Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Егер бұрынғыдай бұрмалаулар болса, онда Қаңтар – Наурызға ұласып кетуі бек мүмкін" - Қазыбек Иса

06:17, 13 қаңтар 2023 218
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса «Әділетті Қазақстанның басты талабы – әділ сайлау болуы тиіс. Егер бұрынғыдай бұрмалаулар болса, онда Қаңтар – Наурызға ұласып кетуі бек мүмкін… «Нұр Отанға» 80-90 пайыз дауыс берілгеніне кім сенеді? Ел сене ме? Өздері де сенбейді биліктің!» деген пікірімен бөлісті.
– Осыдан екі апта бұрын Сенат отырысында президент Тоқаев Парламенттің рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, алдағы сайлаудың ашық та адал өтуі тиістігіне үлкен мән берді. Яғни Әділетті Қазақстанның басты талабы – әділ сайлау болуы тиіс. Әділдік жайлы айтқанда, біз ең алдымен Қаңтар қасіретінен қандай сабақ алдық? Қандай қорытынды шығардық? Мұның бәрін алдымыздағы Парламент сайлауы айқын көрсетеді! Иә, сайлау әділ де, ашық өтуі тиіс! Егер бұрынғыдай бұрмалаулар болса, онда Қаңтар – Наурызға ұласып кетуі бек мүмкін… Яғни, мемлекеттің тағдыры биліктің әділдігіне байланысты өз қолында тұр. Әділ мемлекет болуы үшін ең алдымен әділ сайлау болуы тиіс. Біз бұның бәрін қауіп еткеннен айтып жатырмыз. Өйткені, бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін өте жақсы білеміз. Яғни, «Сайлау маңызды емес, санау маңызды болған» деген талай сайлау басымыздан өткен. Шындығын айтайық! Осы 30 жыл бойы елді әділетсіздік пен жемқорлық жаулап алса да, қаншама экономикалық дағдарыстар, девальвация, инфляция болса да, сайлау сайын билік партиясы «Нұр Отанға» 80-90 пайыз дауыс бергеніне кім сенеді? Ел сене ме? Өздері де сенбейді биліктің! – дейді Мәжіліс депутаты.

 

Депутат бұған дейінгі сайлаулар халықтың жүрегіне қадалған оқ болғанын атап өтті.
– Мысалы, 2007 жылы парламентке тек қана «Нұротандықтар» ғана 100 пайыз өткен. Сол сайлауды біз қатты сынап жазғанбыз. «Елбасыға деген ел сеніміне нүкте қойылған сайлауы болды» деп.  Сондықтан да, Президенттің әділ сайлау өту туралы ұстанымын «Ақ жол» қолдайды және көп жылдар бойы ашық та адал сайлауда «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституцияның 3-бабын толық іске асуын талап етіп келеді. Ерекше назар аударатын мәселе — ешқандай сайлау комиссиясы мүшелері бюджеттік мекеме қызметкерлері болмауы тиіс. 2017 жылдан бастап, біз талай рет Орталық сайлау комиссиясы мен интернетке тікелей ашық трансляция жасап, әр сайлау учаскесіне бейнебақылау енгізу жайлы талай ұсыныс жасағанбыз. Сонда, сайлау комиссиялары да, бақылаушылар да, кез-келген азамат та сайлаудың әділ болғандығына, заң бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге және саяси бәсекелестік күшейген сайын күшейе беретін жанжалды басуға мүмкіндік береді. Мұндай бақылау дауыс берудің ашық ең жақсы кепілі. Сайлаудың қорытындысына ел сенім артады. Бейнебақылау камераларын бет әлпетті автоматты тану жүйесімен жабдықтау бірнеше сайлау учаскелерінде дауыс беретін «карусельдерге» тосқауыл қояды, – дейді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, дауыс санау кезінде бақылаушыларға әр бюллетень белгісі дәл көрінетіндей жақын жерден көрсетілуі керек.
– Бұл бюллетень арқылы дауыстарды қайта санауға мүмкіндік береді. Бұл шара өте маңызды, өйткені бюллетеньдердің бәрі жойылып кететінін білеміз, ал бейнежазба бұл Орталық сайлау комиссиясының серверінде сақталып қалады. Бұл шешім көп күмән туғызбай, қоғам мен билік арасындағы сенімділікті арттырады. Алайда, «Ақ жолдың» осы және 60-тан астам ұсыныстарына Үкімет пен билік партиясы, басқа да фракциялардағы әріптестеріміз қарсы шығып, өткізбей келеді. Бұндай бейнебақылау көп елдерде бар. Қырғызстан  10 жыл бұрын енгізген. Үкімет видеомониторингтен бас тартуға сылтау етіп отырған қаржылық шығын талай бағдарламаларға жұмсалған шығыннан артық емес және азаматтардың өз мемлекетіне деген сенімінің артуымен бірден ақталады. Мемлекетке ел сенімі мен қоғамның тұрақтылығы қажет пе? Қажет болса, сайлау әділ өтуі үшін түрлі сылтаулармен кедергі жасамай, осы ұтымды ұсыныстарды қабылдауы қажет! «Ақ жол» еліміздегі барлық сайлауда сайлау учаскелерінде бейнемониторинг енгізуді қайта ұсынады. Әділ сайлау болуы үшін бұдан басқа жол жоқ!, – дейді депутат.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар