Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Балалардың тілін тапқан Асылан

09:33, 08 қазан 2022 176
Бүгінде балаларға арнап түрлі жанрда үзбей жазып жүргендердің бірі Асылан ТІЛЕГЕН.  1993 жылы 21 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылының Балдырған елді-мекенінде туған.

2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетін бітіріп, қазір балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ақ желкен» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарып жүр. Балаларға арнап жазуды жақсы көргені шығар балалар журналында қызмет етіп, үнемі балаларға арнап жазудан еш жалыққан емес. Республикалық «Алтын тобылғы», «Ұлы дала» шығармашылық байқауларының жүлдегері.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2017 жылы «Үр», 2021 жылы «Хадия», ал өткен жылы «Бойтұмар» жыр жинақтары жарық көрген. Негізінен балаларға арнап өлеңдер жазғанымен арасында балаларға арнап әдеби танымдық мақалалар, жұмбақтар да жазып тұрады. Мәселен бүгін балалар назарына ұсынып отырған еліміздегі қалалар туралы жұмбағы ерекше. Бір екі сөйлемдік жұмбақтар сол қаланың ерекшеліктерін ашып көрсетіп, балалардың еліміздегі қалалар туралы түсінігін ерекше байыта түседі. Ал «П әрпі бар сөз» және «Ұят-ай» өлеңдері өте жинақы, балалардың жаттауына оңай және кішкентайлардың түсінігіне лайықталып жазылған. Балалар үшін ең керегі де осы емес пе?! Ендеше Асылан Тілегеннің ерекше шығармашылығын бірге оқиық! 

 

«П» ӘРПІ БАР СӨЗ

 

Тұр мұғалім «күшінде»,

Сұрақ қояр кез келді:

– Айтыңдаршы, ішінде,

«П» әрпі бар сөздерді.

 

Қасым бірден тұрды ұшып,

Екпінділер, бізді аттай.

Сол жақ көзін бір қысып,

«Қазан», – деді міз бақпай.

 

– Қай жерінде «П»-сы бар?

– деп сұрауы сол еді.

Жөні жоқ-ау қысылар,

«Қақпағында» дегені.

 

 

«ҰЯТ-АЙ»

 

Ұртында тұр құрт міне,

Ішіп отыр сүтті де.

Бауырсаққа қол созды,

Қысылмайды тіпті де.

 

Айраннан да бір жұртты,

Қазыны да қылғытты.

Бір уысын кәмпиттің,

Қалтасына сүңгітті.

 

Ойнай алмай секіріп,

Жүре де алмай не тұрып.

Көтере алмай қарынын,

Жатыр енді кекіріп.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар