2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов UFC президенті Дана Уайт негізін қалаған жаңа бокс промоушенімен келісімшартқа қол қойды. Бұл қадам оны лиганың алғашқы қазақстандық боксшысы етті. Жаңа жоба Уайт пен Сауд Арабиясындағы промоутерлердің бастамасымен құрылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл лиганың жүйесі қазіргі бокс ұйымдарынан өзгеше болмақ – әр салмақ дәрежесінде тек бір ғана чемпион болады. Бұл өзгеріс бокстағы тәртіпті күшейтуді көздейді. Бұрын IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған Данияр ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралады. Соңғы рет ол өткен жылдың қыркүйегінде жекпе-жек өткізген болатын.
13 наурызда 34 жасқа толған Елеусінов жаңа промоушенмен келісімшарт оған жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімді. Ол АҚШ аренасында өзін дәлелдеп, биік белестерді бағындыруды көздеп отыр. Данияр бұл жаңалықты өзінің Instagram парақшасында растады және бокста жаңа сынақтарға дайын екенін мәлімдеді.
Кәсіпқой мансабында Елеусінов әлі жеңіліс көрмеген. Оның рекорды – 12-0 (7 KO). Енді жаңа жоба аясында ол әлемдік деңгейдегі ірі жекпе-жектерге қатысып, бокстың жаһандық жұлдыздарының біріне айналуды мақсат етіп отыр.
Оқи отырыңыздар:
- Данияр Елеусінов Алматыдағы бокс кешінде қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген болатын.
- "Жеңіліп жатқан жоқ, жеңісті бермей жатыр": Данияр Елеусінов Париж Олимпиадасына барған боксшыларымыз туралы айтты