Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Маминде дым "жоқ", бауырлары бай

16:38, 15 желтоқсан 2023 266
2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткен Қазақстанның бұрынғы премьері Асқар МАМИН ақпарат айдынынан көрінбей тасада қалды. Қазір ол елеусіз қызмет атқарады екен. Қазақстанның географиясын, табиғатын және мәдениетін насихаттайтын Qazaq Geography атты қоғамдық ұйымды басқарады, – деп хабарлайды NEGE.kz «Выход к морю» телеграм каналына сілтеме жасап.  

Жұрт іздемесе де, оның есімі бірнеше мәрте даулы істерде қылаң беріп қалып жүр. Соның ішінде «Оператор РОП»-тағы (еліміздегі утилизация бизнесін монополияға айналдырған тұңғыш президенттің қызы Әлия Назарбаеваның компаниясы) және ауылшаруашылық техникасын утилизациялайтын зауыттағы ұрлықты тергеу де бар. Дейтұрғанмен, атышулы істерде жауапқа тартылған жоқ.

Қараша айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Асқар Маминнің активтерінің заңдылығын тексеруге ешқандай негіз жоқ» деп мәлімдеген-ді.



Расында да, Асқар Маминнің өзінде тексеретіндей артық дүниесі жоқ. Есесіне, оның бауырлары шетелдегі аса қымбат жылжымайтын мүліктер мен фирмалардың иесі болып шықты. Айталық, экс-премьердің бауыры Марат МАМИННІҢ Астанада «Еуразия» атты ірі сауда орталығы ғана бар. Ал шетелде ше?

2000-жылдардың басында Марат Мамин АҚШ-тың шығыс жағалауында Флоридаға қоныс аудармақ болады. Бірақ бұл қадамы сәтсіздікке ұшыраған. 2008 жылы, яғни бауыры Қазақстан темір жолын басқарып тұрған кезде, Марат Мамин Батысқа алғаш рет «жорық» жасауға ұмтылады. Флорида қаласында Alerma-Eurasia LLC и EuroAsia-Alerma, Inc атты екі фирма ашыпты. Бұл екі компания мұхиттың жағалауындағы ғажайып сарайда орналасқан. Екі қабатты осы ғимаратта алты жатын бөлме, алты жуыну бөлмесі, камин, бассейн және екі көлік тұрағы бар. Жалпы аумағы –  770 шаршы метр. Мамин оны 8,2 млн АҚШ долларына сатып алады.

Десе де, бұл ғимарат иесіне береке әкелмеді. Бастапқы бағасын 11 млн АҚШ доллары деп көрсеткенімен, небәрі 6,5 млн долларға сатып құтылған. 2009 жылы Марат Мамин мен оның жұбайы Гүлмира Флоридадан терезесі теңізге қараған екі пәтер сатып алған.  Екі пәтердің шағындауын олар 500 мың долларға сатқан. Ауданы – 278 шаршы метр,  үш жатын бөлмесі және үш жуыну бөлмесі бар, миллион долларға алған екінші пәтерін риелторлар қазір 2 млн долларға бағалап отыр.

Осы уақыт ішінде Марат Мамин тағы бір сарайға «тіркеледі». Ол үй анау-мынау емес, әлемге мәшһүр Disney World орналасқан Орланда қаласының шеткі аудандарында, Оливия атты шағын көлдің жағасында тұр. Жер телімі – 20 сотық, шағын кемеге арналған айлағы және бар. Үйдің ауданы – 550 шаршы метр екен. Алты жатын бөлмесі және ванна бөлмесі, қонақ бөлме және үлкен ашық бассейіні бар. Соңғы рет бұл үй 2004 жылы 1,3 млн долларға сатылыпты. Қазіргі бағасы 2,5 млн доллар шамасында.

Айта кететін жайт, Асқар Маминнің туыстары Шығыс Еуропада да бизнес жүргізуге ұмтылыпты. Бірақ Чехия мен Словакияда ашқан компанияларының тасы өрге домалай қоймаған.

«Өйткені, бұл елдердің жоғары лауазымды шенеуніктерінің арасында бірде-бір туыстары болмаған-ау», – деп кекетеді  телеграм арна.



Десе де, Мараттың баласы Ернар Ұлыбританияда бірнеше фирманың қожайыны екені белгілі болып отыр. Бірақ ол жерде көп тұрақтап, табысқа жете қоймаған. Ернар Маминнің Ұлыбританиядағы тұратын үйі де осал емес. Терезесінен Лондонның атақты Гайд Паркі көрінетін ғажайып таунхаус. Бір пәтері 8,5 млн фунт стерлинг, екіншісі 6 млн фунт стерлинг тұрады. Британиялық реестрде Маминдерді бұл жылжымайтын мүлікті жалға алғаны көрсетіліпті.

Ал енді экс-премьер Асқар Маминнің шетелде дүние-мүлкі мен есепшоты жоқ дегенге сенесіз бе? Індетіп зерттейтін-ақ тақырып екен. 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар