Астанада «Жерұйық» саябағында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Елорда күніне орай «Астана многоликая» атты ән-би фестивалі өтті.
1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы 10 маусымда жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін Астананың туған күні ретінде аталып өтіп келді. Ал 2006 жылдан бастап 6 шілде елорда күні ретінде бекітілді.
Елордамызға 26 жыл толуына орай бас қаланың тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарламалар, фестивальдар, спорттық турнирлер ұйымдастырылуда. Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеш қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлауға атсалысты.
«Астана многоликая» атты ән-би фестивалінде қалалық этномәдени бірлестіктерге қарасты шығармашылық ұжымдар және жас солистер де жұмылдырылып, бар өнерлерін дүйім жұртқа паш етті.
Сонымен бірге, балалардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ынталандыру мақсатында қолданбалы өнер бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. «Сүйікті Астанам!» атты шығармашылық-байқау соңында белсене қатысқан балалар мен сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, жүлдегер қатысушыларға сыйлықтар үлестірілді.
Думанды шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік көріністерге куә болып, керемет мерекелік көңіл-күймен өнерпаздардың өнерін тамашалады.