Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ұлт мәселесіне қатты алаңдаймын". Ұлт мүддесін ғұмырына мән еткен Герольд Бельгердің туғанына - 90 жыл

09:44, 29 қазан 2024 310

Қазан айының 28-і Герольд Бельгердің туған күні. Герольд Бельгер - танымал жазушы, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері. Саналы ғұмырын жазуға арнап, қазақтың мәдениетін, әдебиетін, өмірін шығармаларына арқау еткен жазушы 1934 жылдың 28 қазанында Неміс автономиясына қарасты Саратов облысы, Энгельс қаласында дүниеге келген. 81 жылдық ғибратты ғұмырында 90-ға жуық кітап жазған қаламгердің туғанына биыл 90 жыл толды.  

Деректерге сүйенсек, еңбек жолын 1958-1960 жылдары Жамбыл облысының Байқадам совхозындағы орта мектеп мұғалімі ретінде бастады. 1960-1963 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің аспираты болып, кейін «Жұлдыз» журналында қызмет етті. 1964 жылдан бастап шығармалығына ден қойды. 1992 жылы неміс тілінде шығатын «Феникс» альманағы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. 1994-1995 жылдар аралығында ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты болған.

«7 жасымнан бастап қазақ жерінде өстім»

1941 жылы немістер Еділ бойынан қазақ жеріне қоныс аударып, Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Ленин ауылы, қазіргі Ысқақ Ыбраев ауылының маңында өсіп, жеті жасынан бастап Қазақстанда өмір сүрген Герольд Бельгер қазақтың рухани мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын тұтас жан-тәнімен, тұла-бойымен сезініп өсті. Қазақтармен етене-жақын араласқаны сонша ауыл тұрғындары оны «Сары бала» атап кеткен. Әйтсе де, өз ұлтын бір сәт те естен шығармады. Осылайша, туған қаны мен жат жерде жалғызсыратпаған екі ұлт жайлы ой-пікірінде тепе-теңдік сақтай білді. Қазақ халқын жоғары құрметтессе де, өз ұлтын, тілін ұмыт қалдырмаған. Бір сөзінде жазушы отбасында неміс тілінің гессендік диалектінде сөйлесетінін айтты.  Бұған дәлел, дау болған «Ел бірлігі» доктринасы жайлы өз ұлтының неміс екенін, сол сияқты қазақтың ұлты қазақ, орыстың ұлты орыс болсын деген ойды алға тартып, «алайда, Мұхтар Шаханов бастаған топтың жағындамын» деген сөзі.

Жырақтағы жазушының қадірі

Қаламгердің айтуынша, қазақ пен неміс теперішке толы тағдыры ұқсас, зұлмат заманның зұлымдығын, қиындығын, езгісін еселеп сезінген ұлттар.  «Кезбенің үйі» атты романында екі ұлттың бір-біріне тез сіңісуі, неміс ұлтының тұрмыс-тіршілігі сипатталып, бастан кешкен оқиғалары көркем кестеленеді. Бір қызығы, шығарма Германиядағы немістер жайлы емес, өткен ғасырда саяси қуғынға ұшырасып, қазақ жеріне қоныс аударған немістердің өмірі хақында жазылған. Қазақ шаңырағын паналаған немістерді арқау етіп, екі ұлттың бауырмалдығын баяндады. Романдағы кейіпкерлердің өмірден алынуы және шынайы оқиғаларға негізделуі шығарманың өміршеңдігіне сеп болса керек. Аталмыш роман германиялықтардың қызығушылымен Берлин қаласындағы «Ханц Шиллер» баспасынан неміс тілінде жарық көрді. Айта кетер жайт, елден жырақтағы жазушыны қадірлеуді, қандас-бауырыңның туындысын бағалауды бізге немістерден үйрену қажет-ақ.

Құлдық сананың құрсауындағы қазақ зиялылары жайлы

Өз заманында Герольд Бельгер құлдық сананың құрсауындағы қазақ зиялыларының ұлт мүддесі, ұлт болашағы мәселелеріне келгенде азат ел бола тұра, тартыншақтап қалуын сынға алды. Осы ретте, «Отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады», - деген Талас Омарбековтің сөзін жадымызда сақтап, отарлау кезеңінде ұлттың санасын жаулаған дерттен айығуға ұмтылып, қазақы болмысты айшықтаған жөн болар. Қазақстандағы маңызды мәселелерге бей-жай қарайтын азаматтар жазушы сияқты ел мүддесіне шын жаны ашып, ел ертеңі хақында терең ойлануға бейімделсе / дендесе деген ой сап ете қалды. Өркендеу кезеңі, жаһандану дәуірі деген желеудің жетегінде кетсек, қазаққа ғана тән болмыстан ажырап қалуымыз әбден мүмкін. Герольд айтқандай, даму үшін қазаққа бар болғаны ұлттық қасиеттерді сақтап, ұлттық құндылықтарды жаңғырта білу жеткілікті.  

Өмірінің соңғы күндерін қазақтың әлеуметтік тұрмыс-тірлігі, мәдени және рухани танымы жайлы күнделік жазуға арнап, 2015 жылы дүниеден озды. Төменде ойы терең, санасы азат оқырман қауымға арнап ақпараттық сайттарда жарияланған Герольд Бельгердің сөздерінен үзінділер ұсынуды жөн көрдік:

***

...Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ қоятыны бар: "Осы қазақ тілі қалай өзі ... бай тіл ме?". Бір ауыз сөзбен қысқа қайырып: "Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан, сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың "біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер" деген қағидасын ескеріп, көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін. 

(16 тамыз 2017, massaget.kz)

***

Есімнен өмір-бақи кетпейтіні – жер аударылғаным. Сонау Еділ бойынан жазықсыздан-жазықсыз жер аударылғаным еш уақытта есімнен кетпейді. Оны әрдайым жазам, кітаптарымның негізгі тақырыбы да сол. Немістердің автомиясын құлатты, қиратты, таратты. Жан-жаққа жер аударды. Мектептен, өз тілінен, өз мәнениетінен ажыратты. Қазір қазақтың тарихын, тағдырын ойласам, қазақтар да осы жолға түсіп кете ме  деп қорқам

(17 мамыр, 2021. Sputnik.kz)  

***

Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы бойыма сіңіріппін». «Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындықтың, рухани тамырластықтың тіпті туысқандықтың бары анық болса, сол жақындық, сол туыстық Гете мен Абай творчествосында айырықша айқын біленеді. (30 шілде, 2014 жыл. El.kz)

***

Мен бұрын кең байтақ Қазақстанда тұратын барлық қазақ ортақ бір тілде сөйлеседі екен деп ойлаушы едім. 54-шы жылы Алматыда алғаш келген кезде, басқа облыстардан келген қазақтардың сөйлеген сөздерінде бірқатар айырмашылықтар бар екенін аңғардым. Мұның кедергісі бар әрине. Соңғы шығып жатқан әдеби кітаптарды оқып отырғанда кейбір жергілікті жердің диалектісімен жазылған сөздерді кездестіріп жатамыз. Онымен қоса басқа тілдерден алынған қоспа сөздер көп қолданылады. Ғабит Мүсіреповтың айтқанындай бұл «тіл бұзаризм». Осындай жайсыздықтан құтылу үшін әдеби тілге көп көңіл бөлу керек. Және бұл әдеби тіл ғылыми негізделген тіл болуы қажет. Диалектер өздерінің жергілікті жерінде қолданыла берсін. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ мәдениетті, әрі әдеби дамыған ортақ тіл керек. (14 мамыр, 2009. Abay.kz)

***

Негізінен ұлттық мәселеге назар аудару керек. Ұлтым неміс болғанымен, орысша жазғаныммен, ұлт мәселесіне қатты алаңдаймын. Күні бұрын жаһандастыруға барудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан ұлт мәселесін қатты көтеру керек. Мына түрімізбен біз көтере алмайтын сияқтымыз. Екі қазақтың басы қосылса, уфит-суфит боламыз, үш қазақтың басы қосылса, "ақалай-мақалай" боламыз, оған орыс араласса, "шахер-махер" боламыз. Біздің қоғамымыздың ілгерлей алмай отырғандығының себебі осы. (6 қаңтар, 2006. Turkystan.kz)

 

Дайындаған:

Нұрбибі Айтбайқызы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің 2-курс студенті

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?