БҚО-да мектеп оқушылары ата-анасының көлігін айдап кетіп, жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды ALASH.KZ.
CMN.KZ тілшісінің хабарлауынша, 9 және 11-сынып оқушылары ата-анасының LADA-211 автокөлігін ұрлап мініп, жолда Jac N56 жүк көлігімен соқтығысып қалған.
Жол-көлік оқиғасы «Переметное — Белес» тас жолында болған. Оқиға орнынан бейнежазба Қазнетте тарады.
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті CMN.KZ тілшісіне бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, көлік ішінде болған 17 және 15 жастағы екі жасөспірім оқиға орнында қаза тапқан.
«Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Полиция департаменті қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айта отырып, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне аса мән беруге, мұндай жағдайлардың жолын кесуге шақырады», – делінген хабарламада.