Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тимур Құлыбаев қылмыскер болып шықты - Ерлан Саиров

13:13, 24 маусым 2024 1037
Депутат Ерлан Сайыров олигархтар активтерді қайтару ісіне қалай кедергі келтіріп жатқанын, Украинада тұратын, "Бәсе" арнасының авторы Айдос Садықовқа кімдер қастандық жасауы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Alash.kz.
 

Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын. Жуырда оған Киевте шабуыл жасалды. Оқиғадан кейін Айдос Садықовқа қастандық жасалуына билікті кінәлайтындар көбейген.

"Айдос Садықовтың, біздің отандасымыздың тезірек жазылып кетуіне тілектеспіз. Әрбір отандасымыздың өмірі бізге маңызды. Қайғылы жағдайға келетін болсақ, қазір ақпарат құралдарының барлығы жазып жатыр. Екі күдіктінің біреуі Қазақстанда ұсталды. Ұсталғанда ол құқық қорғау органдарына өзі келіп, түсініктеме берді. Содан кейін оны құқық қорғау органдары уақытша изоляторға жапты деген ақпарат бар. Ең негізгісі осы қайғылы жағдай ақпарат құралдарына шыққаннан кейін Президент Тоқаев Қазақстан Республикасының органдарына бұл мәселені жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. Екіншіден, Президенттің кеңесшісі Берік Уәли бұл мәселенің Президенттің нақты бақылауында екенін жеткізді.

Қазір өте күрделі геосаяси жағдай болып жатқандықтан, кейбір сыртқы геосаяси күштер осы қайғылы жағдайды өзінің мүддесіне пайдалануға тырысып жатады. Өйткені Қазақстанның Ресей мен Украинаның арасындағы жанжалға байланысты принципті позициясы көптеген елге ұнамайды. Ол батысқа ұнамайды. Неге? Өйткені Қазақстан батыстың санкциясын қолдамайды, бірақ батыстың санкциясын қазір ұстанып отыр, сақтап отыр.

Сонымен бірге, Президент Тоқаев Украинаның территориялық тұтастығын Қазақстан толығымен мойындайтынын бірнеше рет мәлімдеген болатын. Осы жанжалда Қазақстан БҰҰ принциптерін негізге алып отыр. Ал көптеген алпауыт мемлекет халықаралық құқық, оның ішіндегі БҰҰ принциптерінен алшақтап кеткен. Халықаралық логикаға сәйкес келмейтін принциптер пайда болып жатыр. Сондықтан қайғылы жағдайды әртүрлі күштер, мемлекеттер Қазақстанды осы жанжалға итеріп жіберуі үшін пайдаланып жатқан тәрізді. Екінші үлкен мәселе, Қазақстанның ішінде нақты реванштық күштер бар. Екі мысал келтірейін. 2020 жылға дейін Еуропада журналистерге шабуыл жасалып, олар қаза тапқан. Сонда ақпарат құралдары, әртүрлі халықаралық ұйымдар "билік ұйымдастырды" деп қауесет жіберді. Тергеу аяқталғаннан кейін екеуінің де артында олигархиялық топтар тұрғаны анықталды.

...Қазір бір-ақ ресми түсініктеме бар: екінші күдіктіге байланысты. Ол бес жыл бұрын Қазақстанның Ішкі істер органдарынан жұмыстан кеткен. Сондықтан бұл мәселеде ресми түсініктемені ғана басшылыққа алуымыз керек. Құқық қорғау органдары бұл тергеуді ашық, түсінікті жүргізуі керек. Өйткені мәселе өте күрделі, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделіне байланысты болып отыр. Тергеу жұмыстарының ашық жүргізілуін Мәжілістің депутаттары бақылауында ұстайды. Бұл - Президенттің нақты тапсырмасы.

Тағы бір мәселе бар, Қазақстанның ішіндегі олигархиялық топтар кей кездері түсініксіз жағдайды билікті әлсірету үшін пайдалануға мүдделі", - деді Сайыров Abay Live арнасына.

Сонымен қатар, депутат дәл осы олигархиялық топтар қазір қалай әрекет етіп жатқанын айтты деп жазды Dalanews.kz.

"2019 жылға дейін Қазақстанның Үкіметі Назарбаевтың жанұясы мен ірі олигархиялық топтардың ғана мүддесіне экономикалық шешімдерді қабылдап отырған. Ол анық. Мысал үшін Евразиялық топ, Қазцинк, басқа да компаниялар 5 жылдың ішінде 8,2 триллион дивиденд алған. Ал Үкімет содан дивиденд алды ма, алмады ма?! Ол белгісіз. ...Қазір Қазақстанға капиталды қайтару процесі жүріп жатыр. Оның аясында бүкіл олигархтың меншігінің бәрі тексеруден өтіп жатыр. Оның қайсы аман-есен өтеді, қайсы өтпейді, ол да белгісіз. Өйткені әділеттілікті принциптері бұзылған. Жақында Атамқұлов деген азамат Тимур Құлыбаевтың өзінен 30 млн долларды бопсалағаны жөнінде мәлімдеме жасады. Тимур Құлыбаев бұрын олигарх деуші едік, енді нақты қылмыскер болып шықты. Өйткені бопсалау деген қылмыс қой. Қазір прокуратура осымен айналысып жатыр. Осындай істер көп. Сондықтан олигархиялық топтар осының бәрін тоқтатқысы келеді. Тоқтатудың ең радикалды бағыты - билікті айырбастау", - деді депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар