Павлодарда жүргізуші жасөспірімді автобустан мәжбүрлі түрде түсіргені үшін жазаланды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде жергілікті желіде маршруттық такси жүргізушісі мектеп карточкасының болмауына байланысты жасөспірім қызды түсіріп кеткен бейнежазба жарияланды.
Полиция қызметкерлері тексеріс жүргізді. Аталған көлік құралының жүргізушісі анықталды. Оған қатысты заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген кәмелетке толмаған қызды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.
Естеріңізге сала кетейік, 16 маусымда Мемлекет басшысы сәуірде қол қойған әйелдер мен балаларды қорғау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Сонымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы 1-1-бөлігімен толықтырылды. Енді заңды өкілінің еріп жүруінсіз келе жатқан 16 жасқа толмаған адамды қоғамдық көліктен күштеп түсіргені үшін жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.