2025 жылғы 20 наурыздан бастап 2001 жылы туған Яна Легкодимованы іздеу жұмыстары қайта жанданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Атырау облысы ТЖД мәліметінше, 5 сәуір күні іздеу жұмыстарына Ақтөбе облысы ТЖД-дан 6 құтқарушы, 1 техника, 2 жүзу құралы және Батыс Қазақстан облысы ТЖД-дан 6 құтқарушы, 1 техника, 2 жүзу құралы тартылған.
«Іздеу жұмыстарына күн сайын 23 қызметкер, 5 техника, 7 жүзу құралы жұмылдырылып отыр. 20 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін 138 рет суасты жұмыстар жүргізілді, 21 070 шаршы метр аумақта суасты тексеруі өткізілді, сондай-ақ 3,4 шақырым қашықтықта тралдау жұмыстары атқарылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, 23 қазанда полиция қызметкерлері 24 және 25 жастағы екі ер адамды ұстаған болатын. Олар жоғалған қыздың қайда екенін айтып берген. Белгілі болғандай, 18 қазанда қыз таныс жігітімен ұрсысып қалған. Салдарынан жігіт оны көлік ішінде тұншықтырып өлтірген. Қылмысты жасыру үшін 24 жастағы ер адам досымен бірге қыздың денесін Талдықөл ауылының шетіне апарып, Жайық өзеніне тастаған.