Әскерде жараланған Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы тергеу жүргізіліп жатқанын сарбаздың адвокаты Инга Иманбай хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Инга Иманбайдың хабарлауынша, Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған. 1 қазан күні қаулы шығып, негізгі қылмыстық істен бөлек дәрігерлердің іс әрекетіне қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталған. Ол іс бойынша да сараптама тағайындалған.
– Негізгі іс бойынша сараптама нәтижесін күтіп жүрміз. Тек қана Сіздердің қолдауыңызбен әділеттілікті талап етуді жалғастырамыз, – деп жазды Инга Иманбай.
Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған.
Ербаян Мұхтарды Түркияға Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.