Алматылық емші Айнұр Бекет қара магияның құдіреті, жындар әлемі мен тылсым күш туралы айтты, деп жазады Alash.KZ сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.
- Емші деген кім?
- Емші – адамды емдейтін адамдарды айтады. Дәрігерлерден айырмашылығымыз, бізде қасиет болады. Адамның бойындағы ауырып тұрған жерлерін энергия арқылы байқап емдейміз.
- Сіз қара дуамен айналысасыз ба?
- Айналысып көрген емеспін, айналысқым да келмейді. Көп адам маған мынау сүйікті қызым немесе жігітім басын айналдырып беріңізші деп келеді. Енелер балам мен келінімді ажыратып бер, маған келінім ұнамайды деп суретін әкеліп отырады. Мен ондай жандарға есік әне деймін, олар кетпей милиондап ақша ұсынады. Біздің күшті сатып аламын деп ойлайды. Иә, сатып алуға болады. Жынмен келісімшартқа отыру бір-ақ сағат. Егер сол әрекетті жасасақ, таза әлемге енді келмейміз. Құдайдан кешірім сұрап, қайта бастауға болады, бірақ бойымыздағы қасиетті жоғалтып аламыз. Аллаға қарсы жұмыс істеп кетесің. Қазіргі заманда қара дуамен айналысатындар өте көп.
- Адам өзінің бойын дуадан қалай сақтайды?
- Тұзбен жуынып, тазаланып жүру керек. Ол сырттағы энергияны тазартады. Бірақ шынымды айтсам, одан ешкім қорғана алмайды. Мешітте намаз оқып жатқан кісілердің жындары қозып, айқайлап құлап жатады. Одан кейін не айтам, ол күнде құран оқитын кісі ғой. Соның ішіне жын кіргенде, қарапайым адамға кірмейді дейсіз ба? Тылсым әлем қорғайды. Сен құран оқығаның кішкене көмек болады, дегенмен бойыңды жан жағыңды таза ұстау керек. Ниетің түзу болып, санаға жаман ойды жібермеу керек. Дуаны бойыңа кіргізуің санаңа байланысты.
Неге қара дуамен айналысатындар, өз өмірі үшін неге қорықпайды?
Қара дуамен айналысатындар жын әлемімен келісімшартта отырады. Олар ешнәрседен қорықпайды. Себебі қорғаушылары мықты. Базар – магияның ордасы. Алтын көрсе періште жолдан таяды дейді ғой. Біз пендеміз қателесеміз. Бәсекелестер бір -біріне дуа жасап жатады. Дуадан арылу үшін маған келіп жатады. Мен келген адамның басын ұстап қазіргі жағдайын анықтаймын. Егер дуада, тіл көз тиген болса адам артқа қарай қимылдап өзін ұстай алмай қалады. Ал жолы ашық болса, бір қадам алға жылжып кетеді. Адамның басын, арқасын ұстағаннан кішкентай кезінде қайда өмір сүрді, әке-шешесі, бауыры туралы ақпаратты көріп аламын. Сосын қазіргі жағдайында қандай мәселе болып жатқанын қарап, ата-бабасының әруағымен тілдесемін. Кейде әр адамның тотемі келеді, жануарлар әлемінен. Жалғыздықты жақсы көретіндерге қасқыр, ұзақ өмір сүретіндерге тасбақа немесе жылан кейпінде келеді. Солай дуаны шешемін. Менің қасиетіме сақалдылар сенбейді, олар маған орамал таққыза алмай әлек. Бірақ армандары орындалмайды. Дін мен қасиетті байланыстыруға болмайды. Екеуі де Алладан, бірақ бағыты бөлек.
- Адам ұйықтағанда неге бастырылып қалады?
- Әрине, бұл тылсым күш. Адам өз денесіне ие бола алмай, үстінде біреу отырғанын сезеді. Менің өмірімде ондай жағдай кездесті. Үйге жөндей жұмыстарын жасап, абыр -сабыр шығып жатқан кезде ұйықтап қалғанмын. Бірақ ояу сияқтымын себебі жан-жағымның бәрін сезіп жатырмын. Үстіме дәу, қара нәрсе келіп отырды да, екі қолымен мойныма жабысты. Оянып кетіп алыстым. Бұл нәрсе көбінесе адамның бойы, жатқан жері, энергетикасы таза болмағанда болады.
- Сіз болашақты болжайсыз ба?
- Жастардың көбі қашан тұрмысқа шығып, неше баласы болатынын білгісі келеді. Болашақты көретін кезде денем өзі сезеді. Мұздайды, жел өтеді бәрін көріп отырамын. Бірақ біліп тұрсам да ешкімнің болашағын айтпаймын. Болмайды. Менің ол кезде дуа жасайтындардан айырмашылығым болмайды.
- Емшінің алаяқ екенін қалай білеміз?
- Жұмысының нәтижесі арқылы ғана айыруға болады. Басқа жолы жоқ.