Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Білім беру жүйесі ұлттық құндылықтарға негізделуі қажет – педагог

09:56, 27 ақпан 2023 394
 


Қазақстандықтардың патриоттық сезімін арттыру үшін мектеп және жоғары оқу орнында берілетін білім ұлттық құндылықтарға негізделуі қажет. Мұндай пікірді Halyq Uni тілшісіне әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология факультетінің оқытушысы Бауыржан Каспихан айтты.

«Жастардың арасында патриотизм сезімін арттыру үшін форум өткізіп, 5-6 патриоттық әнді қоюдың пайдасы шамалы. Одан гөрі жүйелі ұлттық құндылыққа негізделген тәрбие мен білім беру қажет. Мектепте не жоғары оқу орнында қай пән, қай мамандық екеніне қарамастан, бәрі қазақтың ұлттық құндылығына негізделуі керек. Ол қалай жүзеге асады? Кез келген салада оқып жатқан студент білім алып қана қоймай, қазақты тани алуы керек. Қазақтың даналығын, қазақтың еркіндік сүйетініне таң қалуы керек. Бір сабақта қазақтың болмысына қатысты таңданыс, жаңа ақпарат алуы қажет. Демек, біліммен қатар әсер алады. «Осындай болған ба?» деген таңданыс арқылы ғана ұлттық құндылықты түсінеді», - дейді Бауыржан Каспихан.

Айтуынша, таңдану арқылы білім алушының бойында мақтаныш сезімі пайда болады.
 

Халқына деген мақтаныш сезімі ұлтжандылыққа алып келеді. Үдемелі, жүйелі түрде әрбір айтқан ойдан ұлттық болмысын таниды. Математика, тарих, әдебиет – қай пән екені маңызды емес. Сыни ойлауды қалыптастырып, «белгілі бір дерек маған не берді?», «біз оны қалай пайдалана аламыз?» деген сұраққа жауап алуға тиіс. Алаш қайраткерлері оны қалай пайдаланды? Біз қалай пайдалана аламыз? деген сұрақтар қойылуы керек, - дейді ол.

 

Алайда ол ұлтжандылық сезімін арттыру барысында бір ұлтты басқа ұлттан жоғары не төмен қоюға қарсы.
 

Қазақ басқадан биік, ең керемет ұлт деп емес, басқамен тең, ешкімнен төмен емес деген тұжырымды қалыптастыру қажет, - дейді Бауыржан Каспихан.

 

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге қатысты да пікірі бар. Рәміздерде не бейнеленгеніне назар аударып, оның мәнін ұғыну да маңызды. Әрбір элементтің мәнін түсіну арқылы сыни ойлау қалыптасады. Қажет болса, басқа елдердің мемлекеттік рәмізіне зер салу қажет.

«Мұғалім де ұлттық сананың не екенін біліп, тереңнен ойлау білуі керек. Бізде көп дүние жаттанды өтеді. Әдебиет сабағын алсақ, ақын не жазушы, қайраткердің өмірбаяны ғана айтыла салады. Оның қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғанына қарағанда, не істегені маңызды. «Сіз қандай қорытынды шығарасыз?» деп оқушының өзіне талдау жасауға мүмкіндік беру қажет. Оқушы өзі жауап бере алатын себеп-салдар сұрақ қою қажет. Ұлттық құндылық пен функционалдық сауаттылық та сонда жатыр», - деп қорытындылады Бауыржан Каспихан.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар