Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

TURKTIME: Алматыда IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы бастау алды

12:00, 11 қараша 2024 212

Бүгін Алматыда Түркітілдес журналистер қорының 10 жылдық мерейтойына орай «TURKTIME: ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ МЕДИА ЖӘНЕ ТУРИЗМ БІРЛІГІ» тақырыбында IV Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы басталды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Медиа форумға Британиядан “Avrupa Media Holding” президенті Vatan Oz, Германиядан Öztürk газетінің бас редакторы Adnan Öztürk, Түркиядан «Еуразиялық мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қорының президенті Ahmet Tüzün, Өзбекстаннан «Халык сузи» газетінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов, Солтүстік Кипрден «Әзірбайжан-Кипр» Достық Қоғамының президенті Orhan Hasanoglu, Түркиядан Адыйаман Журналистер одағының төрағасы Ibrahim Aslan және т.б. туризм мен медиа саласының беделді өкілдері арнайы спикер ретінде шақырылып, Парламент депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қалалық әкімдігінің өкілдері, журналистика саласының тәжірибелі сарапшылары, республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері мен баспасөз хатшылары қатысуда.

Түркі елдерінің медиа, мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастығын нығайтуды мақсат тұтқан форумның салтанатты ашылуында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлұ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Нұрбибі Жекен, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков құттықтау сөз сөйлеп, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының 10 жылдық мерейтойы құрметіне орай алғыс хаттар табыстады.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы:

- Алматыда Түркітілдес журналистердің медиа форумы басталып жатыр. Форумның мақсаты – Қазақстан журналистері мен түркітілдес елдер арасындағы сабақтастыққа негіз қалап, үлкен бастамаларға жол ашу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «TURKTIME» атты маңызды тақырыпты көтеріп, XXI ғасыр - түркітілдес елдердің ынтымақтастығын дамыту дәуірі ретінде тарихи, мәдени, гуманитарлық салаларда ортақ байланыстарымызды одан әрі нығайту мақсатында осындай іс-шараларды іске асыру қажеттігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда Қазақстанның бірқатар заңдарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде осы ұсыныстарды ескеріп, осы бағыттыттағы жұмыстарды қарастырып жатырмыз. Ел мен елді жақындастырып, түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастығын нығайтатын осындай іс-шаралардың жиі өткізілуі маңызды деп есептеймін. Бұл жолы форумда медиа және туризм саласындағы өзекті мәселелер талқыланбақ. Қазақстанның туризмін халықаралық деңгейде насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Осы бағытта бірлескен жобалар қолға алынып, тиісті ұсыныстар қабылданса, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сынды бауырлас елдер арасындағы туристік әлеуетімізді арттыруға зор мүмкіндік туады.

«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясының (WFPA) президенті Нәзия Жоямергенқызы модераторлық еткен форумның негізгі пленарлық отырысы «Түркі елдеріндегі туризм және PR» тақырыбына арналды.

Форумның алғашқы сессиясында Түркияның «Еуразиялық мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қорының президенті Ахмет Түзүн «Түркі елдеріндегі спорт туризмі және медиа», «Түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова «Түркі әлемінің мәдени құндылықтары», Өзбекстанның «Халык сузи» газетінің жауапты хатшысы Нурлан Усманов «Өзбекстан туризмінің даму келешегі» тақырыптарында баяндама жасап, түркі елдерінде туризм саласын дамыту бойынша келелі ойларын ортаға салды.


Талқылау барысында туризмді дамытудағы медиа мен PR-дың рөлі, медиа, спорт, мәдениет арқылы туристік әлеуетті арттыру жолдары қарастырылды. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тарту және кәсіби мамандар даярлау, жобаларды қаржыландыру және түркі әлемі үшін ортақ даму стратегияларын құру мәселелері де күн тәртібіне қойылды. 

Ахмет ТҮЗҮН, «Еуразиялық мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қорының президенті: 

- Түркі халықтарына ортақ құндылықты дәріптеуге негіз болатын Ұлы дала ойындарының туыстық байланыстарды жандандыруда алатын орны ерекше. Дүбірлі додаға 89 елден спорттың 21 түрінен 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Халықаралық көшпенділер ойыны түркі халықтарының мәдени мұрасын әлемге насихаттаудағы таптырмас құрал.  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз 10 жыл бұрын ойындарды алғаш рет ұйымдастырған қырғыз бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындарын әлемдегі дәстүрлі спорт түрлерінің ең үлкен жарысы мен Олимпиадасы деп атауға болады. 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйрету арқылы біз бүкіл әлемге тараған ат спорты мәдениетінің негізін қаладық" деді. Көріп отырғанымыздай, түркі әлемі өзінің тарихи, мәдени және табиғи байлығымен көрікті жерлердің орталығы. Осы себепті спорттық туризмін дамыту – біздің ортақ мақсатымызға айналуға тиіс. Спорттық туризм-бұл әлемдегі туризм шығындарының 10% - ын құрайды. Қазақстанға 2022 жылы 106 мың түрік азаматы және 2023 жылы 135 мың түрік азаматы келді, яғни кейінгі жылдарда туыс елдер арасындағы туристердің көші өсіп келеді. Ендігі жерде біз мұнымен тоқтап қалмай, медиа және туризм саласының мамандары ортақ іске жұмылып, спорттық туризм жандануына өзіндік үлес қосуымыз керек.

Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар