бір сұхбатыңызда Мадияр мырзаға тоқал алуға рұқсат бермейтініңізді айттыңыз. Райыңыздан таңбадыңыз ба?

– Оны жас кезде айтқан болармын. Бірақ қазір керісінше, менен гөрі отағасы қатты қызғаншақ болып кеткен. «Тоқал ала беріңіз» десем, «қой» дейді.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар