Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Атамұра" кітаптары - рухани көшбасшы

13:41, 09 қыркүйек 2023 208
Бүгін Алматыдағы Арбат алаңында “Атамұра” баспасынан жарық көрген 17 жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Оған мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы, баспагер Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы, сатирик Ермахан Шайхы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, шығыстанушы, зерттеуші Төреәлі Қыдыр, т.б зиялы қауым және БАҚ өкілдері, ұлт жанашырлары мен мектеп оқушылары қатысты.



Беташар сөзін сөйлеген “Атамұра” корпорациясының президенті, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Рақымғали Абрарұлы баспаның бағыттарын тілге тиек ете келіп, жаңадан жарық көрген кітаптардың мазмұны, маңызы мен ерекшелігіне тоқталды.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен бірлесе отырып жүйелі әрі сапалы түрде оқырманға жол тартқан кітаптардың халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртып, нәсихаттауға өз үлесін қосатынын жеткізіп, қолдау білдірген институт ұжымына алғыс айтты.



Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, журналист, баспагер Кәдірбек Сенізбайұлы ұлтымыздың рухани байлығын дәріптеп дамытудағы “Атамұраның” жемісті жұмысы мен жетістіктерін атап өтті. Қазіргі жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігінің азайып бара жатқанын айтып, баспадан шыққан 17 кітаптың мыңдаған оқырманның рухани әлемін байытарына сенім білдірді.

М.Әуеов атындағы Әдебиет және өнер инстиуты диекторының орынбасары Төреәлі Қыдыр “Атамұра” баспасының мұрағатта жатқан мұраларды талғампаз оқырманға тарту еткен дәнекерлік қызметіне дән ризашылығын білдіріп, ұрпақтардың ұлтын сүйер рухты азамат болуы үшін кітапты көп оқуы керек екенін ескертті. Таныстырылған кітаптардың тағылым-тәрбиеге толы мазмұнын айшықтай түскен айрықша сәттер болды.

Атап айтқанда, ұстаз, домбырашы Әсия Көпжанова күмбірлете күй төгіп көрермен көңілін көтерді. Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты “Ділмар” үйірмесінің мүшелері жаңа шыққан кітаптардың ішінен батырлар жырынан үзінді, шешендік сөз, қара өлең, мақал-мәтелдерді жатқа айтып жиналған жұртты тәнтті етті.

Таныстырылымға дейін-ақ оқырмандардың жан досына айналып үлгірген кітаптарға кішкентай балалардың да қызығушылығы ерекше болды, таласа-тармаса алып жатты. Демек, ұлттық рухани мұрамыздың мол қазынасын байыта түскен жаңа кітаптардың жалпы қауымның жақсы көріп, жаттап оқитын кітаптар қатарына қосылатыны даусыз. Көңілі толқыған көрермендер оқушылар мәнерлеп оқыған түрлі туындылар топтастырылған кітаптарға сүйіспеншілігі артып, іздеп-сұрай бастағанын көріп қуандық…

Жаңадан жарық көрген 17 кітапта шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, тарихи және күй аңыздары, батырлық жыр дастандар, ертегілер, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, халық өлеңдері, т,б қамтылған. Ұлттық нақышта безендіріліп, көркі көз тартқан кітаптардың ішкі мазмұны да өнегеге толы. Барша оқырманның ой-өрісін байыта түсер рухани досына айналарына сенімідіміз!
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?