– Жуырда Канн фестиваліне барып қайтқан едіңіз. «Қара қыз» фильмін батыстық көрерменге көрсете алдыңыз ба?
– Жоқ, «Қара қыз» бұл жолы көрсетілмеді. Осы жолы тек трейлерін ғана тамашалата алдық. Себебі фильм әлі өңделіп біте қойған жоқ, бұйырса, шілде айында барлық жұмыстарын аяқтаймыз деп отырмыз. Сондықтан Канн көрермендеріне келесі жылы ұсынсақ деген жоспар бар. Ал оған дейін Венеция, Испания, Сан-Себастьян, Торонто, Токио, Берлин сынды ірі қалалардағы үлкен кинофестивальдерге қатыстырсақ деп отырымыз. Қазір «Қазақфильмнің» халықаралық бөлімімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ал отандық көрермендер алдындағы тұсаукесері алдағы жылы өтеді.
«Қара қыз» фильмінің түсірілім алаңы
– Фильм жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Соғыс кезінде қазақтың жеті қызын операторлыққа оқытып, ұрыс даласына ататандырған екен. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы елге оралмаған. Бұл оқиғаны маған сонау студент кезімде ВГИК-тің түлегі Дариға ТІНӘЛИНА апамыз айтан еді. Алғаш естіген кезде жастықпен аса мән бермеген едім, кейіннен батыр қыздардың тағдырымен жіті танысып, сценарий басымда әбден пісіп жетілгенде экрандауға бел будым. Бірақ оңай болған жоқ. «Ойбай, соғыс туралы кинолардан шаршадық» деп, мұрынын шүйіретіндер көп.
Кинода біз меңзейтін тақырып соғыс емес – адами қасиет пен адал махаббат. Сөйтіп, жылдар бойы жарыққа шығарсам деп жүрген фильмді бар-жоғы 24 күнде таспалап шықтық.
Қатысқан актерлердің 95 пайызы – дебютанттар. Басты рөлді ойнайтын Нұрай САҚТАПОВАНЫ майдан қыл суырғандай, бес мың қыздың ішінен таңдап алдым. Мектепті жаңа бітірген түлек, өзі киелі Маңғыстау өңірінің тумасы. Басты рөлдегі жігітті сомдайтын Ерлан ҚҰЛМҰРЗИН де көрерменге таңсық жаңа бейне. Оны Ақтөбеден таптық.
– Жұрт киносына көрермен тартуды ойлап, кәнігі әртістерді ойнатуды әдетке айналдырса, сіздің жаңа толқынды тартуыңызда астар бар тәрізді...
– Біріншіден, мен әр туындымда жас таланттардың жұлдызын жағып, көрерменге жаңа бейнелерді танытқым келеді. Содан кейін қазір кәсіби әртістердің арасынан қасы мен көзіне татуаж жасатпаған, ерінін үрлетпеген қыз табу өте қиын. Ал саф өнер табиғи сұлулықты сүйеді.
– Қазіргі кинолардың дені кассаға негізделген. Ондай картиналар қазақ киносының дамуына үлес қосады деп айтуға келе ме?
– Жоқ, қазақ киносының қарыштауына титімдей де септігі тимейді. Себебі, дені – жекеменшік студиялардың өнімдері. Олардың мемлекет үшін не беріп, не қоярын ешкім де бағамдап отырған жоқ.
Қазақ киносының айналасында бірнеше заң да қабылданды. Өкінішке қарай олар қазақ киносын дамытатындай емес, керісінше, тамырына балта шабатындай көрінеді.
Бұрын «Қазақфильмде» арнайы сценарий саралайтын бөлім болатын. Қазір үй ішінен үй тігіп, мұның бәрін Ұлттық киноны қолдау орталығына табыстап қойды. Екеуінің түпкі мақсаты бір болуға тиіс, бірақ екеуі екі жақта отыр. Ал «Қазақфильмнің» даңғарадай ғимараты қаңырап бос тұр. Жалға алу ақысы бар, қызметкерлерінің жалақысы бар, қаншама қыруар ақша желге ұшып жатыр.
Қазақ киносын қолдайтын министрлік болса, Ұлттық киноны қолдау орталығын жауып, «Қазақфильмдегі» кәсіби сценаристер алқасын қайтару қажет.
Көркемдік кеңесті де қайта жаңғыртып, экрандалып жатқан туындыларды солардың алдынан өткізуді қолға алу керек. Әйтпесе, қазіргі көріп жүрген киноларымызда эротиканың, қатыгездіктің элементтері толып жүр.
– Көптеген режиссер өзінің бет-бейнесін таба алмай жүр депсіз. Неге?
– Әр режиссердің түсірген дүниесінде өзіндік қолтаңбасы көрініп тұруы керек. Көпшілік оны сол арқылы танып біледі. Қазіргі режиссерлерде ол жоқ. Бүгін махаббат жайлы түсірсе, ертең комедия, үшінші күні соғыс, одан кейін Назарбаев жайлы туындыны таспалап жатады.
– Айтпақшы, Назарбаев туралы түсірген киноларды қалай бағалайсыз?
– Абайдың әнебір өлеңіндегі мақамына салсам, қайран ақша қор болды, «Қазақфильмнің» ездеріне...
– Ресейлік оппозиционер Алексей НАВАЛЬНЫЙ туралы деректі фильм «Оскар» алды. Бізде осындай саяси тұлғалар бар ма, қалай ойлайсыз?
– Жетіп артылады. Алаштың АЛТЫНБЕГІ мен ЗАМАНБЕГІНІҢ тұлғалық болмысы бір-бір «Оскарға» сұранып тұр. Бас сауғалап, шетелге қашып кеткен небір дарынды жігітеріміз қаншама? Көбісі тарыдай шашылып, өзге елде босып жүр. Дүниеде бұдан асқан қорлық жоқ шығар...
Алаштың Алтынбегі мен Заманбегі
– Мұхтар ӘБЛЯЗОВҚА деген көзқарасыңыз қалай?
– Мен оның саяси позициясы жайлы ештеңе айта алмаймын, бірақ ол – мықты менеджер. «Жеді» деп желкесінен түйгілей бастаған соң, бас сауғалап елден қашты.
Бүгінгі Қазақстанды жасап жатқандар жер-жерде жүрген талантты азаматтарды жұмылдырмаса, етек-жеңімізді жия қоюымыз екіталай. Жалпы айтарым, шетелге кеткен қандастарды жау санаудың қажеті жоқ. Кезінде Қытайға бас сауғалаған қазақтардың арғысы большевиктерден, бергісі ашаршылықтан ауып кеткен жоқ па? Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!
– Досыңыз Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТІ Ресейдің қолшоқпары санайтындар бар. Бұған не айтасыз?
– Бұл – көре алмайтындардың тарапынан туындаған қауесет. Қазақстан Иманғалиға дейін-ақ сол ҰҚШҰ-ның мүшесі болған жоқ па?
Иманғали – өте ұлтжанды жігіт, сондықтан ешқашан қазақты өзгеге жығып бермейді. Қайта сол жерге оның Қазақстанның атынан барғаны дұрыс болды.
Себебі ол жақта біз білмейтін небір саяси жағдайлар болып жатыр. Иманғалидың сол соқпақтан қазақты сүріндірмей, аман-сау алып шығуды көздейтініне кәміл сенемін.
Т.Теменов пен И.Тасмағамбетов
– Өнерге қайта ойысайықшы. Кино идеологиялық өнерден алшақтап, қып-қызыл саудаға айналды. Бұған не себеп?
– Әрине, кинода ұлттың салты мен дәстүрі көрініс табуы қажет. Сондай-ақ елдің рухын көтеретін бұқаралық идеология болуға тиіс. Ал қазіргі кинолар базардың деңгейінде. Неге десеңіз, не сюжет, не қазақтың исі сезілетін диалог, не дәстүр жоқ. Анда барып, мында барып бизнес жасаған қазақтар. Одан қалса аузы сүйрелеңдеп әркіммен бір ұрысатын кексе келін. Жалғыз кинода ғана емес, барлық салада «қайдан табыс тапсам», «қалай байысам» деген түсінік қалыптасты. Сондықтан қазіргі фидьмдер кинотеатрдағы отырсаң тоқ, тұрсаң жоқ болатын попкорн сияқты, қазір көрсең, қазір ұмытылып қалады. Мұның бәрі сол өзіңіз айтып отырған идеологияның жоқтығынан.
Ал мына тұрған Украинада идеология бар, оның көрінісі сол – Ресей олардан ойсырай жеңіліп жатыр.
– «Жаңа Қазақстан» деген сіз үшін жалаң ұрандай көрінбей ме?
– Етек жеңін жиған жаңа ел болу үшін алдымен ескі Қазақстанда кеткен қателікті зерделеп алу қажет.
Менің білуімде, ескі Қазақстаннан қалған екі нәрсе ғана бар: шекарамыз белгіленді және астанамыз ауысты. Ал қазба байлықтарымыздың бәріне шетелдіктер қожа болып шыға келді.
«Ұрлығымды ақылдылар ұғынса, жағама жармасады» деген саясатапен Ғылым академиясын жапты. Әйтпесе арамыздан отыз жылда қайткенде 300 академик шығар еді. Оған халықтың потенциалы да жетеді. Бұл қазақтың болашағына балта шабумен тең. Неге десеңіз, қазір әлемде технологияны дамытып жатқан ел біз сияқты алыпсатарлықпен емес, білім-ғылыммен алға шығып отыр.
– Талғат Теменов мәдениет министрі болса, жұмысты неден бастар едіңіз?
– Айналайын, онсыз да ғұмырымның 25 жылын шенеунік болуға арнаппын. Алты жыл Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры болдым. Осы уақыт аралығында Қазақстанға кино мен телевидениеге қажетті он үш түрлі мамандықтың лицензиясын әкелдім. Бұл оңайға түскен жоқ, Мәскеуде әр есікке кіріп жүріп әрең дегенде қол жеткіздім.
Сол сияқты он жыл Мүсірепов театрының, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың да аяқтан тұруына бір кісідей күшімді салдым. «Қазақфильмдегі» шашылып қалған құрылғыларды да түгендеу оңайға түспеді.
Мұның бәрін еткен еңбегімді бұлдағандықтан айтып отырған жоқпын, бар ойым қазақ өнеріне қалайда үлес қосу болды.
Енді өзім үшін тер төккім келеді. Киномды түсіріп, ойда пісіп-жетілген оқиғаларды экрандаймын. Демаламын.
– Діншілдер өнерге дендеп кіріп кетті. Бұдан не түйесіз?
– Бұл – еліміз үшін үлкен қауіп. Білім мен өнер қалыс қалған жерде дін қанатын жая бастайды. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Араб елдерінің біразында болдым. Көбісі тіл үйреніп технологияның сырын меңгеруге жұмылған. Біздегілердей сақал мен хиджабтың, қалаберді тоқалдың айналасында әңгіме айтып жүрген жоқ.
– Баян МАҚСАТҚЫЗЫ «Станция судьбы» деген кино түсіргенде сіз «плагиат жасады» дедіңіз. Бірақ тақырып көп ұзамай жабылды. Бұдан соң жұрт «Тұрсын Алагөзов Теменовке «ауызбастырық берді» деген әңгіме шыққан еді
– Баян менің шәкіртім, сондықтан оның әр жетістігіне қуанбасам, етегіне жармасу ойымда жоқ. Иә, бастапқыда командамдағы жігіттердің тарапынан «плагиат жасады» деген әңгіме болғаны рас, бірақ мен «қойыңдар» дедім. Себебі, абыройым мен арымды ақшаға сататын адам емеспін.
Ал Алагөзов өмірде көрген адамым емес. Бар білетінім, Баян өте талантты. Қаңырап тұрған «Қазақфильмді» соған берсінші, тіршілігін дөңгелетіп әкетер еді.
nege.kz