Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Құрманғалиев мегаполистегі мамыр мерекелеріне дайындық қалай жүріп жатқаны жөнінде баяндап берді.
«Жылдағы дәстүр бойынша, Алматыда Жеңіс күнін мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеуге ардагерлер белсенді түрде қатысып, қала әкімдігімен бірлесе отырып, 41 тармақтан тұратын қаланың іс-шаралар жоспарын жасаған. Бірінші кезекте соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету - басты назарда. Мереке күні жергілікті билік іс-шаралар өтетін орындарды мерекелік безендіріп, қала бойынша билбордтар, медиатақталар мен LED экрандар орнатады. Биыл 50 мың дана «Жеңіс» туралы таспа шығарылады. Оларды белсенді түрде тарату үшін волонтерлар жаппай тартылады», - деді ол.
Аудан әкімдерімен бірге қалада орналасқан мемориалдық тақталарға, ескерткіштерге, соғыста қаза тапқан, ерлік көрсеткен батырлардың мәңгілік ескерткіштеріне (Б.Момышұлы ескерткіші, Т.Бигелдинов, С.Нұрмағамбетов, Р.Қошқарбаев, Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова, С.Луганскийдің бюсті, «Отан қорғаушы батыр ұлдарына мәңгілік ескерткіш», «Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік тағзым» атты даңқ ескерткіштеріне) тағзым етіледі.
Тақырыптық дизайндармен безендірілген (брендмауэр, Әскер үйінің қасбеті) кіші архитектуралық пішіндер, концерт сахнасы, ардагерлерге арналған арнайы шатырлар, далалық асхана, ҰОС батырларының тірі «мүсіндері-қойылымының» көрсетілімі және т.б. орналастырылды.
Сонымен қатар, заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ көрмесі көрсетіледі.
Тұрғындарға бейбіт өмірдегі мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін 9 мамырда бір мезгілде бірнеше жерде мәдени іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылады.
Сағат 10:00-ден 14:30-ға дейін Вознесенский соборының алдындағы алаңда (28 гвардиялық панфиловшылар саябағы) концерттік бағдарлама өтеді.
11:00-ден 16:30-ға дейін Арбатта (Жібек жолы мен Панфилов көшелерінің қиылысы) және Ш.Уәлиханов атындағы саябақта да осындай концерттер қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұйымдастырылады.
Дәл осы күні басқа аудандарда да (Алатау ауданында 7 мамырда өтеді) қатар түрлі мерекелік шаралар өткізіледі деп күтілуде.