Әйтсе де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен өтетін үлкенді-кішілі басқосулардың бәрінде дерлік «Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да көркейеді. Сондықтан халықпен бірге болыңыздар» деген пікірді үнемі кәсіпкерлердің санасына сіңіріп келеді. Осы орайда кешегі Қостанай өңіріндегі төтенше жағдай кезінде де қалталылардың қамқорлығы қажеттігі сезілді.
«Beles» құрылыс компаниясының директоры Махат Төреәлі, белсенді Мақсат Толықбай бірге бірнеше күннен беріҚостанайдағы штабпен байланысып қажеттіліктердің тізімін жасақтап, көлік керуенін аттандыруда. Махат мырза бұл жөнінде өзінің парақшасында «Мақсат бауырымыздың бастамасын қолдап, Алла разылығын үміт етіп, тілсіз жаудан зардап шеккен Әулиекөлге 25 тонналық көлікке азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды артып, аттандырдық. Президентіміз өз сөзінде барлық қоғам болып, кәсіпкерлер бірігіп осы бір ағайынның басына түскен жүкті жұмыла көтеруге шақырды. Біз де осылайша аз да болса қолдауымызды білдірдік. Соңғы бір сұхбатымда айтқан едім «Құрылыс компаниялары тек үй сатып,пайда табуды көздемейді» деп. Мінекей соның дәлелі артымызда тұрған құрылысшы азамат жігіттер. Алла еліміздің тілсіз жаудан, қисынсыз даудан сақтасын!» деп пікір қалдырған.
Қайғылы жағдайға бейжай қарай алмай, халыққа қамқорлық көрсетуге асыққан азаматтардың ісі өзгелерге үлгі болғай!
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ