Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды» - Ахмет Байтұрсынұлының Ленинге жазған хаты

14:41, 17 сәуір 2024 675

В.И.Ленин жолдасқа

Қырғыз (бұдан әрі – қазақ) ревкомы құрылған уақыттан бері 10 ай өтті. Ревкомның он айлық жұмысының қорытындысын шығара келгенде, ол өзінің ештеңе тындырмағанын айтуға тура келеді. Ревком жұмысы берекелі болмауын көптеген себептермен түсіндіруге болады, бірақ негізгі себеп екеу:

1) Қазақ өлкесін басқаруға қойылған Орталықтың өкілінде айқын көзқарас болған жоқ. Мұның себебі Қазақ өлкесінің әлеуметтік жағдайларының өз ерекшеліктеріне байланысты орталықтың өзінде «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» мен Р.К.П. бағдарламасындағы принципті (қағидалы) нұсқауларынан басқа қазақ мәселесі жөнінде айқын көзқарас болмауы;

2) Орталықтың өкілі мен халық арасында өзара сенім жоқтығымен түсіндіруге болады.

Патша үкіметі тұсында ұлттық езгі көріп, құлдыққа түскен қазақтардан артық бұратаналар болған жоқ шығар. Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды. Езілген ұлттың бойында езушілерге қарсы жиіркеніш және өшпенділік сезімі үнемі дами бермесе де, сенбеушілік сезімінен басқа сезім ояна қоймайды. Қазақтарды ғасырлар бойы тонап, езгіге салып келген орыс ұлтының пролетариаты өзін патша шенеуніктерінің орнын басып, езілген халықтардың мойнына мініп алғысы келетін құлдыққа салушы жаңа мырзалар емес, қайта оларды азат етуші ретінде іс жүзінде дәлелдеп, көрсетуге тиіс. Солай бола тұрса да, жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, құйтырқы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын кеңестер негізінде құруына туысқандық көмек көрсетуді ұсынбай, қайта оларға әр түрлі қулықпен өз үстемдігін танытып отыр.

Өздерін интернационалист-коммунистер деп атаумен ғана орыстар патша үкіметінің айла-шарғылы саясатымен ғасырлар бойы таныс орыс емес ұлттардың сенімін оята алмайды. Қазақтарда «Сары орыстың бәрі орыс» деген мәтел бар… Қазақ халқын алдайтын үміт артылған айла-шарғылы саясат сырттай жылтырағандықтан басқа елеулі ешнәрсеге жете алмайды. Патша үкіметінің сан ғасырлық езгісіне іштей өшпенділікпен және жиіркенішпен, үнсіз өз наразылығын белгілі бір түрде көрсететін жағдай туғанша ғана созылуы мүмкін.

Орыс пролетариаты үшін қазақтар жөнінде екінің бірін таңдауы ғана қалды: не билеп-төстеуші жағдайына ие болып және барлық жерде патша губернаторлары мен генерал-губернаторларының орнына жаңа диктаторлар тағайындап, өз үстемдігін күштеп таңып бағындыру, не қазақтың еңбекші халқының сеніміне ие болу. Бірінші жол айқын да түсінікті: оны қазақтар іс жүзінде көрді, әр түрлі билеп-төстеуші патшалар жеткілікті дәрежеде өздерін көрсетті. Ал, екінші жол біршама қиын және бірсыпыра түсіндіруді керек етеді. Оның есесіне, біріншісін таңдаған жағдайда қандай да болсын кеңестік құрылыс сәтсіз болуы мүмкін, ал, екіншісін таңдаған жағдайда жаңа құрылыстың іргетасы берік негізге қаланатын болады.

Мәселе мынада: қазақтар арасында халқы толық сенетін, және жаза болып жаңылса да, жеке басының игіліктері мен пайдасын көздеп, өз халқын ешқашанда саналы түрде сатып кетпейтін зиялылардың белгілі бір бөлігі бар.

Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариаты үшін ең төте жол осы зиялылар арқылы өтеді. Бірақ бұл үшін осы зиялыларға Кеңес үкіметі сенім көрсетуі керек. Қазаққа қатысты барлық қиындық кешегі қазақтардың өзін езушілерге сенім білдіре алмайтынында, ал Кеңес үкіметі тиісінше, кешегі қарсыластарына әлі де сенім білдіре алмай отыр.

Қазақтардың көзқарасын өзгерту және оларды керісінше, иландыру үшін коммунистер өздерін ұлтқа бөлмейтін, әлсіздерді езушілер емес, керісінше, езілгендерді азат етушілер екенін дәлелдеп, көрсетуге тиіс. Бұл үшін, біріншіден, шет аймақтарда судай таза интернационалистер жоқ немесе мүлде аз. Өздерін интернационалистер деп атаушылардың көбі шын мәнінде ұлтшылдар, империалистер; екіншіден, бұған қазіргі жағдайлар сай келмейді: республикадағы өнеркәсіп дағдарысы салдарынан Орталықтың алғашқы кезде халықтан көбірек алып, оған азырақ беруіне тура келіп отыр. Мұны қазақтар дұрыс түсінбеуі мүмкін, өйткені олар патша үкіметі бізді тонап келген еді, кеңес үкіметі де нақ солай істеп отыр деп ойлайды. Сөйтіп, істің практикалық жағынан талдағанда, екі жақтан да сенбестік болмай қоймайды; ал егер теориялық жағынан қарасақ, сенбестікке орын болмауы тиіс.

Шынына келгенде, қазақ халқы тарапынан сенімсіздік орын алмауы тиіс болатын себебі, енді үкімет басында қазақтарды талап-тонап, езгіге салып келген ұлтшыл-империалистер отырған жоқ, қайта әлсіз халықтарды күштілерден езгіге азат ету мақсатын көздейтін интернационалист-коммунистер отыр; нақ сол сияқты Кеңес үкіметі тарапынан зиялы қазақтарға сенімсіздік орын алмауы тиіс. Себебі, егер революция (төңкеріс)кезінде зиялылар большевиктерге ермеген болса, олардың өз халқын азат етуге қарсы болғандығынан емес, қайта, халықтың төңкеріске дайындалмағаны салдарынан, мақсатқа бейбіт жолмен жетуді ойлап, тәуекелге бел байлай алмағандығы еді, яғни халықты азат ету жолын таңдауда қателескен болатын. Енді, дұрыс жол табылып, теориялық жағынан ғана емес, іс жүзінде де дәлелденген кезде, өз халқын азат етуді шын жүректен тілейтін тілейтін қазақ зиялылары интернационалдан басқа өзгеше жол таңдай алмайды. Егер осындай зиялы қазақтар болса, олар коммунистер емес, адал ұлтшылдар болғанымен, Кеңес үкіметінің оларға толық сенуіне болады, өйткені олар халқын шын сүйеді, халық мүдделері оларды Кеңес үкіметіне жақындасуға мәжбүр етеді.

Сонымен, өзара сенімге қол жеткізудің екі жолы бар: олардың бірі – коммунистер қазақ халқын талап-тонап, езгіге салып келген империалистер емес екенін қазақтарға іс жүзінде дәлелдеп көрсету. Бұл ұзақ жол. Ал екінші жол – неғұрлым оңай және тез жететін жол. Бұдан халық бұқарасының қисынды қорытынды жасауға шамасы келмейді, ал Кеңес үкіметінің басында тұрған адамдарға оңай. Неліктен? Өзара сенімге алғашқы қадамды Кеңес үкіметі жасауы керек. Екі жақтан да сенім болмайынша, Қазақ өлкесінде жұмыстың жолға қойылуы мүмкін емес, мұны Қазақ ревкомының (төңкеріс комиссариаты) 10 айдағы өмірі көрсетті. Қазақтардың нені қалайтыны және олардан Кеңес үкіметінің не тілейтіні жөніндегі негізгі мәселе әлі де беймәлім болып қалып отыр, мұның өзі жергілікті жерлерде түсінбеушілік туғызуда.

Ал, қазақтардың нені қалайтыны белгілі әрі олар әбден табиғи нәрсе.

Империализмнің сан ғасырлық езгісінде болып келген халық ең алдымен осы езгіден азаттық алуды ойлайды. Қазақтардан неліктен өзін-өзі билеуге ұмтылатыны, Кеңес үкіметінің қазақтардың нені тілейтіні әзірше бізге айқын емес және күннен күнге барған сайын бұлыңғыр болып барады.

Ревком құрған кезде біздің әрқайсысымыз, ревком туралы ереже әзірлеуге қатысқан қазақтардың әрқайсысы, Қазақ өлкесін басқару жөнінде құрылып отырған ерекше орган автономияның табалдырығы екеніне сенгенбіз. Ревкомның бар екенін ғана білетін, бірақ ондағы істің жайымен таныс емес адамдардың бәрі осы кезге дейін солай деп ойлайды. Ревкомда жұмыс істеген біздің бәріміз ойлап, оның неге қажет екендігіне көз жеткізе алмадық. Өздерін коммунистер деп атайтындардың бәрі коммунистер емес бұқара халыққа түсініксіз жарғыларын тықпалап жатыр, ал Қазақ ревком мүшелері Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» деген мысалының керін келтіруде.

Кеңес үкіметінің басында тұрған адамдардың сан миллиондық ұлттың тағдырын мазақ етіп, оны ойынға айналдыруды ойламайтынын; патшалық саясаттың ұлтшылдық пен империалистік саясат ұстанғанын; бұратаналар деп аталған басқа халықтар жөнінде орыстарға ойына келгенді істеуге мүмкіндік берілгенін; бұратаналарға ешқандай құқ берілмегенін; қылмыс жасады деп айыпталған бұратаналардың жеткіліксіз негізсіз қатаң жазаланғанын даусыз факт (дәлел) деп мойындайтынына біз кәміл сенеміз. Мұны мойындаған соң, орыс халқының ғасырлар бойы осы рухта, яғни бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленгені де даусыз факт ретінде мойындалуға тиіс деп ойлаймын.

…Қазіргі уақытта кез келген адам өзін коммунист деп атайды. Оларға үңіліп қарамайынша, кереметтің күшімен бәрі коммунистерге айналған екен деп ойлайсың. Бірақ, керемет тек ертегілерде болады, ал шын дүниеде ондай болмайды. Сондықтан, көптеген адамдардың ойында коммунизм идеясы жарнамадан әрі аспайды. Демек, Ресейде коммунистер көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, оның үстіне олар шет аймақтарда аз немесе мүлде жоқ болып шығады.

Соған байланысты мыналар қажет тәрізді:

1) Қазақ өлкесін басқаруға аты ғана коммунист емес, нағыз идеялық коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкерлер қойылсын. Нағыз коммунистер мен қазақтардан шыққан идеялық қызметкерлер, соңғылары коммунистер болмаса да, бір-бірімен түсініседі және іске көзқарасы ортақ болғандықтан, қазақтардан шыққан шалағай коммунистерге қарағанда, тезірек тіл табыса алады;

2) Халқы аралас аудандарда үкімет органдарының бәрінде езілген ұлттардың өкілдері кемінде 2/3 бөлігі болуға тиіс;

3) Қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін басқару түрлі шаруашылық саласы бойынша басқа губернияларға немесе облыстарға ешқандай да бөлінбей және бағындырылмай қазақтардың қолында болуға тиіс;

4) Қазақ коммунистері мен революцияшыл зиялылардың бүкіл саяси-мәдени жұмысы кеңестік социалистік шаруашылық саясатына негізделуге тиіс;

5) Қазақстанды біріктіретін, Орынбор қаласынан басқарылатын әскери округ құрылсын;

6) Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болсын;

7) Қазақ өлкесінің шекарасы жөнінде төменде аталғандарынан басқа ешқандай да өзгерістерге жол берілмеуі тиіс…

Қазақ әскери-революциялық  Комитеті мен БОАҚ мүшесі А. Байтұрсынов.

1920 жылғы 7 мамыр, Мәскеу қаласы.

Ресми құжатты қазақ тіліне аударған Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Дереккөз: Ахмет Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. VІ том.- Алматы, 2013.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар