Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт көсемінің қызы Зейнеп Бөкейханова кім болған?

22:35, 08 наурыз 2024 460
Тәлкекті тағдыр немесе профессор Зейнеп Әлиханқызының ашқан ғылыми жаңалығы

Материалдар көшіріліп басылған ретте «Ortalyq Qazaqstan» сайтына сілтеме жасау міндетті. https://ortalyq.kz/t-lkekti-ta-dyr-nemese-professor-zej/

Алты Алаштың аймүйізді серкесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның ұрпақтарының бәрі шетінен дарынды, талантты болған. Әке қаны, ана сүті арқылы қонған тегінде бар тектіліктің өнегесі ұрпақтарына дарыған. Алаш көсемі Әлиханның қос перзентінің де, олардан тараған ұрпақтарының да тағдыр дәптеріне (Дауһіл-мағфузына) еліне, жеріне қызмет ету жазылыпты. Бақ дарып, құт қонған әулетке солақай саясаттың кері әсері тиіп, тәлкекті тағдырға душар еткені болмаса, ұлт көсемі Әлихан да, оның ұлы Өкітай (Сергей) мен қызы Зейнеп те бүгінгі қазақ елінің болашағы үшін адал қызмет еткен жандар. Өзекті өртейтін өкініш, орны толмас өкініш сол – Алаштың абыройы болған марғасқа тұлғалардың әулетінің бордай тозып, қуғын-сүргінге ұшырауы.

Алаш көсемінің өзі секілді аса дарынды, білімді болған перзентінің бірі, қызы – Зейнеп. Зейнеп (Елизавета) 1903 жылдың сегізінші мамыры күні дүниеге келген. Ол Совет Одағы көлеміндегі аса танымал, жетекші медицина қызметінің демографы, социал-гигенист маманы, медицина ғылымының докторы, профессор және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер, медицина саласы бойынша ІІІ дәрежелі майор шеніндегі әскери-дәрігер болған. 

1923 жылы Зейнеп Әлиханқызы Алаштың үлкен қайраткері, Әлихан Бөкейханның шәкірті әрі үзеңгілесі, қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлына тұрмысқа шыққан. 1924 жылы Смағұл мен Зейнептің Ескендір есімді ұлы дүниеге келеді. Алаш көсемі аялап өсірген Ескендір 1941 жылдың 19 қарашасында КСРО-ны фашистік Германияның басқыншылығынан азат ету жолында ерлікпен қаза табады (Кейбір деректерде Ескендірдің қаза тапқан жері Мәскеу облысының Скирманово елді мекені делінеді).

Зейнеп Әлиханқызы 1927 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің бірінші медицина факультетін тәмамдаған. Ол ұзақ жылдар бойы Денсаулық сақтау министрлігінің аппаратында қызмет атқарған. 1945–1948 жылдар аралығында Н.А.Семашко атындағы ВНИИ әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау бөлімінің ғалым-хатшысы, 1959–1969 жылдар аралығында осы институттың санитарлы статистика бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерде істеген. Алаш көсемінің қызы өмірінің соңғы жылдарында Орталық дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтында қызмет еткен.

Зейнеп Әлиханқызы өзінің ғылыми шығармашылық ғұмырында санитарлық-статистиканың теориясы мен әдіснамасының мәселелерін һәм түсік тастау (аборт) және оның қауіптілігі мен зияны сияқты мәселелерін жан-жақты зерттеген. Ғалым КСРО көлемінде медициналық статистика саласы бойынша сұранысқа ие маман болған. Әрі Зейнеп Әлиханқызы халықтың өсімі, көбеюі және туу көрсеткіші сияқты демографиялық мәселелермен КСРО-ның медицина тарихында тұңғыш рет шұғылданған маман болып саналады. Ол көптеген қиын әрі жауапты оталарға қатысып, өзінің шеберлігімен көптеген науқастардың ажалына араша түскен.

Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақас­келіні 1965 жылы «Түсік тастаудың әлеуметтік-гигиеналық проблемасы» («Аборт как социально-гигиеническая проблема») атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесін иеленген. Ал, 1967 жылы медицина саласының «профессоры» ғылыми атағын алады. Ғалымның 1969 жылы «Отбасының әлеуметтік-гигиеналық аспектілерін реттеу» («Социально-гигиенические аспекты регулирования размеров семьи») атты монографиясы жарыққа шыққан. Ғалым-дәрігердің бұл еңбегі КСРО тарихындағы түсік тастау мәселесіне орай жазылған №1 еңбек болып саналған. Әлі күнге дейін Ресейдің медициналық оқу орындарында осы еңбекті басшылыққа алып, оқу процессінде қолданады екен. Өздеріңіз жақсы білесіздер, түсік тастау мәселесі – қазіргі қоғамның да өзекті мәселесі болып тұрған іс. Тіпті, өзегін жоймаған мәселе десек те болады.

Профессор Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақастың ғылыми еңбектерін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық:

1.Мероприятия по ограничению рождаемости и их влияние на воспроизводство населения. /Советское здравоохранение. 1966. № 5. С.16-22.

2.Социально-гигиенические аспекты регулирования размеров семьи. М.: Медицина. 1969.

3.Роль аборта в осуществлении сознательного материнства в СССР (по материалам выборочного обследования). // Изучение воспроизводства

населения. (Сб. статей. Научн. Ред. А.Г. Волков). М.: Наука. 1968. С. 207-224.

4.Комплексное изучение здоровья населения СССР на год переписи (1970). /Здравоохранение Российской Федерации. 1969. № 10. С. 7-11.

5.Материнская смертность в некоторых зарубежных странах и методика вычисления этого показателя. /Здравоохранение Российской Федерации. 1965. № 2. С. 30-32.

6.Аборт как социально-гигиеническая проблема. Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора медицинских наук. М. Центральный институт усовершенствования врачей. 1965.

7.Социально-гигиенические аспекты изучения здоровья населения. /Советское здравоохранение. 1965. № 10. С. 9-13.

Алаштың оқыған аяулы қыздарының бірегейі, үлкен дәрігер-ғалым, профессор Зейнеп Әлиханқызы өзінің санаулы ғұмырында басынан түрлі қиындықты өткеріп, құсалықпен күн кешіп, айықпас дертке шалдығып, 1971 жылдың 23 маусымында дүниеден өтті. Ғалымның сүйегі күлі Мәскеу қаласындағы Новодевичье мазарында жерленген.

Әкесі мен жан жарынан, бауыр еті баласынан тірідей айырылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Зейнеп Әлиханқызы ақтық демі таусылғанша КСРО-ның медицина саласына көп үлес қосқан білікті маман. Оның ашқан ғылыми жаңалығы – отбасының тұрақты болуына жағдай жасалып, халықтың санын көбейту керек деген ғылыми тұжырымы болатын. Алайда, ғалым-дәрігердің теориялық ашқан ғылыми жаңалығына көзінің тірісінде билік тарапынан әлденеше рет тиым салынған болатын.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы ғалым

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы ғалым.

Материалдар көшіріліп басылған ретте «Ortalyq Qazaqstan» сайтына сілтеме жасау міндетті. https://ortalyq.kz/t-lkekti-ta-dyr-nemese-professor-zej/
Профессор Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақастың ғылыми еңбектерін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық: 1. Мероприятия по ограничению рождаемости и их влияние на воспроизводство населения. /Советское здравоохранение. 1966. № 5. С.16-22. 2.Социально-гигиенические аспекты регулирования размеров семьи. М.: Медицина. 1969. 3. Роль аборта в осуществлении сознательного материнства в СССР (по материалам выборочного обследования). // Изучение воспроизводства населения. (Сб. статей. Научн. Ред. А.Г. Волков). М.: Наука. 1968. С. 207-224. 4. Комплексное изучение здоровья населения СССР на год переписи (1970). /Здравоохранение Российской Федерации. 1969. № 10. С. 7-11. 5. Материнская смертность в некоторых зарубежных странах и методика вычисления этого показателя. /Здравоохранение Российской Федерации. 1965. № 2. С. 30-32. 6. Аборт как социально-гигиеническая проблема. Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора медицинских наук. М. Центральный институт усовершенствования врачей.1965. 7. Социально-гигиенические аспекты изучения здоровья населения./Советское здравоохранение. 1965. № 10. С. 9-13.

Материалдар көшіріліп басылған ретте «Ortalyq Qazaqstan» сайтына сілтеме жасау міндетті. https://ortalyq.kz/t-lkekti-ta-dyr-nemese-professor-zej/
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар