Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Төрт азамат қорқытты". Қарақалпақ жастарына қысым күшейген

09:25, 29 қаңтар 2024 246



Азаттыққа Өзбекстанның құзырлы органдарынан қысым көрдік деген үш қарақалпақ азаматы хабарласыпты. Олар әлеуметтік желіде саяси наразылық білдіргені үшін қудаланғанын айтады. Қалалық милиция мекемесінде 5-8 сағат ұстап, қысым көрсетті дейді олар.

Біреуінің сөзінше, оны "түрмеге қамаласың, туыстарыңның өмірі қиындайды" деп қорқытқан.

МИЛИЦИЯ ТЕРГЕУІ ЖӘНЕ ҚОРҚЫТУ


Қарақалпақ азаматының бірі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың суретін Telegram-арнада бөлісіп, оны "батыр" деп атағаны үшін милиция бақылауына түскенін айтады. Ол былтыр маусымда Өзбекстанның жоғарғы сотында Тәжімұратовтың апелляциялық арызы қанағаттандырылмағанымен келіспейтінін осылай білдіргісі келген.

"Терезесі жоқ қараңғы бөлмеге алып кіріп, 4 азамат қорқытты. Екеуі милиция киімінде болды. Сені өлтіріп тастасақ, ешкім білмей де қалады деп айтты" дейді ол.

Қарақалпақ азаматының сөзінше, құзырлы орган өкілдері оны алып барған жер қалалық милиция мекемесіне ұқсамайды. Ол оны Нөкіс қаласының шетіндегі "терезесі сынып, қаңырап бос тұрған ескі ғимарат" деп суреттейді.

Жергілікті милиция қарақалпақ азаматына туыстарына хабар беруге, адвокат жалдауға, тіпті, айыптауларға қатысты қарсы сөйлеуге тыйым салған.

Азаттық бұл бойынша Өзбекстан жоғарғы сотына және ішкі істер министрлігіне хат жолдапты. Әзірге жауап келмеген.

Орталық Азиядағы адам құқықтары мәселелерін зерттейтін халықаралық Human Rights Watch ұйымының Ташкенттегі, Алматы мен Бішкектегі кеңселерін басқарған Стив Свердлов мұның бәрі Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтен қалған "мұра" дейді.

"Өзбекстанда 2016 жылы билік ауысқанымен елдегі адам құқықтарының сақталуына қатысты реформа жүргізілмеді. Мирзияев әкімшілігі басында сынды ашық қабылдаймыз дегенімен, кейін журналистер мен блогерлерге қысым көрсете бастады" дейді сарапшы.


Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар