ҰЛТ КӨСЕМІ - ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЖОҚШЫСЫ - ТҰҢҒЫШБАЙ АҒА
Әлихан Бөкейхан - ормантанушы, ботаник, экономист, тарихшы, қазақтың мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған бірегей ғалым, көркем аудармашы, алғашқы Абайтанушы, тұңғыш энциклопедист, сыншы, қоғам және мемлекет қайраткері, "Алашорда" үкіметінің тұңғыш төрағасы, ғұлама ғалым, мемлекеттік дума депутаты, "Ғасыр саңлағы, Ұлт көсемі". Тұңғышбай_Мұқан, "Ақтоғай тарихтың тас сандығы" кітабынан.
Бір адамның басына үйіп-төгіп осыншама нығметті бере салған Жаратушының құдіретіне таң қалмасқа шараң жоқ. Осының бәрін жіктеп, жіліктеп оқырманына тарту еткен Тұңғышбай Мұқан ағаның еңбекқорлығына сүйсінбеске тағы болмайды. Жазудың да машақаты жетіп артылады, ал жазғанды кино тілінде жеткізу екінің бірінің қолынан келмесі тағы анық. Қамқоршың табылып, қаржылай көмек беріп тұрса бір сәрі, зейнетақысын жинап кино түсіру - ақылға сыймайтын нәрсе.
- Осыңыз не тірлік? - дейміз ғой баяғы.
Сұрағымызды жаратпай тұрғанын білеміз, бірақ жауапсыз қалдырмайды:
- Өмірімнің көпшілігі Алаш арыстарын зерттеумен өтті, талай қиын күндерді бастан кешірдім. Енді тырнақтап жиғанымды ел қажетіне жаратуым қажет. Мүмкіндігім барда қолымнан келген игілікті ісімді жарыққа шығармасам, ертеңгі күні рәсуа болады. Атақ қуып жүрген адам емеспін, ардақтыларды жарыққа шығару арманым. Оғанда жеттім деп ойлаймын. Ел-жұрт жақсы қабылдап, "Алаш айлығына" байланысты сұраныстар түсіп жатыр. Бүгін теміржолшылар қалашығына келдім. "Мәдениет сарайы" директорының орынбасары Сүлейменова Қымбат Бақытқызының ұйымдастыруымен "Әлихан ұлт-азаттық күрескері" атты деректі танымдық фильмді Сұрыптау стансасының тұрғындары тамашаламақ. Қымбат Бақытқызы осыған дейін де осындай екі шара ұйымдастыруға себепші болған. Алғысым шексіз.
Тұңғышбай аға айтса айтқандай, Қ.Сүлейменова қол астындағы қызметкерлерімен бүгінгі игі шараға үлкен дайындықпен келген. Мәдениет сарайының іші көрерменге лық толы. Теміржол колледжінің студенттері, жергілікті тұрғындар, еңбек ардагерлері, тіпті Қазалы қаласынан келген "Құрметті теміржолшы" қонақ та көпшілік қатарынан орын алған.
Модератор Ерден Төлеуханұлы алаш зиялылары, оның ішінде Ә.Бөкейхан жайлы түсінік берді. Одан кейін сөз алған "Құрмет белгісі" орденінің, "Алаш зиялысы" медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ақтоғай ауданының "Құрметті азаматы", Әлиханның шырақшысы Тұңғышбай Мұқан Өміртайұлы осы деректі фильмді түсірудегі мақсаты жайлы қысқаша сөз сөйледі.
Жиналған көпшілік фильмді зейін қойып көрді десе болады. Шыбының ызыңы естілмейтін тыныштық орнады. Фильм біткен соң, үлкендермен қоса, оқушылар да Тұңғышбай ағаның қолын алып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Сұрыптау стансасы ардагерлер кеңесінің басшысы Мәрия Жанарбекқызы көрермендер атынан алғыс айтты.
Фильмнен кейін үлкен залға бет алған жұрт кітап көрмесін тамашалады. М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 4-ші және 23-ші филиалдары ұжымының ұйымдастырған көрмесі алаш арыстарының өмірі жайлы жазылған кітаптарға толы болып шықты. Ортаға жинақталған кітаптардың екі қанатына зиялылылардың қанатты сөздері жазылған. Мәдениет сарайының әдіскері Әділова Айнұр Бүркітбайқызы көрермендерге түсінік жұмыстарын жүргізді.
Бізді қызықтырған Тың теміржолы Қарағанды бөлімшесінің тарихи музейі болды. Алғашқы паровоз келгеннен бастап жинақталған жәдігерлер станса тарихын паш етіп тұр. Музей меңгерушісі Татьяна Калужаева әр экспонатқа түсінік беріп, қойған сұрақтарымызға тыңғылықты жауап берді.
Аңғар СМАҒҰЛ, өлкетанушы