Ресейдің Этноұлттық стратегиялар агенттігінің Директоры Александр Кобринскийдің пікірінше, Кремль үшін қазір Иманғали Тасмағамбетовтің кандидатурасы қолайлырақ көрінеді. Өйткені, ол соңғы кездері Ресейден іргесін аулақ сала бастаған Тоқаевқа қарағанда, Тасмағамбетовті әлдеқайда ресейшіл саясаткер деп есептейді. Сарапшы Қазақстанда қараша айында өтетін сайлауға байланысты NG («Новая Газета») басылымына осындай пікір білдірген.
Оның айтуынша, Тоқаевқа бәсекелес бола алтын жалғыз адам – Иманғали Тасмағамбетов. Оның мемлекеттік және дипломатиялық қызметтегі үлкен тәжірибесіне, Қазақстанда танымал әрі сыйлы екеніне, бастысы, қоғамның теріс қабақ танытпайтына ерекше тоқталыпты.
Десе де, сарапшы Кремльдің бұл сайлауға Тасмағамбетовті қолынан жетектеп келіп, «біздің үкілеген үміткеріміз – осы» деп додаға қосуы неғайбыл екенін жасырмаған.
«Бірақ оның (Тасмағамбетов – ред.) президенттік сайлауға қатысатыны, Кремльдің бұл сайлауға ықпал ететіні – өз алдына бөлек мәселе», – деп түйіндейді ресейлік сарапшы.
Рас, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі де әзірге сайлауға түсетін ниетін жария еткен жоқ. Назарбаев дәуірінің аяқ тұсында қызметінен кеткеннен бері, саясат сахнасына шыққан емес. Сақ жүрді. Саяқ жүрді. Десе де, солтүстік көрші елдің бизнес, саяси қайраткерлерімен қарым-қатынасы орнатып, ың-шыңсыз жан-жағын бүтіндегені құпия емес.
К.Мәсімов пен И.Тасмағамбетов. Фото: ғаламтордан
Александр Кобринский Тасмағамбетовті көкке көтеріп, Тоқаевты төмендеткенімен, қазіргі президенттің қайта сайлануына ешқандай қауіп жоқ екенін мойындайды. Өйткені, олигархтардың әулеттері, Ақорданың қарсыластары ортақ кандидат ұсына алмайды. Демек, Тоқаев шаппай бәйге алмақ.
Тасмағамбетовтің кімге болса да, адуынды қарсылас бола алатыны анық. Назарбаевтың командасынан шеттетілгеніне де осы ерекше харизмасы себеп болды. Тыныш жатса да, Президент әкімшілігін Тасмағамбетовтің тұлғасы әбігерге салары анық. Ал Кремль сақа етіп сайлап, ойынға салу ниетін жылт еткізсе, онда мұның жөні мүлде бөлек.
Мәселен, кейбір Ақордамен етене телеграм арналар «Ресейдің Тасмағамбетовті Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы өкілі ретінде көруді қалап отырғанын» меңзеп, сыбыс таратып отыр.
Ал Тасмағамбетов осыған дейін өзін қазақтілді, ұлтжанды әрі іскер азамат ретінде имидж қалыптастырды. Сондықтан оны ресейшіл саясаткер ретінде көзге елестету қиындау. Саясаттан да сырт қалды. Есімі ел жадынан көмескеленіп барады. Әрине, Кремль бәс тіксе, бәрі өзгеруі мүмкін.
Расымен де, Кремль Тоқаевтан көңілі қалып, Тасмағамбетовке иек артып отыр ма? Әлде, айтқанына көніп, айдауына жүрмеген Ақордаға қыр көрсеткені ме? Әйтеуір, соңғы кездері өзі көпшіліктің алдына шықпаса да, сайлау жақындаған сайын Тасмағамбетовтің есімі жиі ауызға ілігіп жүр.
Енді міне, ресейлік БАҚ-тар отқа май құя бастағандай.
https://nege.kz/