Бүгін Бурабайда Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Ертең Ұлттық Құрылтайдың үлкен жиыны болады, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады, деп жазады Alash.KZ.
Ұлттық құрылтайдың бүгінгі отырысында не айтылды, қандай тақырыптар сөз болды? Ертең өтетін Құрылтайдан қазақстандықтар не күтеді? Қандай мәселелер айтылып, қандай тақырыптар көтеріледі? Осы сұрақтарды Ұлттық Құрылтай мүшесі, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанға қойдық.
Құрылтай мүшесінің айтуынша, әр Құрылтайдың өзінің бағыты мен бағдары, мәні мен маңызы бар. Бұл жолғы өтетін Құрылтайға да артылған салмақты жүк бар дейді.
"Бүгінгі басталып жатқан Бурабай төріндегі төртінші Ұлттық Құрылтай мәдениет пен руханиятқа, қоғамдағы ұлттық тәрбиемізге, жастар саясатына, ақпараттық қауіпсіздігімізге арналады. Осы күндері дүниеде әртүрлі оқиғалар болып жатыр. Осы кезеңдерде етек-жеңімізді қалай қымтаймыз? Алдағы бағыт-бағдарымызды қалай тұжырымдаймыз, мемлекеттік органның, жергілікті органның, заң шағырушы органның, жергілікті атқарушы биліктің жауапгершілігі, қоғамның жауапгершілігі қандай болу керек, шалғай ауыл мен аудандарда болып жатқан әртүрлі ұлттық, елдік проблемаларды талдау, таразылау жағы күн тәртібіне көтеріледі деген ойлаймын, - дейді.
Құрылтай мүшесінің айтуынша, екі күнге жоспарланған жиынға Құрылтай мүшелері үлкен дайындықпен келген. Айтуынша, осыған дейін Астанада Құрылтай мүшелері бірнеше рет жиналып, алдағы кезеңдер туралы кеңес өткізген. Айталық, білім және оқу ағарту, мәдениет және ақпарат министрімен кездесіп, Құрылтайда көтерілетін тақырыптар төңірегінде алдын ала талқы жасаған.
"Қоғам бұл Құрылтайдан үлкен үміт күтіп отыр деп ойлаймын. Өзім де осы Құрылтайдың мәдениет, өнер және руханият сексиясының мүшесі ретінде нақты ұсыныстарымды беремін. Айталық, ақпараттық қауіпсіздік, жастардың тәрбиесіне қатысты ойларым бар.
Құрылтай қарсаңында Астанада өткен басқосуда біртұтас ұлттық тәрбиеге қатысты оқу-ағарту министрі өзінің тұжырымдамаларын берген. 1 қыркүйектен бастап ол жүзеге аса бастады. Білім жүйесіндегі осының артық кем тұстарын, ұрпақ тәрбиесіндегі, ұлт тәрбиесіндегі кемшіліктері талқыланады" - деді мәжіліс депутаты.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Құрылтай қоғам алдындағы өзінің тарихи миссиясын орындап отыр. Өйткені Ұлттық Құрылтай қоғамда қордаланған әртүрлі проблемалардың шешім алаңы. Бұған дейін Құрылтай мінберінде көтерілген проблемалар негізінде қырықтан астам нақты бағыттар айқындалып шешімін тапқан. Осының өзі Құрылтайдың нақты шешімі. Одан бөлек, оншақты заң жобасы осы Ұлттық Құрылтайда көтеріліп, шешім қабылданыпты.