Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Көшпелі отырыста Президент Жолдауы талқыланды

12:54, 09 қазан 2023 145
Оңынан болған отырыс. Қазан айы Алматы үшін бірқатар нақты шаралармен басталды. Нақтырақ айтқанда, оңтүстік астанамызда қаржы және ұлттық экономика министрліктері мен мәслихаттың бейінді комиссиясы және Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің қатысуымен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік өкілдерінің қатысуымен ҚР парламенті сенатының қаржы және бюджет комитеті депутаттарының көшпелі отырысы болып өтті.

Аталмыш көшпелі отырыс Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы, яғни 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, салық салу мәселелері бойынша берген тапсырмаларының іске асырылу барысын талқылау, талдау мақсатында өткізілді.

Басқосуды Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Макежанов ашты.

Ал ұлттық экономика министрлігінің өкілі Ерлан Сағынаев салық саясаты жөніндегі жаңа салық кодексінің жобасындағы новеллалар туралы өз ойын айтты.

Көшпелі отырысқа келген қонақтардың бірі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың негізгі амал тәсілдері туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов егжей-тегжейлі баяндап, түсіндірді. Алматыда өткен көшпелі отырысқа қатысушылардың талқысына салықтық әкімшілендіру мәселелері де шығарылды.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салықтық әкімшілендіру кезінде сервистік модельге көшуді баса айтты, салықтық бақылауды толық цифрландырудың қажет екенін жеткізді, салықтық есептілік нысандарын қысқарту және ҚҚС қайтару рәсімін оңайлату бизнес-ортаға оң әсерін тигізетініне тоқталды және кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін орындау үшін ыңғайлы нұсқаларды қолдануға мүмкіндік беретінін атап айтты, өз ойын осылай тұжырымдады.

Мұндай өзгерістер жаңа IT-шешімдерді қолдануды қажет етеді, мобильді қосымшаларды пайдалануды, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде енгізілетін болады. Сондай-ақ, көшпелі отырыста «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен қауымдастықтар және өндірістік сектор кәсіпкерлерінің өкілдері өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін білдірді.

Алматыда өткен кездесудің қорытындысы негізінде қатысушылар мұндай маңызды іс-шаралардың маңыздылығы мен пайдалылығын атап өтті. Сонымен бірге, салық заңнамасын жетілдіру бойынша және әртүрлі шығармашылық жұмыстарға дайын екендіктерін білдірді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?