Айтпағымыз осының салдарымен емес, себебімен күресуді күшейту. Рас, Саты ауылындағы қайғылы оқиғадан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы осы ауылдың мектебінде кездесу жиынын өткізді. Оған кикбоксингтен әлем кубогының иегері, Азия чемпионы, қазақ спортына елеулі үлес қосып жүрген Елмұрат Қайыпжанов пен дзюдо, қазақ күресі, самбодан спорт шебері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Асхат Рахметов арнайы шақырылып, мектеп ұжымымен, оқушылармен жүздесіп, суицидке әкеп соқтыратын сан түрлі себеппен күрес турасында әңгіме өрбітті.
–Саты ауылындағы 11-сынып оқушысының өзінен төменгі ссыныптарда оқитын оқушыларды жинап алып түн жарымда ауыл шетіне апарып күш көрсетуді, әлімжеттік танытуы әрине ақтайтын әрекет емес. Заң тұрғысынана тиісті жазасын алуы қажет. Айыпталушы бұған дейін Талдықорған қаласындағы спорт мектебінде оқыған екен, мүмкін сол спорт мектебінде оқып жүрсе, бір биікке шығар ма еді. Бойына симаған бұла күшін қазақ спортын көтеруге жұмсағанда дейсің. Бірақ амал қанша, айыпкердің ауыр соққысынан бір үйдің үміт артып отырған баласы көз жұмды. Қайтыс болған баланың досы араға көп күн салмай қорасында асылып ажал құшты. Өзінің өмірін қиятын суицидке итермелегеннің де тамыры әлімжеттікте жатыр. Бірер жас үлкен, жоғары сыныпта оқитындардың өзінен төменгі сынып оқушыларын қамқорлыққа алудың орнына өзекке тепкендей етіп, тізесін батырып, күш көрсету өкінішке қарай тиылмай отыр. Кеген аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратжан Мәсімхановтың арнайы шақыруымен Саты ауылында оқушылармен кездесу өткізіп, әлімжеттік жасаудың, күш көрсетудің, «салық салудың» соңы жақсылыққа апармайтынын ұғындырдық. Біз қашанда салдарымен емес, қауіп пен қатердің алдын алып себебімен күресуіміз қажет. Мұндай кездесулер әрбір мектепте жиі ұйымдастырылып, өтпелі кезеңге аяқ басқан жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу керек деп есептеймін, – дейді Асхат Рахметов.
«Алматы облысының денешынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Еңбекшіқазақ ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Елмұрат Қайыпжанов мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттікті тимай мұндай келеңсіздікті азайту қиынға соғатынын айтады. «Өзім де Шелек ауылындағы спорт мектебіне басшылық етемін. Салауаттылықты қалап, қазақтың көк туын желбертуге ұмтылған көкөрім жастар оқып жатыр. Оларға біз қашанда қазақы тәлім-тәрбие беріп, обал мен сауапты, үлкеннің кішіге қамқорлық танытуына, кішінің жасы үлкен адамға ізет көрсетуін бойына сіңіріп, тәрбие сағаттарын өткіземіз. Мұның барлығы да балалардың бір-біріне бауырмал болып өсуіне сеп болады. Саты ауылындағы мектеп ұжымымен, оқушыларымен кздесуде осы жайтқа тереңдей үңілдік. Қандай өкініш, екі бірдей шаңырақ қара жамылып, үкілеп отырған үмітінен айырылып, қанатынан қайырылды. Айыпты бала да енді тағдырын шытынатып ауыр жаза арқалайды. Мұндай жағдай қайталанбасын десек, суицидтің алдын аламыз дем ұмтылатын бослақ әрқашан қамсыз болмауымыз керек», – дейді Е. Қайыпжанов.
Қайыпжановтың сөзінің жаны бар, әрқашанда біз бармақ шайнап опық жеп қалмас үшін қауіп пен қатердің алдын алуға ұмтылуымыз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметі төбе құйқаңды шымырлатады. Жылда жасөспірімдердің 10 пайызы өз өмірін қиюға ұмтылады екен, бұл жаға ұстатарлық көрсеткіш. Қоғамда суицидтік көңіл-күйді тудырмау үшін себебімен күрес қашанда маңызды.
Нұрдан Есім