Семейдің аспанын бұлт торлай бастапты! Жаңбыр тілеп отырған жұрттың тілеуі қабыл болғай. Тоқаевтан сөгіс алған Ұранхаев та ендігіде сөз естімеуге тырысуы тиіс. Саяси мансабының Абай облысымен шорт үзілгенін қаламаса жұрттың алдына жиі шығып, оқиғаның алдыңғы шебінде жүруі шарт.
Өңірдің тыныс-тіршілігін жергілікті тұрғандардың өз аузынан естіп қайтқан Тоқаев та Ұранхаевтың әр қадамын жіті бақылары анық. Ұранхаев үшін әл-әзір Абайдағы өртті ауыздықтаудан өзге маңызды мәселе жоқ. Оқиға орнына зам-дарын жөнелтіп, шала-шарпы докладттарды оқып беріп отырса, онда өзінен көрсін.
Ұранхаевтың бүгінгі баяндамасына аз-кем шолу жасап шықтық.
Әкімдік қаза тапқан 14 қызметкердің отбасына қолдау көрсетуге қызу кірісіпті. Әкім бюджет тыс көмек көрсетеміз деп отыр.
Өрт аумағы 60 мың гектарды қамтыған, оның 43 мың гектарына тілсіз жау дес бермей тұр. Десе де, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Өртті сөндіру 3 бағытта жалғасуда. Ауыр техникалар өртті тұсаулау үшін тал-теректі отап, оқшаулау жұмысын жүргізуде. Жалпы өртті сөндіруге 1788 маман, 345 техника, 15 тікұшақ жұмылдырылған.
Техниканы отынмен қамтамасыз ету үшін әкімдік 20 тонна жанармай жіберген, тағы 50 тонна Kaz Minerals компаниясы есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта Бұлақ, Талица, Половинки елді мекендері эвакуацияланды (463 адам). Көшіру орындарында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.
Тұрғындар Семей қаласы мен Бородулиха ауылының эвакуациялық пункттерінде орналастырылды.
Өрт сөндіруге тартылған және эвакуацияланған азаматтар үшін азық-түлік жеткізілуде.
Жоғалған тракторшы С.Архиповты іздеу жалғасуда. Полиция қызметкерлері оның орналасқан жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Успенский орманшылығының қаза тапқан 14 жұмысшылардың отбасына көмек көрсету жүргізілуде.
Бүгінгі таңда әрбір отбасына бюджет және бюджеттен тыс қаражат шеңберінде қажетті көмектің дербес карталары жасалды.
Ұранхаевқа экс-Төтенмин Ильин қателігін қайталаудан абай болған жөн. Өңірдегі ахуалдан шынайы хабар таратса, ұтылмайды. Жалған есеп, сылдыр сөзге толы баяндама жағдайды ушықтырса түспесе, жақсартпайды.