Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда СССР туын жұлып тастаған белсенді өз елінде айыпты болып, бес тәулікке қамалды

13:23, 11 мамыр 2024 901

Кеңес одағының туын алаулатып-жалаулатып Алматы көшелерімен алып жүргендердің туын жұлып алған қоғам белсендісі Жанболат Шәйзада бес тәулікке қамалды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына орай аталып өтілетін 9 мамырда Совет одағының туын көтерген адамдармен байланысып қалған белсенді Жанболат Шәйзаданың бес тәулікке қамалғаны хабарланды. Алматы қалалық әкімшілік соты оны тәуелсіз Қазақстанда өзге сипаттағы ту көтергендерге қарсы келгені үшін айыпты деп санап, “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Сот шешімінде қатысты ақпаратқа сенсек, онда "қоғамдық орында жүріп, келе жатқан көліктерді өз бетімен тоқтатып, жанжал шығарып дөрекілік көрсетіп, былапыт сөздер айтқаны, көліктен тулардың көшірмелерін жұлып алып қоғамдық тәртіпті бұзғаны" жазылған.

Алайда, белсендінің БАҚ-қа берген сұхбатында: “балағат сөз айтқаным рас, бірақ ешқандай тәртіп бұзбадым”, - деген. Өзінің саяси көзқарасы, ұлттық санасы үшін жазықты болған Жанболат Шәйзада 9 мамыр күні кешке ұсталды. Тараптардың шешімге қатысты шағым түсіруіне мүмкіндігі бар.

Еске сала кетейік, 9 мамыр күні әлеуметтік желіде ер адамның Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын алып, көліктегі адамдармен сөзге келіп қалғаны бейнеленген видео тарады. Жанболат Шәйзаданың айтуынша, оқиға 9 мамырда күндіз болған. Ол СССР-дың туын желбіретіп жүруді ел бірлігіне сына қағып, "арандату" әрекеті деп санайтынын жеткізді.

Жанболат Шәйзада Ресейдің Украинаға басқыншылығы осындай арандатушы әрекеттерден басталғанын атап өтіп, істеген ісін дұрыс санайтындықтан оған өкінбейтінін, жасағанын мойнымен көтеруге дайын екенін де хабарлады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан КСРО туымен шеруге шыққандарға қарсы болған алматылық Жанболат Шайзаданы қолдауға шақырды.

- Жанболаттай ұлтқа тірек, елге керек азаматтарды қолдамай тыныш отыруға тағы болмайды. Сонда не істемек керек? Меніңше, қолданыстағы әкімшілік кодекске бөтен, басқа елдің мемлекеттік символикасын қоғамдық орындарда рұқсатсыз пайдаланғаны үшін бөлек жауапкершілік қарастыру керек. Сонда біз осындай провокациялық әрекеттердің алдын алған болар едік. Әйтпесе, СССР-дің туын желбіретіп жүргендердің әрекеті заңды, ал оған тосқауыл қоямыз деушілердің әрекеті заңсыз болуы әділеттілік қағидатына қайшы, – деп жазады ол.

Орайы келгенде айта кетейік, жыл сайынғы Жеңіс күнінде егемен елдің аспанында өзге сипаттағы нышандарды көтеретіндер көзге түседі. Кеңестік кездегі ұлттық құндылықтардың жаншылып, ұлт тілінің түгесілуі, қазақ тілді мектептердің жабылуы, ашаршылық пен ұлт зиялыларын қуалау сынды қиындықтар тән советтік империяның саясатын айыптайтындар бұл құбылысты құлдық санамен, отарлаушылықты жақтаумен, қазақ халқына жасалған геноцитті бейсана қолдаумен байланыстырып жатады. 

 

 



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар